Басты жаңалықтар

«Абай күні» — рухани жаңғыру мерекесі

Халқымыздың ұлы перзенті — кемеңгер ойшыл, данышпан ақын әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Ақтөбеде «Абай күні» әдеби фестивалі өтті.

Абай гүлзарында өткен фестивальдің мақсаты — ақынның мол рухани мұрасын бүгінгі ұрпаққа заманауи тәсілдермен таныту, оның шығармашылығы арқылы жастарды ұлттық құндылықтарға баулу, әдебиет пен өнерге деген қызығушылығын ояту, сондай-ақ Абайдың тәлімдік-тәрбиелік идеяларын насихаттау арқылы жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейту.

Мерекелік іс-шара Абай ескерткішіне гүл  қою рәсімімен басталды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар, студенттер мен қала тұрғындары қатысты. Бұдан әрі облыс әкімі бастаған топ және көрермендер ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қызықты саяхат жасады. Себебі әдеби фестиваль төрт тақырыптық алаң бойынша ұйымдастырылды. Әр алаңда ұлттық нақыштағы киіз үй үлгісінде этно-кеңістік құрылып, қазақы тұрмыстың элементтерімен безендірілген. «Балалық пен білім жолы»атты алғашқы алаң қонақтарды Абайдың балалық шағына жетеледі.Бұл жерде жасанды интеллект көмегімен дайындалған интерактивті комикстер мен бейнероликтер, ұлттық ойындар, этно-шеберлік сабақтар мен викториналар балаларды да, ересектерді де бейжай қалдырмады. Мұнда «Мен — бала Абаймын» тақырыбында фотозона ұйымдастырылып, «Сөз маржаны Абайдан» атты өлең оқу байқауы өтті. Мәнерлеп оқу сайысына қатысушылар қатары көп болды.

Даналық алаңы — дара тұлғаға тағзым

Фестиваль аясында ұйымдастырылған «Даналық пен даралық» алаңында халқымыздың рухани құндылықтарын, ұлы Абай мұрасын дәріптеген тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Негізгі сахналық алаңда шара шымылдығы ұлттық нақыштағы «Торы жорға» биімен ашылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. «Әлия гүлі» би ансамблінің орындауындағы бұл көрініс қазақтың салт-дәстүрін, болмысын бейнеледі.

Мерекелік фестивальдің салтанатты бөлімінде жүргізушілер Абай шығармашылығы мен оның қазақ руханиятындағы орны жайлы мағыналы деректермен бөлісті. Олар ұлы ақынның 178 өлеңі, 3 поэмасы, 45 қарасөзі, 60-қа жуық аудармасы мен 16 музыкалық туындысы — ұлтымыздың баға жетпес мұрасы екенін атап өтті.

Фестивальге жиналған жұртшылықты  құттықтаған  облыс әкімі Асхат Шахаров өз сөзінде Абай мұрасының мәңгілік екеніне тоқталып, оның ұлағатын жастар санасына сіңіру баршамыздың парызымыз деп атады.

Ұлт руханиятының темірқазығы, қазақтың брендіне айналған хакім Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай мұрасын жаңа дәуір талабына сай жаңаша түсініп, ұлт ретінде кемелденуге бет түзеуіміз қажет екенін атап өтті. Абай — халқымыздың ғана емес, күллі адамзаттың ортақ рухани қазынасына айналған алып тұлға. Оның терең философия, өлеңдері мен қарасөздері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінде өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Абай бізге тек сөз ғана емес, ол бізге өмірлік бағдар, адамгершілік пен әділеттілікке негізделген ілім қалдырды. Оның ілімі — адамгершілік пен әділеттілікке, еңбек пен білімге негізделген. Ұлы ойшылдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзі ел ішіндегі татулық пен бірліктің мәңгілік құндылық екенін ескертіп келеді. Бұл — бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды ұстаным, — деген аймақ басшысы өз сөзінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы республика көлемінде, соның ішінде Ақтөбе өңірінде де кеңінен аталып өтіп жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Ақтөбе облысының делегациясы Абай облысында өтіп жатқан мерейтойлық іс-шараға белсене қатысып, өңіраралық рухани байланысты арттыруға үлес қосуда.

87 көше — Абай атын ардақтаған

Абай — қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы. Оның философиясы, өлеңдері мен прозасы бізді адал, әділ болуға, білімге ұмтылуға және бірлікке үйретеді. Ұлы ойшылдың 180 жылдығын атап өтіп, біз оның өлмес идеяларына құрмет көрсетеміз. Облысымызда біз Абай шығармашылығын насихаттауды және оның жастарға аманаттаған құндылықтарын дәріптеуді жалғастырамыз. Оның мұрасы бізді алдағы уақытта да жасампаздыққа және ауызбіршілікке жетелей берсін, — деген аймақ басшысы қазір облыс бойынша Ұлы Абайдың атында 87 көше барын, осы бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасатынын жеткізді.

Сахнада театр артистері «Абайдың дүниеге келуі» атты әсерлі монолог-қойылым қойды. Одан кейін «Алақай» қуыршақ театры «Абайдың балалық шағы» спектаклін көрермен назарына ұсынды, ал музыкалық үзілістерде ақынның сүйікті шығармалары— «Сегіз аяқ» және «Желсіз түнде жарық ай» орындалды.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры актерлерінің философиялық бейнені, Абайдың ойлары мен өнегелік ұстанымдарын тірілткен театрландырылған көріністері көпшілікке ерекше қызығушылық тудырды.

Қасиетті Қасқабұлақ — қызығушылық туғызған макет

«Даналық пен даралық» алаңында бұдан бөлек көрермендер Абай әндерін орындап, өлең оқу жарыстарына қатысып, «Абайтану ғылымы» тақырыбындағы кең көлемді кітап көрмесін тамашалады. Бұл бағытта М.Әуезовтен бастау алған абайтану ғылымының қалыптасуы мен бүгінгі жалғасы табылған еңбектер, энциклопедиялар мен әдеби зерттеулер көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ «Ер Едіге» жыр мектебі мен дәстүрлі күй өнерінің өкілдері ұлттық музыка арқылы ақын мұрасын тереңдете түсіндірді.

Бұл жолғы кітап көрмесін әдеттегіден өзгеше ұйымдастырдық. Экспозиция екі қатарлы форматта жасақталып, көрмеге ұлы ойшылдың өз шығармаларымен қатар, Абай туралы зерттеу жүргізген ғалымдар мен қаламгерлердің еңбектері қойылды. Қонақтар үшін әсерлі әрі тартымды болу мақсатында көрмені макетпен бастадық, — дейді Ақтөбе қаласындағы К.Нокин тұрғын алабындағы №12 кітапхананың меңгерушісі Жұлдыз Садық.

Оның айтуынша, көрменің шымылдығы ретінде Абайдың балалық шағы бейнеленген 3D макет жасалған. Онда ақынның әжесі Зеренің немересіне жастайынан жыр-дастандарды тыңдатып, рухани нәр беруі көрініс тапқан.

Абайды тану—адам болудың жолын тану…

«Абай күні» әдеби фестивалі аясында ұйымдастырылған «Кемел ойдың кемеңгері» алаңы — ұлы ойшылдың терең философиялық тұжырымдары мен адамгершілік ұстанымдарын насихаттаған рухани кеңістікке айналды. Мұнда ашық микрофон ұйымдастырылып, Абайдың әндері орындалып, жүректерге шуақ сыйлады.

«Өлең өрнек, сөз сәулесі — Абай әлемі» атты танымдық бағыттағы квест пен викторина үш тілде өткізіліп, қатысушылар ақын шығармашылығын түрлі қырынан танып, білімін сынады. Сондай-ақ фестиваль қонақтарына арнайы дайындалған «Абай — 180 жыл» эмблемасымен безендірілген төсбелгі тарту етілді. Абайдың мерейтойына орай ұйымдастырылған әдеби фестивальға алыс-жақын шетелдерден де қонақтар келіп, ұлы ойшылға деген құрметін білдірді. Солардың бірі — Башқұртстаннан арнайы келген Альфия Байсарова.

Абайдың ұлылығын мойындап, бұл тойға шын ықыласпен келдім. Ол — бүкіл түркі дүниесіне ортақ кемеңгер. Өзім Абай шығармаларымен кешірек таныстым, бірақ әр өлеңінен тереңдік пен шындықты сезіндім. Абайды бала күннен бастап оқыту керек деп ойлаймын. Себебі оның әрбір өлеңінде, әр жолында — адам болу, рухани өсу, әділет пен ізгілікті бойға сіңіру туралы нақты айтылған. Бұл — бүгінгі қоғамға жетіспей жатқан ең асыл қасиеттер,— деген Альфия Рафхатқызы Абай мұрасын ұлықтауға арналған іс-шаралардың халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатқанына қуанып, осындай рухани кездесулердің екі халықтың достығы мен мәдени байланысын нығайта түсетінін де атап өтті.

Әдеби фестивальдің «Ұлт болмысы» атты ұйымдастырылған төртінші алаңында ұлттық ойындар ойнатылып, халқымыздың рухани құндылықтары дәріптелді. Фестиваль қатысушылары бір-біріне Абайдың шығармаларымен қатар, қазақ әдебиетінің таңдаулы туындыларын естелікке сыйға тарту арқылы рухани байланысты тереңдете түсті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button