Басты жаңалықтарЖұмысшы мамандықтары жылы

Газ саласының мамандары сынға түсті

Үздік  маман

Ақтөбеде Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен алғаш рет республикалық «Үздік маман — 2025» кәсіби шеберлік байқауы өтті. Екі күнге созылған ауқымды шараға компанияның 14 облыстағы филиалынан үздік деп танылған мамандар қатысты.
Салтанатты шарада облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйлеп, газ саласының мамандарына алғысын білдірді.

— Елдің дамуы мен халықтың тұрмысы — қарапайым еңбек адамдарының маңдай терімен, күнделікті қажырлы еңбегімен тікелей байланысты. Газ инфрақұрылымын дамыту — тек үй ішіне жылу сыйлап қана қоймай, тұтас өңірдің өркендеуіне серпін беретін маңызды қадам. Биыл облыста 18 жоба іске асырылып, 25 ауыл газға қосылмақ. Бұл жұмыстарға QazaqGaz Aimaq компаниясы белсене араласты.

Бүгінгі байқау газ саласының үздік қызметкерлерін анықтап, тәжірибе бөлісуге, өзара ынтымақтастық пен кәсібилікті нығайтуға жол ашары сөзсіз,  — деді өңір басшысы.

Аталған компания еліміздің 14 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласында 12,7 миллионнан астам тұрғынды және 64 мың кәсіпорынды табиғи газбен қамтамасыз етіп келеді. Бүгінгі таңда мыңдаған елді мекен көгілдір отынмен қамтылып, газ құбырларының жалпы ұзындығы 73 000 шақырымнан асты.

Шарада сөз алған «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов байқаудың ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

— Газ саласының еліміздің индустрия­лық-инновациялық дамуына және ұлттық экономикаға қосар үлесі зор. Сондық­тан оның кадрлық әлеуетін дамыту аса маңызды деп білеміз. Осындай ауқымды шараның ұйымдастырылуы соның жарқын дәлелі болмақ. Жұмысшы мамандықтары жылына орай компания көптеген шараларды қолға алды. Жаңа вахталық қалашықтар салынып, өндіріс орындары жаңартылып жатыр. Мемлекет басшысының қолдауымен газ тасымалдау және өңдеу саласында көптеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Мұның барлығын әрі қарай жетілдіруде жұмысшы мамандардың үлесі зор.

Бүгінгі байқаудың Ақтөбе жерінде өтуі де кездейсоқтық емес. Облыстың экономикалық дамуының нәтижесінде, тұтыну көлемі де артып отыр. Бұл әрине, қуантарлық жағдай, — деді өз сөзінде Санжар Жаркешов.

Сондай-ақ шараның ашылу салтанатында газ саланың ардагерлері де сөз сөйлеп, қатысушыларға жылы лебіз білдірді. Соның бірі — 26 жыл осы салада еңбек еткен ардагер, облыстық мәслихаттың депутаты Боран Ізбасов.

— 1981 жылы оқу бітірген соң, Темір аудандық газбен қамтамасыз ету мекемесінде инженер ретінде еңбек жолым басталды. Ол кезде тұрғындар газ баллондарын пайдаланатын. 1993 жылдан бастап Темір ауданына алғаш газ келе бастады. Бүгінде республикамызда газбен қамтамсыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыс халқының 95.7 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Газ өндіру көлемі артып, газ құбырларының желісі де кеңейіп келеді.

Қыркүйек айының бірінші жексенбісі — экономиканың дамуына өз үлесін қосып келе жатқан мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы орайда барша жұмысшыларды айтулы мерекемен құттықтаймын! — деді ол.

Қатысушылар байқаудың алғашқы күні арнайы кәсіби сынақтардан өтіп, практикалық тапсырмаларды орындады. Кейіннен тест сұрақтарына жауап берді.

Қатысушылардың бірі Асқар Буженов:

— Қостанай облысының Әулиекөл ауданынан келдім. Мамандығым — электр газбен дәнекерлеуші. Мұндай шаралар бізді ынталандырып, жұмысқа деген қабілетімізді арттырады. Өзге өңір­лерден келген әріптестерімізден білмегенімізді үйреніп, тәжірибе алмасып, одан сайын білімімізді арттырдық, — дейді.

Компания тарихында тұңғыш рет өткізілген кәсіби байқау нәтижесінде жүлдегерлер 5 аталым бойынша марапатталды.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button