БілімБасты жаңалықтар

Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?

Жаңа оқу жылының басталуына  аз қалды. Осы тамыз айы — мектепке дайындықтың қарбалас кезеңі.

Ата-аналардың бірі мектеп табалдырығын енді аттайтын баласын жаз бойы дайындық курстарына апарып әлек, тағы бірі су жаңа киімдер сатып алып, оқу құралдарын түгендеп жүр. Өңір мектептері бала қабылдауға дайын ба? Биыл Ақтөбе облысында қанша бала мектепке барады? Мектеп формасы мен оқу құралдарының бағасы қандай? Бір баланы жаңа оқу жылына сақадай сай қылу үшін қанша теңге жұмсалады? Осы сұрақтар төңірегінде ізденіп, әуелі облыстық білім басқармасына хабарласып, сосын мектеп жәрмеңкелерін аралап қайттық.

Алты жасар бала мектепке барады

Осы2025-2026 оқу жылында өңірдегі жалпы орта білім беру ұйымдарында 189 878 оқушыбілім алады. Оның 19 мыңнан астамы — мектеп табалдырығын енді аттайтындар.

Облыстық білім басқармасының бас маманы Қанат Иманғалиевтің айтуынша, бұл көрсеткіш өткен оқу жылымен салыстырғанда 4059 балаға артқан. Айтпақшы, оқушылардың 75,8 пайызы — қазақ тілінде, 24,2 пайызы орыс тілінде білім алады.

— Жаңа оқу жылындамектеп табалдырығын алғаш рет аттайтын балақайлардың саны — 19 270. Оның 15 159-ы — қазақ, 4 111-і орыссыныптарына бармақ. Қазіргі уақытта 16 218 (84,2 пайыз)  баланың құжаты қабылданды. Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №564 бұйрығына сәйкес 1-сыныпқа даярлық деңгейіне қарамастан, білім беру ұйымының қызмет көрсету аумағында тұратын барлық 6 жасқа толған және осы жылы 6 жасқа толатын балалар қабылданады, — дейді Қанат Иманғалиев.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі 405 мемлекеттік мектептің 329-ында мектепалды даярлық сыныптары жұмыс істейді. Соның ішінде Ақтөбе қаласындағы 87 мектептің 58-інде мектепалды даярлық сыныптары бар.

Форма — әртүрлі, талап — бірдей

Алдағы оқужылындаоқушы киіміне қатысты ешқандай өзгеріс жоқ. 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрыққасәйкес бірыңғаймектепформасыталаптарысақталады. Оқушы киімінің түсі бірыңғай  әрі үлгісіклассикалық болуы шарт. Осы талапты ұстанғанымен, әр мектептің киімінің түртүсі әртүрлі.

Сынып жетекшілері арнайы әлеуметтік желідегі чаттарға оқушылар белгіленген мектеп формасын сақтауға, ал ата-аналар және өзге заңды өкілдер білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға міндетті екенін жазып, еске салып жатыр. Мектеп формасына қатысты толық ақпарат әр мектептің фойесінде ілінген немесе әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы жазбада көрсетілген.

Оқушы ұлдың киімі — пиджак, жилет, шалбар, күнделікті жейдеден, ал оқушы қыздың формасы пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейдеден тұрады. Ұлдардың мерекелік киіміне күнделікті формаға қосымша ақ жейде, қыздар үшін ақ түсті блузка қосылады. Айтпақшы, ұлдардың да, қыздардың да шалбары еркін тігілген, ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы қажет. Мектеп формасына білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін жапсыруға немесе тігіп қоюға рұқсат етіледі. Бірақ түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.

Спорт киіміне келетін болсақ, ең әуелі ыңғайлы, қонымды болуы шарт. Алайда кейбір мектепте бірыңғай спорт формасын енгізу тәжірибесі бар. Оқушы денешынықтыру сабағына спорттық киім мен кроссовка немесе кеды киіп баруға тиіс.

Тігіншілер үлесі

Қазір ата-аналар мен балалар базарларды аралап, сауда үйлерін жағалап, мектеп формасын, сөмкелер мен оқу құралдарын іздестіріп жүр. Бұл кезеңде әр ата-ана баласын жаңа оқу жылына қажетті барлық затын алып беріп, барынша қамтамасыз етуге тырысады. Біз де бағабілумақсатындабазарлар мен сауда орындарын аралап, сатушылармен және ата-аналармен сөйлестік.

Әуелі Ақтөбедегі «Dalida Center» сауда үйіне бардық. Мұнда 1 тамыздан бері мектеп жәрмеңкесі өтіп жатыр. Көпшілік жәрмеңкеден хабарсыз ба, біз барғанда кісі қарасы аз көрінді. Бұл жолы жәрмеңкеге ақтөбелік тігіншілер өз үлестерін қосыпты.

— Мектеп формасын тіккеніме биыл 20 жылға жуықтады. 2017 жылы құрылған облыстық тігіншілер мен дизайнерлер қауымдастығының мүшесімін.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен соңғы үш жылдан бері мектеп жәрмеңкесі өтеді. Биыл«Dalida Center» сауда орталығы бізге тегін, жайлы, жарық және кондиционері бар орын беріп отыр, бұл —  үлкен қолдау. Жәрмеңкеге қуана келеміз. Өкініштісі, тауар өндірушілер жылдан жылға азайып барады. Бұрын 20-30 кәсіпкер қатысатын, биыл 10-15 адам ғана қалдық. Негізгі қиындық — бәсекелестік пен материал тапшылығы. Біз доллар бағамына, шетелден әкелінетін мата мен фурнитураға тәуелдіміз. Өйткені елімізде мата өндірісі жолға қойылмаған. Оның үстіне жұмысшылардың жалақысы, коммуналдық төлемдер — барлығы өзіндік құнға әсер етеді. Ал Қытай мен Қырғызстаннан арзан әрідайын киім келіп жатыр. Соның салдарынан көптеген әріптес кәсібін тоқтатуға мәжбүр.Біз «Могиканның соңғы тұяғы» секілді шыдап келеміз. Тұрақты клиенттеріміз бар. Жеңілдіктер де бар, қыста тіккен жилет бағасы 2 мың теңгеден, биыл тіккен жилеттердің бағасы —6 теңгеден басталады. Киімдеріміз 28-56 өлшем аралығында, яғни балабақшаға баратын баладан бастап  денесі ірі оқушыларға дейін кие алады. Айтпақшы,бізде сырт көзге юбка, ал қозғалғанда шортыға айналатын юбка-шорты да бар.  Бұл әсіресе бастауыш сынып оқушыларына өте ыңғайлы. Қыздарға арналған кең шалбар — килоттар базарда 8 мың теңгеден сатылса, біз 6 мың теңгеден ұсынып отырмыз.

Қазіргі таңда «Арай-3» сауда үйінде жұмыс істейміз. Шамамен он шақтытігіншім бар. Колледждермен де тығызжұмысжүргіземіз. Шәкірттергеүйретіп, мамантәрбиелеугеатсалысудамыз, — дейді тігінші әрі кәсіпкер Күләш Орынбайқызы.

Ата-аналар не дейді?

 «Оқушы» дүкенінде Ақтөбе қаласының тұрғыны Жазира Серікова сөмке таңдап тұр екен. Әңгімеге тарттық.

— Екі баламыз бар. Ұлымыз — үште. ҚызымызКәусар биыл мектепке барады. №30 мектепке құжатын тапсырып қойдық. Әуелі мектепке баратынын түсінсін деген мақсатта жеке оқу орталығында бір жарым ай дайындадық. Ал мектеп формасын қаламыздағы «Шалунишки» дүкенінен сатып алдық. Сапасы тәуір, ресейлік өнім екен, ұнады. Ақ блузкасы — 8,5 мың теңге, юбкасы — 11 мың теңге, жилеті — 14 мың теңге.

Достарымыздың арасында  мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған балаларға ақ жол тілеп, оқу құралын сыйлайтын дәстүр бар. Биыл үш бала мектепке барады екен, соның  біреуі — біздің Кәусар. Достарымыз жиналып, Кәусарға оқу құралдарын тарту етті. Енді бізге тек оқушы сөмкесі керек, оны әлі іздеп жүрміз. Жеңіл әрі арқасы  ортопедиялық сөмке болғанын қалаймын. Бір балаға қанша күн сабылып дүкен-базар аралап жүрміз, көпбалалы ата-аналардың шықпаған жаны.

Қандыағаш қаласының тұрғыныБотагөз Жалмағамбетова облыс орталығына балаларын киіндіру үшін арнайы келіпті:

— Бес баламыздың төртеуіне оқушы киімі мен оқу құралдары керек. Төрт оқушының біреуі биыл мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Балаларды киіндіру үшін Ақтөбеге арнайы келдік. Ұлдардың ақ көйлегі 4-8 мың теңге аралығында екен. 7-8 сыныпта оқитын қыздардың ақ блузкасы 8 мың теңгеден басталады. Жасына байланысты ұлдардың қою көк шалбары  — 11-15 мың теңге, жилеті — 8-14 мың теңге. Бәріне туфли, кроссовка, спорт киімдері керек. Сапалы болғанын қалаймыз, сол үшін облыс орталығына келдік. Есептесек, біраз ақша кеткелі тұр. Баға қаладан гөрі ауылда арзан ба деп қалдым (күлді – ред.). Бір күнде бәрін алып үлгермейміз, ертең де базарға шығамыз-ау осы.

Баласы 1-сыныпқа баратын ата-аналардың бірі — Ақтөбе қаласының тұрғыныАружан Пана:

— «Sulylik atelier» ательесінің тігіншісімін. Биыл ұлымыз бірінші сыныпқа барады. Мектеп формасын өзім тігіп бердім. Ательеміз 12-шағын ауданда орналасқандықтан біраз жылдан бері осы жердегі екі мектептен тапсырыс қабылдаймыз. Көбіне мектеп формасын тігеміз. Матасы — бізден. Тек өлшемін аламыз. Шалбар, жилет және галстук, қыздарға юбка, жилет және галстук — 20500 теңге. Жұртқа осы бағаға сатып жатырмыз. Енді ұлымызға оқушы сөмкесі мен оқу құралдарын алуымыз керек.

Біздің анықтама

Оқушы сөмкесінің бағасы 4,5 теңгеден басталады.

Мұқабасы қатты күнделік — 450 теңге, мұқабасы жұқасы — 250 теңге.

Дәптер — 25 теңге, дәптер қаптың 25 данасы — 350 теңге.

Сызғыш 30 теңгеден басталса, карындаш пен желім үлкен-кішісіне қарай — 180-250-320 теңге тұрады. 18 дана түрлі түсті қарандаш — 800-1200 теңге.

 

P.S. Біздің есеп бойынша, бір баланы мектепке сақадай сай қылу үшін шамамен 70-100 мың теңге жұмсалады екен. Санап көрейік: 1-сынып оқушысына арналған мектеп формасы (бір шалбар немесе бір юбка, бір жилет, галстук) — 25 мың теңге, оған 4-6 мың теңгенің 2 ақ жейдесін қосайық. Туфли және екінші аяқкиімнің әрқайсысы 10-15 мың теңге.

Оған спорт киімін қосайық: қара трико — 8-10 мың теңге, ақ футболка — 3-6 мың теңге, ақ кроссовка — 10-15 мың теңге. Қыз бала болса, ақ колготкиі (2-3 мың теңге) мен шашқа тағатын ақ бантигі (2 данасы — мың теңге) тағы бар.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button