Басты жаңалықтар

Абайтанушылармен кездесті

Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойы аясында облыс әкімі Асхат Шахаров ақтөбелік абайтанушы ғалымдармен, педагогтермен, зиялы қауым өкілдерімен және Абай оқуларының жеңімпаздарымен кездесті.

Өңір басшысы жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде:

Абай мұрасының бүгінгі және келешек ұрпақ үшін де тигізер пайдасы зор. Мемлекет басшысы өзінің сөзінде: «Біз Абай аманатына адал болуымыз керек. «Жауапты мемлекет — жауапты қоғам — жауапты адам» жүйесінің берік орнығуы осыған байланысты. Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет», — деп атап көрсеткен еді. Абай мұрасын зерттеп, кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың санасына сіңіру — жауапты міндет. Сіздер сол іске үлкен үлес қосып келесіздер. Бұл, әрине, бір тойдың аясымен шектелмейді, бұл — аймақтағы білім беру және мәдениет салаларында жүйелі түрде жалғасатын жұмыс, — деді.

Ол ұлы ойшыл еңбектерінің, әсіресе жастар арасында көбірек насихатталуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына орай өтетін халықаралық, республикалық деңгейдегі іс-шараларға қатысу үшін, Абай облысына аттанатын делегация мүшелеріне сәт сапар тіледі.

Кездесуде философия ғылымдарының докторы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры Алтай Тайжанов, ҚР білім беру ісінің үздігі Қуаныш Қонтай, филология ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Абат Пангереев, Тоқмансай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Диана Ескелдина, т.б. сөз сөйлеп, рухани құндылықтарды қалыптастыру ісінде, жастар тәрбиесінде ұлы Абай өсиеттерін басшылыққа алу, оның еңбектерін ұтымды пайдалану мәселелеріне қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді.

Бұдан соң руханият, мәдениет, білім саласында Абай мұрасын насихаттауға үлкен үлес қосып жүрген ақтөбеліктерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.  Марапатталғандардың қатарында белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев, ақын Нұрлыбек Қалауов, «Vizit Aktobe» туристік ақпараттық орталығының қызметкері Юрий Гончаров, Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясының мұғалімі Илмира Аймағанбетова және басқалар бар.

Кездесудің ерекше сәті —Абай есімді балдырғандарға арнайы құрмет көрсетілуі болды. Облыста ұлы ақын есімін иеленген 640 адам бар екен. Оның ішінде биыл мектеп табалдырығын аттайтын 11 бала осы кездесуге келді. Абай Әлібекұлы, Абай Нұрбай, Абай Айғалиұлы сынды балалар ұлы ақынның өлеңдерінен үзінділер жатқа оқыды.

Облыс әкімі Асхат Шахаров:

Жас ұрпақтың елі үшін аса қымбат тұлғаның есімін иеленуі —үлкен мәнге ие құбылыс. Бұл балалар болашақта ата-аналарының үмітін ақтап, еліне елеулі азамат болып өссе деп тілеймін, — деді.

Сондай-ақ балаларға естелік сыйлықтар табысталды.

Кездесу соңындаоблыс әкімі рухани құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстардың одан әрі жалғасатынына сенім білдіретінін жеткізді.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button