Басты жаңалықтар

Әкеге қарап өскен қыз

… Айгүл Целиноград қаласында дүниеге келген. Яғни, туған жері — қазіргі Астана. Ол кезде ата-анасы студент екен. Анасы Айнагүлдің мықтылығын қараңыз — жоғары оқу орнында оқып жүріп-ақ үш сәбиге өмір сыйлапты. Студенттер отбасындағы алғашқы сәбидің бағым-күтімін өз ата-әжесі мойынға алса, екінші сәби — Айгүл нағашы ата-әжесінің қолында өсті.

Сарыарқа төсінде нағашы атасының еркесі, ал әжесінің көмекшісі болып өскен қыз қазір облысымыздағы санаулы ғана басшы ханымдардың бірі — Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева.

8 наурыз мерекесі қарсаңында біз оны әңгімеге тартқан едік. Сөзіміз балалық шақ естеліктерінен басталды.

— Сәбилік шағым Целиноградтың түбінде орналасқан Майбалық ауылында өтті, — дейді Айгүл. — Қазір оның орны Астана маңындағы қорық аумағында қалды. Бұл ауылда немістер де қазақша сөйлейтін. Менің Үсен атам мен Сұлужан әжем өте балажан адамдар еді. Баланы жасқауды, ұрсуды білмейтін. Бала болған соң, кейде артықтау да кетіп жатасың. Сондайда атам мен әжемнің маңдайымнан сипап қойып, жылы сөз, мейірімді үнмен ненің жақсы, ненің жаман екенін жалықпай түсіндіріп отыратын бейнелері әлі де көз алдымда. Тоғыз жасқа дейін сол кісілердің қолында болдым. Атам мені қасынан тастамауға тырысатын. Атқа да мінгізді, балық аулауға да апарды. Екеуміз дойбы ойнайтынбыз. Кейде асық ойнауды үйретуші еді. Ал үнемі үй шаруасында жүретін әжем мені өзінің көмекшісі етіп тәрбиеледі. Және олар маған: «Сенің елің — Ақтөбе» — деп, өз ата-әжемді, әке-шешем мен бауырларымды ұмыттырмау үшін, соларды жиі айтып, есіме салатын. Атам мен әжем бетімнен қақпай, аялап, әлпештеп отырса да, туған әке-шешемді, бауырларымды қатты сағынушы едім. Атам мал ұстайтын. Қораның төбесіне шықсаң, әуежайға қатынайтын жол көрініп тұрады. Жазда ата-анам бауырларымды алып, міндетті түрде Майбалыққа келуші еді. Соны білетін мен жаз шықса, қораның төбесінде отырып, жолдан көз алмайтынмын. Ақыры артынып-тартынып ақтөбеліктер де жетеді. Әсіресе, әкем мені қатты қамқорлайтын. Қазақта «қолы алтын» деген сөз бар ғой. Әкем сол сөзге лайық, қолынан бәрі келетін жан еді. Мен үшін үлкен әткеншек жасап, Майбалықтың бүкіл баласы сол әткеншекті  төңіректеп жүретін көңілді күндерді қазір сағынышпен еске аламын. Атам мен әжем дүниеден өткеннен кейін ғана әке-шешем мен бауырларымның ортасына — Алға қаласына келдім.

— Әр бала бір тұлғаны өзіне үлгі тұтып өседі. Сіз кімге ұқсауды мақсат еттіңіз?

— Мен әкемді үлгі тұттым. Ол кісі Мәскеуден жоғары білім алған заңгер еді. Отбасына, бала тәрбиесіне барынша жауапкершілікпен қарайтын, ұрпақ деген ұғымды бәрінен жоғары қоятын бір жандар болады ғой. Әкем Аманғазы сондай жандардың қатарынан еді. Бала десе ішкен асын жерге қоятын. Отбасында бес бала болдық. Әкем жұмыстан келгенде бесеуіміз жан-жақтан мойнына асылатынбыз. Ол бізді өнерге, табиғатқа жақын өсіруге тырысты. Өзі де өте өнерлі, шебер адам болғанын жоғарыда айттым: ағаштан, темірден түрлі мүсіндер жасағанды ұнататын, суретке түсірумен де шұғылданды. Әсіресе, табиғатты сүйетін. Жексенбі күндері бізді үйде отырғызбайтын. Табиғат аясына, не болмаса  саябаққа, киноға алып шығатын. Бізбен бірге ойнайтын. Әсіресе, танымдық ойындарға көбірек көңіл бөлетін. Үйде үлке-ен әлем картасы болды. Кең бөлмеге жайып салып, «ал ана қаланы не мына елді іздеңдер» — дегенде, біз анталай жөнелетінбіз. Әкемізбен бірге өткізген сәттер біз үшін өте қызық сәттер болатын.  Әкем отбасында ғана емес, өмірде де, қызметте де адал болды, адамгершілік ұстанымдарын бәрінен жоғары қойды. Ол көмектескен жандар бізге әлі де ризашылықтарын айтып жатады.

— Ал таңдаған мамандығыңызға қарағанда, сіз анаңызға ұқсауға тырысқан секілдісіз?…

— Қазақ әйелі үшін ең қымбат құндылық — отбасы, ұрпақ тәрбиесі ғой. Анам да — сол ұстаныммен өмір сүрген жан. Мен анамды ерекше құрметтеймін. Ол кісі білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Менің одан үйренгенім көп. Ал, негізі, осы мамандыққа мен бала кезімнен бейім өстім. Біздің мектебіміз аралас мектеп болатын. Мен қазақ класында оқыдым. Мектеп өміріне белсенді араластым. Пионер ұйымы қатарында жүргенімде, дружина кеңесіне басшылық еттім; ал жоғары класта оқушылар комитетін басқардым. Сонда кейбір тәртібі нашар, сабағын дұрыс оқымайтын балалардың мәселесін ешқандай ата-анасын шақыртпай, мұғалімдерді де мазаламай, өз арамызда-ақ шешіп жататынбыз. Мұғалімдер де маған: «Сен балалармен тіл табыса білесің» — деп сеніммен қарайтын. Тіпті өзімнен үлкен кластарға да сабақ өткізуге жұмсайтын еді.

— Әрине, мұғалімге көп қасиет керек. Сіздіңше, ең бастысы?..

— Ең бастысы — баланы жақсы көру.

— Сіз білім беру саласында еңбек еттіңіз. Сондықтан тәрбие мәселесі төңірегіндегі ойларыңызбен бөліссеңіз… Соңғы жылдары біз, әсіресе, қыз бала тәрбиесін ақсатып алған секілдіміз. БАҚ арқылы таралған қыз баланың мұғалімді ұруға ағаларын жұмсағаны немесе «мені ұрдың» деп анасын сотқа бермекші болғаны туралы хабарлар жан түршіктіреді?

— Меніңше, бұл — Батыс ықпалының ащы жемісі. Балалар теледидар, БАҚ арқылы жат тәрбие ықпалында өсіп жатыр. Қазір ата-ананы, мектепті осы мәселе ерекше толғандыруы тиіс. Ал, «Қайткенде, бұл жағдайды түзейміз?» — дегенге келсек, өз ойымша, ең алдымен керегі — үйде де, мектепте де — балаға деген мейірім. Қазір көптеген балаларға отбасы жылуы, ата-ана мейірімі жетіспейді. Әрине, күнкөріс қамы, жұмыс бар, сөйтсе де ата-ана балаға көбірек көңіл бөліп, сырласуға, қамқор пейілмен ақыл айтуға уақыт таба білуі керек. Қандай жағдайда да, отбасында бала қамы, ұрпақ тәрбиесі бірінші орында тұруы тиіс қой? Мысалы, қазір көптеген балаларды жалғызбасты аналар өсіріп жатыр. Жалғыз қалған адам алдымен өз жанына жұбаныш іздейтіні айтпасақ та түсінікті. Сондай жағдайда көбінесе баланың екінші кезекке ысырылып қалып жататынын көріп жүрміз. Немесе ата-анасының бірі араққа салынып, басқа да келеңсіз жайттарға ұрынып жатады. Соның бәрі отбасы өмірінің шырқын бұзады. Ал отбасындағы түсіністік пен сыйластық, отбасындағы жылылық — үлкен бақыт қана емес, сонымен бірге, үлкен күш, дұрыс тәрбиенің іргетасы. Тәрбие мәселесіне келгенде, мектепті «отбасына көмекші» деп қабылдау керек. Біздің кезімізде де ата-анаға мұғалімнің үстінен арыз айтатын балалар болмады емес, болған шығар-ақ. Бірақ ол кезде ата-аналардың ұстанымы мүлде бөлек болды. Әке-шешелеріміз құлағымызға: «Не десе де, мұғалім саған жамандық ойламайды. Сен жақсы болсын деп айтады» — дегенді құя беретін. Бала мен мұғалімнің арасында сыйластық орнатқаннан ата-ана тек қана ұтады. Осыны есте ұстасақ деймін.

— Сіздің өмірлік ұстанымыңыз?

— Адамдарға неғұрлым көбірек қуаныш сыйлауға ұмтылсам деймін. Құр күйбеңмен күн өткізбей, уақытымды жұртқа пайдасы тиетін істерге жұмсағым келеді.

— Әдебиетке жақын жандардың қатарындасыз ба?

— Мен Мұқағали мен Қадыр жырларын ұнатамын. Ал, прозаға келсек, Оноре де Бальзак пен Ги де Мопассан шығармалары жаныма жақын.

— Қандай сыйлық алғанды ұнатасыз?

— Әрине, гүл. Ақ раушан гүлдері — мен үшін ең жақсы сыйлық. Жолдасым маған ақ раушан гүлдерін сыйлап тұрады…

— Өмірде, қызметте табыс кілті әркімнің уысына түсе бермейді. Сіздіңше?..

— Меніңше, табысқа жету үшін әр адам өзінің жанына жақын, сүйікті ісімен айналысуы керек. Өзіңе рухани ләззат беретін, қанаттандыратын жұмысың болса, әрине, әр күнге үлкен құлшыныспен ұмтыласың..

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button