Байтақ елдің Ата Заңы


Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара «Байтақ елдің Ата Заңы» деп аталды.
Ұлттың қасиетті мерекесі — Ата Заң күніне арналған кеш мемлекеттігіміздің символдары — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатпен әкелінуінен және Әнұранмен басталды.
Іс-шара өңір басшысы Асхат Шахаровтың құттықтауымен басталды:
— Конституция – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі, болашағымыздың айқын бағдары! 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата Заң еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, құқықтық мемлекет құрудың берік іргетасын қалады.
Конституциямыз еліміздегі саяси тұрақтылықтың, қоғамдық келісім мен азаматтық бірліктің негізгі кепілі. Ата Заңымыздың негізінде әділдік, ашықтық және заң үстемдігіне негізделген басқару жүйесі қалыптасты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу біздің негізгі мақсатымыз екенін атап өтті. Бұл тұрғыда «Заң және тәртіп» қағидатының бастауында да осы құжатымыз тұр.
Қазақстанның бүгінгі бағындырған биіктерінің басты тұғыры — бірлік пен береке. Соңғы 30 жылда Қазақстан халқының тұтастығының кепілі — Ата Заңымыз болып отыр, — деген облыс әкімі әр салада қызмет еткен еңбек ардагерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ел мемлекеттілігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік – экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалімен еңбек ардагерлері Серік Ботағарин, Естай Жайлыбай, Айтқали Италиев, Сәния Қалдығұлова және Сұлупан Шынтасовалар марапатталды.
Өңір басшысы Қазақстан Республикасының Конституциясы – әрбір отбасын қорғауға және қамқорлық жасауға кепілдік беретінін, біз отбасылық құндылықтарды, дәстүрлерді жалғай отырып, тұғыры биік, бірлігі бекем ел құра алатынымызды тілге тиек етті:
— «Отан – отбасынан басталады» демекші, осы мерейлі мереке қарсаңында өткізілген «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Ендеше жеңімпаздарды өңір тұрғындарының атынан құттықтаймын!
Ата Заңымыз асқақ, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміздің амандығын тілеймін! — деді.
Өңір басшысы аталған байқаудың жеңімпаздарын құттықтап, сый-сияпат ұсынды. Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңіне қала мен аудандардан 22 әулет қатысқан болатын. Нәтижесінде Ойыл ауданынан келген Төремұратовтар отбасы бас жүлдені жеңіп алды. Бұл әулет қыркүйек айында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде өңір намысын қорғайды.
Сонымен бірге, І орын – Рахметжановтар отбасы (Темір ауданы), ІІ орын – Жаманғариевтер отбасы (Ақтөбе қаласы) мен Ерпановтар отбасы (Байғанин ауданы), ІІІ орын – Тілемісовтер отбасы (Хромтау ауданы), Сиыршиндер отбасы (Шалқар ауданы) және Күзенбаевтар отбасы (Мәртөк ауданы) иеленді.
– Қазақстан Республикасының Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! «Мерейлі отбасы» байқауы Ата Заң күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Осы байқауда біздің әулет облыс бойынша бас жүлде иеленді. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен мәртебе әрі жаңа жетістіктерге жетуге ынталандыратын қуаныш.
Отбасы – шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өз заңы бар, сол сияқты әр отбасының да өзіндік құндылықтары мен тәртібі болады. Бүгінде біз Конституцияның қағидаттарына сүйене отырып, еңбек етіп жүргенімізді мақтан тұтамыз. Еліміздің дамуына үлес қосу – әрқайсымыздың борышымыз.
Біздің отбасымыз – алты балалы шағын отбасы. Ойылдың Саралжын ауылында тұрамыз. Өзім ауыл шаруашылығы саласында еңбек етемін, бақша ісімен айналысамын, жұбайым Жанат Қожантаева мұғалім. Бүгінгі марапат – біздің еңбегіміздің ақталғанының дәлелі, — дейді бас жүлде иеленген әулет отағасы Спартак Төремұратов.
Салтанатты іс-шара одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрерменге отбасылық дуэт Дулат пен Рита Айтжановтардың орындауындағы «Мерейлі отбасы» әні ұсынылды. Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» шығармасын «Достық сазы» фольклорлық ансамблі мен «Ер Төре» би тобы сахналады.
Бағдарламада халыққа кеңінен танымал «Елге сәлем», «Жаса, Қазақстан», «Бұл Ақтөбе», «Ата заң», «Атамекен» сияқты әндер орындалып, «Аққу» би ансамблі «Той думан» биін паш етті.
Мерекелік іс-шараның шарықтау шегінде Айбат Махашев, Мейірбек Тажигулов, Аманжол Өтемұратов, Ернар Дүйсеев сынды әншілер мен Қазақ камералық хорының орындауындағы «Атамекен» әнінің сүйемелдеуімен ҚР Мемлекеттік Туы дрон арқылы сахнаға шығарылды.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.














