Жаңа оқу жылында 19 мыңнан астам ақтөбелік бүлдіршін 1-сыныпқа барды

1 қыркүйекте облыстағы 189 882 бала білім алатын 441 мектеп есігін қайта ашты. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Ақтөбе өңірінде 19 270 бала 1-сыныпқа барды.
Облыстағы білім беру ұйымдарының 2025–2026 жаңа оқу жылына дайындығы тұрақты бақылауда болды.
Атап айтқанда, білім беру ұйымдарының ғимараттарын жөндеу, материалдық-техникалық базасын нығайту, оқулықтармен қамтамасыз ету, педагог кадрлармен қамту және қауіпсіздік шараларын күшейту жұмыстары жүргізілді. Мектеп оқушыларын оқулықтармен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 680 млн теңге қаржы бөлінді. 4, 7, 8, 10, 11 сыныптардың оқулықтары жаңартылған мазмұнда басып шығарылды. Оқулықтарды уақытылы жеткізу үшін 13 баспамен келісімшарт жасалған. Оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамтылады.
Д.АЙДАР.







