«Таза Қазақстан»

Саябақты тазартты

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қаланың ескі бөлігіндегі «Ретро» паркінің аумағына тазалық жұмыстары жүргізілді.

Акцияға 60-қа жуық «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы өз үлесін қосты. Олар шара аясында 50 қап қоқыс шығарды. Ағаштарға су құйып, қураған бұталарды кесті.

— Бүгін қаладағы 20 жылдық тарихы бар «Ретро» парк аумағына тазалық жұмыстарын жүргіздік.

Басты мақсатымыз — қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, тазалықты сақтау және әр аулада тазалық пен тәртіпке саналы көзқарас қалыптастыру.

Қоқысты арнайы жәшікке тастау қарапайым қағида болғанымен, кейбір қала тұрғындары мұны орындамай жатады. Бір ай бұрын ғана осы паркке тазалық жұмыстарын жүргізген едік. Өкінішке қарай, қайтадан сенбілік жұмыстарын жүргізуге тура келіп тұр. «Таза Қазақстан» акциясы — тек  қаланың тазалығы емес, әрбір адамның ойының тазалығы деп білеміз.

Қаланың тазалығы — ортақ абырой. Сондықтан барша қала тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға шақырамыз, — дейді Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Әлішер Садық.

Жалпы жыл басынан бері аталған акция аясында 27 шара ұйымдастырылып, 600-ге жуық жас жұмылдырылған. Нәтижесінде 600 қап қоқыс шығарылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта қаланың өзге де бөліктерінде жалғасын таба бермек.

Айнара Алдоңғарова екі жылдан бері «Жасыл ел» еңбек жасағының командирі. Ол мұндай шаралардың жастарға берері мол екендігін айтады.

Бүгінгі акцияға біздің отрядтан 30 жас қатысып отыр. Жастар бір үйдің балаларындай жиналып, қызу жұмыс істеп жатыр. Арамшөптерді жұлып, талдарды суардық. Бұған дейін өзен-көл жағалауларында да тазалық жұмыстарын жүргіздік. Бұл жерлерден шашылған қоқыстарды көп байқадық.

Қоршаған ортаны таза ұстау — әр адамзаттың міндеті. Сондықтан әр адам тазалық пен тәртіпті өз айналасынан, қоршаған ортасынан бастаса, елге деген сүйіспеншіліктің айқын белгісі болар еді, — дейді ол.

Тазалық — өркениетті қоғамның бір белгісі. Қоршаған ортаның күтімі мен көркіне бейжай қарамайтын жастардың саябақ аумағында жүргізген тазалық шарасы көпшілікке үлгі болары анық.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button