Қарсаңда

Футбол
«Ақтөбенің» биылғы кездесулері онша көңіл көншіте алмады. Әрине, көштің соңында келе жатқан жоқ. Дегенмен ілгері озып та кете алмады.
Рас, соңғы екі ойында алты ұпай жинап алды. Әйтсе де бұл ұпайлар алғашқы үштікке ілінуге негіз бола алмады. «Астана» мен «Қайратты» былай қойғанда, соңғы кездесулерде «Тобыл» да турнир кестесінде жоғарылаумен келеді. Осыларды қарап отырып, биылғы маусымды сүйікті командамыздың ешқандай медальсыз аяқтауы мүмкін екендігі туралы көңілсіз ойға батпасқа да болмай тұр. Бұның себебі не деген сауалға жүгінсек, сөз жоқ, бас бапкерлерге назар аудармасқа болмайды. Бұрынғы бас бапкерлер Игорь Леонов та, Вячеслав Левчук те тап-тамаша ойыншылардан тап-тамаша команда жасақтай алмады. Әйтпесе «Ақтөбенің» қазіргі құрамындағы жігіттер негізінен сен тұр, мен атайын деуге лайықтылар екенін өзіміз түгіл, басқалар да жақсы біледі. Әттең, осындай жігіттерді биіктерге жетелейтін бапкерге жарымай-ақ қойдық. Бірінші айналымда «Тобылдан» да, «Қайраттан» да, «Астанадан» да ұтылдық. Ол — ол ма, «Жетісудан», «Жеңістен», «Елімайдан» ұтылып қалғанымызды қалай түсіндіріп, қалай ақталмақпыз? Мұның бәрі бізге ойын тактикасын, стартегиясын терең меңгермеген бапкерлер бұйырмағандығының кесірі. Әйтпесе Бағдат Қайыров, Әлібек Қасым, Неманья Анджелкович, Богдан Вэтэжелу, Әділхан Таңжарықов тәрізді қорғаушылары, қарсыластар қақпасын торуылдаудан жалықпайтын Жайро Жан тәрізді немесе Амаду Думбия, Еркебұлан Сейдахмет сияқты жартылай қорғаушылары, Оралхан Өміртаев бастаған шабуылшылары бар команда үнемі жарқырап жүрмес пе? Маусым соңына қарай командамыз Артур Шушеначев, Даниель Соса, Никита Корзун, Георгий Жуков, Вячеслав Швырев секілді жаңа ойыншылармен толықты. Бірақ қолымызды мезгілінен кеш сермеген секілдіміз. Өйткені қай ойыншы да жаңа ұжымға қосылғасын үйренісу мектебінен өтуге тиіс. Ал маусымның соңғы жағы, қалай десеңіз де, бұрынғы ойыншылармен үйренісу үшін аса қолайлы мезгіл емес. Дегенмен болар іс болды. Енді мәре соңында тек ілгері жылжу үшін бар күшімізді жұмсауымыз қажет.
Ал ұзақ демалыстан кейінгі алғашқы қарсыласымыз «Қайрат» болғалы тұр. «Қайрат» еуропалық бірнеше командадан басым түсіп, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шықты. Енді атақтары талай жерге кеткен небір жүйріктермен сайысқа түспекші: өз алаңымызда қабылдайтындарымыз — «Реал» (Испания), «Брюгге» (Бельгия), «Олимпиакос» (Грекия), «Пафос» (Кипр), сырт алаңда бәсекеге түсетіндеріміз — «Интер» (Италия), «Арсенал» (Англия), «Спортинг» (Португалия), «Копенгаген» (Дания).
* * *
22-турдан соң командалар турнир кестесінде жинаған ұпайларына қарай төмендегіше орналасты:
- «Астана» — 46;
- «Қайрат» — 46;
- «Тобыл» — 44;
- «Ақтөбе» — 39;
- «Елімай» — 38;
- «Оқжетпес» — 32;
- «Жеңіс» — 31;
- «Ордабасы» — 28;
- «Қызылжар» — 21;
- «Жетісу» — 20;
- «Қайсар» — 19;
- «Ұлытау» — 17;
- «Тұран» — 15;
- «Атырау» — 12.
* * *
Біздің мергендеріміз:
Жан Жайро, шабуылшы — 7 гол;
Оралхан Өміртаев, шабуылшы — 4;
Артур Шушеначев, шабуылшы — 4;
Дархан Бердібек, жартылай қорғаушы — 2;
Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2;
Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 2;
Неманья Анджелкович, қорғаушы — 1;
Еркебұлан Сейдахмет, жартылай қорғаушы — 1;
Джордже Ивкович, шабуылшы — 1;
Бағдат Қайыров, қорғаушы — 1;
Әлібек Қасым, қорғаушы — 1;
Лев Скворцов, қорғаушы — 1;
Габи Кики, қорғаушы — 1;
Аян Байдәулетов, қорғаушы — 1,
Амаду Думбия, шабуылшы — 1,
Данияр Үсенов, жартылай қорғаушы — 1.
(Бір допты атыраулық Гильерме Мораиш өз қақпасына соғып алды).
* * *
Жерлестеріміз 21 кездесу өткізіп, 12 рет жеңді, 3 рет тең ойнады, 6 рет ұтылды. Ұпай саны — 39. Доп айырмашылығы — 32-19.
* * *
23-тур ойындары 13-14 қыркүйек күндері өтеді:
13 қыркүйек, сенбі
«Атырау» — «Тобыл»
«Қызылжар» — «Оқжетпес»
«Ордабасы» — «Жеңіс»
«Тұран» — «Ұлытау»
14 қыркүйек, жексенбі
«ҚАЙРАТ» — «АҚТӨБЕ»
«Жетісу» — «Қайсар»
«Астана» — «Елімай»
* * *
Қыркүйек айында 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу ойындары одан әрі жалғасады.
4 қыркүйекте Қазақстан ұлттық құрамасы өз алаңымызда Уэльс құрамасын қабылдайды. Ал 7 қыркүйекте жерлестеріміз Брюссель қаласында Бельгия құрамасымен күш сынасады.
Оқу-жаттығу жиыны 29 тамызда Астанада басталып кетті. Біздің құраманың сапына 25 футболшы енгізілді. Оның үшеуі — «Ақтөбе» командасының футболшылары. Толық тізім төмендегідей:
Қақпашылар: Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Темірлан Анарбеков («Қайрат»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»);
Қорғаушылар: Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Ян Вороговский («Астана»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Наурызбек Жагоров («Тобыл»), Еркін Тапалов («Қайрат»), Сергей Малый, Ұлар Жақсыбаев, Сұлтанбек Астанов («Ордабасы»);
Жартылай қорғаушылар: Ислам Чесноков («Тобыл»), Бактиер Зайнутдинов («Динамо» Мәскеу, Ресей), Рамазан Оразов, Алмас Төлебай, Ғалымжан Кенжебек («Елімай»), Дәурен Жұмат, Серікжан Мужиков («Оқжетпес»), Дінмұхамед Қараман («Жеңіс»), Бағдат Қайыров («Ақтөбе»), Дамир Касабулат («Қайрат»);
Шабуылшылар: Оралхан Өміртаев («Ақтөбе»), Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Дастан Сәтбаев («Қайрат»), Иван Свиридов («Елімай»).
Ертай АШЫҚБАЕВ.



