Спорт

Футбол

Алғашқы тур: «Ақтөбенің» жеңісі. мәмілесіз есептер

Өткен сенбі күні, 10 наурызда жанкүйерлер соншама асыға күткен футбол маусымы — ХХІ чемпионат та басталды. Және қалай басталды десеңізші. Қақпаларға доптар бірінен соң бірі дөңгелене кіріп кетіп жатты. Жасыл алаңдағы осындай жан алып, жан беріскен арпалыстардың нәтижелерін ретімен баяндалық.

Әрине, әуелі өз командамыз туралы әңгімелейік.

Жерлестеріміздің Қызылордадан олжасыз оралмайтынына біз де сенгенбіз, басқа жұрт та күдік айта қоймаған. Солай болды да.

Әрине, өз қаласының жанкүйерлері қолдаған «Қайсар» бұл кездесуде тым азусыз болды деуге де келмес. Олар тым-тәуір-ақ ойнады. Тіпті біздің Андрей Сидельников қорыған қақпаға бірнеше рет қауіп те төндірді. Дегенмен олардың бұл аптығын 40-минутта гол соққан Лукаш Байер баса қойды. Ал екінші таймда, 53-минутта бұрыштама доп соққан Марат Хайруллиннен сәтті пас алған Арунас Климавичюс екінші голдың иесі атанды. Сөйтіп «Қайсар» ақтөбелік қонақтарға 0:2 есебімен жол берді.

Жалпы ақтөбеліктермен кездесуде «Қайсардың» есесі кетіп-ақ жүр. Егер бұл екі команда қазірге дейін 27 кездесу өткізген болса, ақтөбеліктер 14 рет жеңіп, қызылордалықтар 4 рет-ақ ұтқан екен. 9 кездесу тең аяқталыпты.

Байқап отырғандарыңыздай, алғашқы кездесудегі екі голдың да авторлары командамыздың жаңа мүшелері. Енді осыларды таныстырып өтелік.

Лукаш Байер.

1984 жылы 15 желтоқсанда Чехословакияда дүниеге келген. Бойы — 175 сантиметр, салмағы — 69 килограмм.

Өз елінің «Атлетик Слован», «Зноймо», «Ханака Славия», «Доста», «Сигма» командаларында, сондай-ақ Голландияның «Хераклес Альмело» клубында ойнаған. Жартылай қорғаушылық міндетін шебер атқаратын ол бізге «Сигма» командасынан ауысып келді.

Арунас Климавичюс.

1982 жылы 5 қазанда Литвада дүниеге келген. Бойы — 187 сантиметр, салмағы — 84 килограмм.

Литваның «Экранас», Ресейдің «Динамо» (Мәскеу), «Урал», «Сибирь» командаларының намысын қорғаған. Өткен жылы Талдықорғанның «Жетісу» командасында ойнап, 27 кездесуде қарсыластар қақпасына 6 доп енгізді. Бұл қорғаушының сондай-ақ Литваның ұлттық құрамасы сапында 3 гол соққаны және бар.

Қалай болғанда да, біздің бапкерлеріміздің биылғы таңдаулары әзір үміт отын жағып тұр. Оның үстіне бұлардың екеуі де еуропалық турнирлерде де тәжірибе жинап үлгерген футболшылар екенін және ұмытпайық.

Қызылордада жасыл алаңға «Ақтөбе» төмендегідей құраммен шықты: Андрей Сидельников, Самат Смақов (капитан), Петр Бадло, Сергей Лисенков, Юрий Логвиненко, Арунас Климавичюс, Виталий Евстигнеев (Зоран Костич — 90), Владимир Вукайлович (Аслан Дарабаев — 88), Лукаш Байер, Марат Хайруллин, Дарко Малетич (Исламбек Қуат — 90+2).

Енді 1-турдың қалған кездесулерінің көрсеткіштеріне үңілейік.

Чемпионаттың ең алғашқы кездесуінде ең алғашқы ірі есеп ашылды. Жасыл алаңға барлық клубтардан ерте шыққан Оралдың «Ақжайығы» сырт алаңда Көкшетаудың «Оқжетпесін» 3:0 есебімен ұтты.

Бұдан бір сағаттан соң басталған екінші кездесуде оралдықтарды қостанайлықтар қолдап әкетті. Өз алаңында еркін ойнақ салған «Тобыл» Алматының «Қайратын» бұдан да ірі есеппен жеңді: 4:0.

Дәл осы ойынмен қатар аяқталған кездесуде де жеңіс иелері өз қақпаларын аман сақтап қала алды. Павлодарда «Ертіс» қарағандылық «Шахтерді» ұтты: 1:0.

Төртінші болып алаңға шыққан қос команда да тең ойынды мақұл көрмегені анық болды. Чемпионатқа биыл қосылған Қаскелеңнің «Сұңқары» өз жерлестерін, премьер-лигадағы азулылардың бірін, талдықорғандық «Жетісуды» қабылдаған болатын. Әуелі он бір метрлік айып допты соға алмай қапаланып қалған «Сұңқар» екінші таймда ес жиып, 51-минутта күрт көкке шырқай көтеріліп, Ильяс Әмірсейітов есеп ашты: 1:0. Осы есеп ойын соңына дейін сақталды да, өткен жылғы күміс жүлдегер биылғы талапкерге басын иді.

Алғашқы турда атыраулықтар сақалды қолдан берді. Олар бірінші таймның қорытындысы бойынша Шымкенттің «Ордабасын» екі доп басымдылығымен жеңіп жатқан болатын. Ал кездесудің екінші кезеңінде «Ордабасы» кенет атқа мінді де қарсыластарының қақпасына үш допты қатарынан тоғытып жіберді. Сөйтіп 51, 71, 87-минуттарда соғылған голдардан соң таразы басы аунап түсті. «Атырау» — «Ордабасы» кездесуінің нәтижесі: 2:3.

«Астана» қонақтардан «таяқ жеп», өз жанкүйерлерін ренжітіп алды. «Тараз» бірден шабуылға көшті және сол қалыптан таймады. Сол бірбеткейліктің арқасында 64, 90-минуттарда астаналықтарды екі рет қапы қалдырып, ауылдарына үш ұпай арқалап оралды: 2:0.

Сонымен алғашқы турдың ерекшеліктері қандай?

Біріншіден, бұл турда бірде-бір тең ойын болған жоқ.

Екіншіден, алты бірдей кездесуде гол бір қақпаға ғана соғылды: 4:0, 3:0, 2:0, 2:0, 1:0, 1:0.

Үшіншіден, екі рет ірі есеп нәтижесі тіркелді — 4:0, 3:0.

Төртіншіден, кездесулерде қонақтар басымдық танытты. 4 кездесуде қонақтар жеңсе, 3 ойында алаң иелері ұтты.

Бесіншіден, жеті команда үш ұпайдан жинап алға шықса, дәл сондай жеті команда еш ұпайсыз екінші топта тұр.

Алтыншыдан, барлық кездесулерде де, бір реттен болса да, гол соғылды.

«Ақтөбе» келесі кездесуін тағы да сырт алаңда өткізеді. Қарағандының «Шахтерімен» болатын бұл кездесу 18 наурыз, жексенбі күні өтеді.

Ал «Шахтер» тап қазір «Ақтөбе» үшін онша қолайлы команда емес. Өткен жылғы ХХ чемпионатта бұларға тіпті тісіміз батпай қойған. Төрт кездесуде «Ақтөбе» үш рет жеңіліп (0:1, 0:1. 1:2), тек соңғы бәсекеде ғана өз алаңымызда 1:1 есебімен тең түскен.

Бұл күні сондай-ақ мына командалар кездеседі:

«Жетісу» — «Қайсар»;

«Тараз» — «Сұңқар»;

«Ордабасы» — «Астана»;

«Ақжайық» — «Атырау»;

«Қайрат» — «Оқжетпес»;

«Ертіс» — «Тобыл».

 

«Ақтөбенің» құрамы

Жексенбі күні электрондық ақпарат құралдары биыл «Ақтөбе» командасының қандай құрамда ойнайтыны туралы мәліметті жария етті.

 

Қақпашылар:

№34. Жасұр Нарзиқұлов. 1984 жылы туған. «Қайсар» командасынан келді.

№35. Станислав Павлов. 1994 жылы туған. «Восток» командасынан келді.

№55. Андрей Сидельников. 1980 жылы туған.

 

Қорғаушылар:

№4. Дмитрий Евстигнеев. 1986 жылы туған. «Тараз» командасынан келді.

№5. Петр Бадло. 1976 жылы туған.

№8. Самат Смақов. 1978 жылы туған.

№12. Юрий Мокроусов. 1989 жылы туған.

№23. Юрий Логвиненко. 1988 жылы туған.

№28. Арунас Климавичюс. 1982 жылы Литвада туған. «Жетісу» командасынан келді.

№77. Дмитрий Мирошниченко. 1992 жылы туған.

 

Жартылай қорғаушылар:

№7. Зоран Костич. 1982 жылы Сербияда туған.

№9. Лукаш Байер. 1984 жылы Чехияда туған. Чехияның «Сигма» командасынан келді.

№10. Марат Хайруллин. 1984 жылы туған.

№11. Владимир Вукайлович. 1983 жылы Сербияда туған. Грекияның «Диагорас» командасынан келді.

№14. Аслан Дарабаев. 1989 жылы туған.

№33. Дарко Малетич. 1980 жылы Босния мен Герцеговинада туған.

№70. Исламбек Қуат. 1993 жылы туған. «Астана» командасынан келді.

№88. Виталий Евстигнеев. 1985 жылы туған. «Ордабасы» командасынан келді.

 

Шабуылшылар:

№18. Брана Илич. 1985 жылы Сербияда туған. Сербияның «Войводина» командасынан келді.

№19. Мұрат Тілешев. 1980 жылы туған. «Ертіс» командасынан келді.

№21. Георги Даскалов. 1981 жылы Болгарияда туған. «Ертіс» командасынан келді.

№22. Сергей Лисенков. 1991 жылы туған.

 

Рейтинг

 

142-орынға табан тіредік

 

ФИФА өткен аптада ұлттық құрамалардың кезекті рейтингін жария етті.

Біздің Қазақстан футбол құрамасы ақпан айына қарағанда төрт саты төмен сырғып, 142-орынға табан тіреді.

Ал рейтингтегі алғашқы ондық былай түзіліп тұр:

1. Испания.

2. Нидерланды.

3. Германия.

4. Уругвай.

5. Бразилия.

6. Англия.

7. Португалия.

8. Аргентина.

9. Италия.

10. Хорватия.

Ал біздің ұлттық құрамамыздың 2014 жылы өтетін Әлем чемпионатының іріктеу турнирінде бақ сынасатын қарсыластары қай маңайда жүр?

Германия 3-орында тұрғанын көріп отырмыз.

Швеция — 17-орын.

Ирландия — 19-орын.

Австрия — 71-орын.

Фарер аралдары — 116-орын.

Жанкүйерлер осы орындарға қарап та біраз ой түйетін шығар.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button