БілімБасты жаңалықтар

Жаңа оқу жылында 6 мектеп пайдалануға берілді

Ұлттық жоба

Жаңа білім ошағының бесеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Тағы бір мектепМұғалжар ауданы Көтібар батыр ауылында есігін айқара ашты. Дүйсенбі күні облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласындағыжаңадан ашылған екі мектепті және тағы да басқа әлеуметтік нысандарды аралап көрді.

Білім күні Ақтөбе облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 5 білім ошағы ел игілігіне берілді. Оның біреуі — Мәртөк ауданында Сарыжар елді мекеніндегі 300 орындық мектеп. Қалған төртеуі облыс орталығында, яғни Ақтөбе қаласындағыАлтын Орда тұрғын алабында 2 мың орындық, Бауырластар-3 және  Сазды елді мекендеріндегі 600 орындық, сондай-ақ «Саяжай-1» тұрғын алабындағы 300 орындық мектептер.

Аталған оқу ордаларының екеуіне бүгін облыс әкімі Асхат Шахаров барып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Өңір басшысы балаларға жайлы әрі заманауи орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Әуелі Алтын Орда шағын ауданындағы екі мың орындық №80 орта мектепке барды. Мұнда мектепке дейінгі және бастауыш сыныптағылар үшін арнайы кабинеттер жасақталған. Химия, физика, биология, информатика кабинеттері тиісті оқу құралдарымен жабдықталған. Балалардың жан-жақты дамуы үшін шеберханалар, музыка, хореография, алғашқы әскери дайындық кабинеттері, психологиялық және әлеуметтік-педагогикалық қызметтер, кәсіби бағдар және заң кабинеттері ашылды. Екі үлкен және екі шағын спортзал, 410 орындық асхана, 444 орындық акт залы жұмыс істейді. Сонымен қатар оқу ордасында 20 мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана мен оқу залы бар.

— Жаңадан ашылған мектебімізге 2040 оқушы қабылдадық. Оның 367-сі — мектеп табалдырығын алғаш аттағандар. Екі ауысымда оқиды.Мектебімізде конкурспен таңдап алынған 100-ден астам білікті педагог жұмыс істейді. Төрт қабатты мектепте оқушыларға барлық жағдай жасалған. Мектепалды даярлық тобына сұраныс жоғары, осы тұрғанда 9 сынып қабылдадық, әлі де қабылдап жатырмыз. Мектеп табалдырығын алғаш аттағандардың өзі 15 сыныпқа жетті, ал биылғы түлектер — 1 сынып,  — деді №80 жалпы білім беретін орта мектеп директоры Айсұлу Жақсыбаева.

Оқу кабинеттерінде бірінші сынып оқушылары алдында да ноутбук тұр, сабақта пайдаланып отыр.

Денешынықтыру пәнінің мұғалімімін. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдап, жұмысқа орналастым. Алғашқы жұмыс орнымның осындай жаңа әрі заман талабына сай мектепте басталғанына қуаныштымын. Президент қолдауымен өңірде бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді, — деді Әли Құлбарақ.

Ал Саяжай-1 тұрғын алабындағы 300 орындық №84 орта мектеп — тұрғындар көптен күткен нысан. Мұнда да педагогтер мен оқушыларға барлық жағдай жасалған. Шығармашылық және тәжірибелік тұрғыда дамуға ерекше көңіл бөлінген. Жаңа мектеп табалдырығын 503 оқушы аттап, олардың білім алуы мен тәрбиесі 40 білікті педагогке сеніп тапсырылды.

Өңір басшысы әр кабинетпен танысып, оқушылармен сөйлесті. Ата-ана да, оқушы да дән риза.

— Бұрын №8 мектепте оқыдым. Автобуспен қатынайтынмын. Қазір жаңа мектеп үйімнің жанында, бес минутта жаяу келемін. Жаңа мектебіміз жарық, әдемі, заманауи жабдықталған. Оқуға деген құштарлықты оятады, — деді №84 орта мектептің 10а сынып оқушысы Дилярам Иманғалиева.

— Жаңа мектеп, жаңа оқу жылы баршаңызға құтты болсын! Мемлекет басшысының тапсырмасымен, міне, осындай зәулім оқу ордасы салынды. «Келешек мектептері» деп аталады. Аралап, қарап шықтым. Жаңа оқу құралдары, ыңғайлы жабдықтар, заман талабына сай кабинеттер — бәрі де балалардың бәсекеге қабілетті болуы үшін жасалды. Бұл мектепті бітірген оқушы дайын маман болып шығатыны сөзсіз. Педагогтердің өзі іріктеуден өтіп, жұмысқа орналасты. Ата-аналар енді мектеп ұжымымен бірлесе жұмыс істеу керек, — деп атап өтті Асхат Шахаров.

Ал қала тұрғыны, қоғам белсендісіЕстай Жайлыбай бірнеше жыл бұрын осы тұрғын алапқа мектеп салуды сұрап, кейін «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында мектеп салынатындығы туралы хабарды естігенде, қуанғанын айтты. «Мектеп — тек білім алатын орын емес, ол рухани орталық болуы керек. Біз әрқашан халық болып қолдаймыз», — деді ол.

Өңір басшысы соңғы екі жылда 8040 орынға арналған 20 жаңа мектеп пайдалануға берілгенін, жыл соңына дейін тағы 20 мектептің құрылысы аяқталатынын айтты.

— «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста 14 мектептің құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар қолданыстағы мектептер де  жаңғыртылып  жатыр. Қазірдің өзінде 7 мектепте ауқымды реновация  жүргізілді. Жаңа оқу жылына 56 ауыл мектебі жаңғыртылды. Білімді ұрпақ — ел ертеңі. Жаңа оқу жылы барша ұстаздар үшін табысты, шәкірттер үшін жемісті болсын! — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

«Келешек мектептерін» көріп шыққан соң облыс әкімі жақында пайдалануға берілген Есет батыр тұрғын алабындағы №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Мұндағы бассейннің жұмысын көрді. Одан соң осы мектепке қарасты спорт кешеніне барды. Спорт мектебінің директоры Ольга Жәнібекованың айтуынша, қазіргі таңда жаттығатын балалар саны 400-ден асады. «Спортпен айналысуға ниетті балалар енді облыс орталығына бармай-ақ, осы жерде тегін жаттыға алады», — деді ол.

Одан соң облыс басшысы Есет батыр тұрғын алабында жақында ашылған «Univer» медициналық орталығының емханасының жұмысын көріп, Есет батыр тұрғын алабындағы 1-шағын ауданында салынып жатқан кітапханасы бар Мәдениет үйінің құрылыс барысын қарады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button