Басты жаңалықтарЖастар

Жастарды жан-жақты қолдау жалғасады

12 тамыз — Халықаралық жастар күні

Бүгінде облыста Neet санатындағы жастардың саны 4800-ден асады. Ал баспанасыз жүрген жастардың нақты саны туралы статистика жоқ. Өңірде жастарды тұрақты жұмыспен және тұрғын үймен қамтуда қандай жобалар жүзеге асырылуда? Осы және өзге де мәселелер туралы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиевтен сұрап білген едік…

Әлімбек Жәнібекұлы, өңірде жастарды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етуде биыл қандай жұмыстар жүргізіліпжатыр?

Өңірімізде жастарды қолдауға бағытталған жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде.

Бұл орайда басқарма алдындағы міндеттердің бірі — жұмыссыз жастарды қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға тарту және жұмыспен қамту.

Биыл облыста барлығы 6210 жас жұмыспен қамту шараларына тартылды.Оның ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға — 112, бос жұмыс орындарына — 2210, жастар тәжірибесіне — 344, әлеуметтік жұмыс орындарына — 290, уақытша сипаттағы қоғамдық жұмыс орындарына — 882, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына — 29,«Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 18 жас жіберілді. Ал «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға жіберілген жастардың саны — 1339 адам. Сондай-ақэлектронды еңбек биржасы арқылы онлайн оқуға 881 жас жолданды. Нәтижесінде арнаулы және жоғары біліммен, сондай-ақ жұмыспен қамтылмаған жастардың саны 5945 адамнан 4801-ге азайды.

Жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында былтырдан бастап «Jumystap» әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Жоба аясында Ақтөбе қаласындағы халық көп жиналатын орындарда бес модульдік пункт ашылды.2025 жылдың алты айы ішінде осы модульдік пункттерге 420 адам жүгініп, кеңес алды.Сонымен қатар жастардың жаз мезгілінде бос уақытын тиімді өткізуіне және қосымша табыс көзін табуға, еңбекке баулуға бағытталған «Жасыл ел» жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Биыл бұл жоба аясында өңірімізде 3200 адамды жұмыспен қамту жоспарланған болатын. Алғашқы алты ай ішінде жоба аясында 2256 жас уақытша жұмыспен қамтылды.

Жастар мен жас отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында облысымызда «Aqtobe Jastary» бағдарламасы қабылданып, 2 жыл бойы жүзеге асырылып келеді. Жалпы бағдарлама аясында 1 миллиард 600,0 миллион теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 2023 жылы 600,0 миллион теңге (300,0 миллион теңгесі — облыстық бюджеттен, ал 300,0 миллион теңгесі — «Отбасы банктен»,2024 жылы 1 миллиард теңге (500,0 миллион теңгесі — облыстық бюджеттен,  500,0 миллион теңгесі — «Отбасы банктен» қарастырылды. Соңғы екі жыл ішінде аталған тұрғын үй бағдарламасы аясында 109 жас отбасы (2023 жылы — 42, 2024 жылы — 67) баспаналы болды. Бағдарлама қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау бағытында оң нәтиже көрсетіп отыр. Биыл бұл орайда бағдарламаның III кезеңін жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда қаржылық-экономикалық негіздемеге ведомстводан тыс сараптама жүргізіліп жатыр.

—Жастарды кәсіпке тарту бойынша қандай жобалар қолға алынып жатыр?

—Бүгінде өңірімізде жастардың кәсіби және мәдени дамуына, сондай-ақ олардың бастамаларын қолдауға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған жастар саны 105 адамға жетті.  Ал жастардың шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетін дамыту мақсатында өңірімізде «Тәуелсіздік ұрпақтары»гранты қарастырылған. Аталған грант 18 бен35 жас аралығындағы 12 жасқа беріледі. Грант бөлу бірнеше бағыттан тұрады. Атап айтсақ, білім және ғылым, мәдениет және өнер, бизнес және кәсіп, медиа, ақпараттық технологиялар, волонтерлік қызмет.Әрбір жоба үшін 1,3 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз 20 грант беріледі. 2025 жылға облыста жалпы сомасы 30 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр.

—Соңғы кезде жастар арасында буллинг, төбелесу сияқты жағымсыз жағдайлар жиілеп кетті. Бұл бағытта басқарма тарапынан қандай шаралар қабылдануда? Қылмыстың алдын алуда полиция департаментімен жұмыс жоспары жасалды ма?

—Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, еңбекке баулу және әлеуметтік зиянды құбылыстар – құқықбұзушылық, нашақорлық, лудомания, буллинг, суицид сияқты бес негізгі кеселдің алдын алу бағытында 500-ден астам түрлі форматтағы іс-шара өткізілді.

Биыл«Өзін-өзі басқару» жобасы қолға алынуда. Жоба аясында жоғары сынып оқушылары мен студенттерді біріктіру арқылы білім беру ұйымдарында өзін-өзі басқару моделін қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл жастардың жауапкершілік сезімін, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған.

Сондай-ақ облыста волонтерлік қызмет қарқынды дамуда. Бүгінде құрылған волонтерлік қозғалыстардың саны — 161, оларда 3 мыңнан астам белсенді волонтер тіркелген. Олардың қатарында «Жас сақшы», «Eco Madeniet»,«Жүректен жүрекке», «Стимул +», «Volonteer-2020» және тағы басқа да танымал топтар бар.

Жалпы биыл жыл басынан бері облыста 34 мыңнан астам жас қамтылған 1553 іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, мәдениетін қалыптастыру, девиантты мінез-құлықтың алдын алу мақсатында өткізілді.

Облыстық полиция департаментімен бірлескен жұмыс жоспары бекітіліп, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлармен және білім беру ұйымдарымен тығыз ықпалдастық орнатылды. Жоспар аясында құқықтық түсіндіру жұмыстары, тренингтер, профилактикалық кездесулер тұрақты түрде жүргізілуде. Сондай-ақ тамыз айындаөтетін «Aqtobe Camp-2025» облыстық лагері жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында өткізілмек. Лагерьге полиция есебінде тұрған 16-21 жас аралығындағы 25 жасөспірім және 25 белсенді жас тартылады. Бұл жоба өңірде үшінші рет жүзеге асырылып отыр және оның ерекшелігі — қатысушылар үш күн бойы әр ауданның тарихымен, мәдениетімен терең танысады. Сондай-ақ әскери-спорттық бағдарламалар және психологиялық семинарлар өткізу қарастырылған.

—Облысымызда 267 мыңнан астам жас бар. Солардың қанша пайызы ауылдық жерде тұрады? Олардың шығармашылықпен, спортпен, белгілі кәсіппен айналысуына қандай жағдай жасалуда? Аудандарда жастар орталықтары қаншалықты белсенді түрде жұмыс істейді?

—Ақтөбе облысындағы жастар саны — 267 724. Бұл — өңір халқының 28,2 пайызы. Оның ішінде қалада — 165 048, ауылдарда 102 676 жас тұрып жатыр.Бүгінде жастар ресурстық орталықтары — облыс жастарымен жұмыс жасайтын жауапты мекемелердің бірі.

Қазіргі таңда аталған орталықтарда 164қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде жастармен тікелей жұмыс жасайтын мамандар саны — 104.

Бұл орталықтар жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға, еріктілік қозғалысын дамытуға, кәсіптік бағдар беруге, спорттық және мәдени шараларды ұйымдастыруға белсенді үлес қосуда. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі жастарға мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпарат беру, жобаларға тарту және кеңес беру жұмыстарымен де айналысады.

— «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы арқылы биыл ауылдарға қанша жас барды? Бұл бағдарлама жастарға тиімді ме?

—Елімізде ауылдық жерлерді қажетті мамандармен қамтамасыз ету және еңбек ресурстарының тапшылығын жою мақсатында «Дипломмен — ауылға»жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Мәселен, бұл жоба аясында мамандарға әлеуметтік қолдау шарасы ретінде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит және көтерме жәрдемақы ұсынылады.Осы ретте 2024 жылы бағдарлама аясында әлеуметтік қолдау шаралары ретінде тұрғын үй сатып алу (салу) үшін 120 маманға (денсаулық сақтау — 18 маман, білім беру — 72 маман, мәдениет — 9 маман, спорт — 11 маман, агроөнеркәсіптік кешен — 9 маман және мемлекеттік қызмет саласы — 1 маман) 950,7 миллион теңге сомасында бюджеттік кредит тиімді жұмсалды. Сондай-ақ биылаталған бағдарламаға 1 028 218 мың теңге қаражат бөлініп, оған 297 адамды қамтужоспарлануда.

—Облыста жоғары және арнаулы оқу орындары студенттерін жатақханамен қамтуда мәселе жоқ па?

—2024-2025 оқу жылында өңірдегі 4 жоғары оқу орнында24 370 студент білім алды (мемлекеттік грантпен оқып жатқандар саны — 7757).Жалпы, бүгінде аталған 4 жоғары оқу орнында 4869 жасқа арналған 11 жатақхана бар. Облыста техникалық және кәсіптік білім беретін 28 133 контингенті бар 40 колледж жұмыс істейді(27 жатақхана).

Бүгінде қосымша материалдық-техникалық базаны жаңартуға және қосымша жатын орындарына қажеттілік жоқ.

Биыл жүзеге асырылатын жаңа жобаларға тоқталсаңыз. Аудандарда қандай іс-шаралар өткізілуде?

—Биыл жастардың патриоттық және танымдық әлеуетін арттыру мақсатында облыста бірнеше жоба іске асырылды.Соның бірі — «Ауыл life»жобасы. Бұл жоба қала жастарын ауылдың дәстүрлі тұрмысымен таныстыруға арналған. Қатысушылар қой қырқу, сиыр сауу, тігін тігу және ұлттық ойындар арқылы салт-дәстүрлерді меңгереді. Жоба барысында психологтардың семинар-тренингтері, командалық ойындар және тарихи нысандарға экскурсиялар ұйымдастырылды.Жобаның алғашқы кезеңі Қобда ауданда өткізілді. Бұл шараға облыстың белсенді жастары ерекше ықыласпен қатысты.

Сондай-ақ «Таза Қазақстан»республикалық акциясы аясында Елек өзенінің жағалауында «Ұрпақтар сабақтастығы» атты экологиялық акция, «Жасыл ел» сарбаздары арасында «JASYL EL CUP–2025» облыстық волейбол турнирі өткізілді. Сондай-ақ биылғы шілде айында волонтерлік қызметтің сапасын арттыру, бастамаларды қолдау және үйлестіру мақсатында арнайы фронт-офис ашылды. Бұл кеңсе волонтерлерге қолайлы жұмыс ортасын қамтамасыз етіп, жобаларды жоспарлау, іске асыру және өзара тәжірибе алмасу алаңына айналды.

Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды еңбекке, патриотизмге, құқықтық сауаттылыққа және жауапкершілікке тәрбиелеу — бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Жазғы кезеңде өткізілген және алдағы уақытқа жоспарланған жобалар облыс жастарының жан-жақты дамуына, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-мәдени, экономикалық дамуына оң әсер етуде.Алдағы уақытта да жастар саясатын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып, жастарға арналған ауқымды, мазмұнды жобалар жүзеге асырылатын болады. Бұдан бөлек жастарды жұмыспен, тұрғын үймен қамту бағытындағы жұмыстар да жалғасын табады.

Сұхбаттасқан Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button