Бапкерлермен кездесті

ҚЫСҚЫ СПОРТ
Облыс әкімі Асхат Шахаров Мұз аренасында болып, бапкерлермен кездесті. Кездесуде жастардың қысқы спорт түрлеріне қызығушылығының артып келе жатқаны айтылды.

Аймақ басшысы жас спортшылардың жаттығу жағдайларымен, аренаның жабдықталу деңгейімен және секциялардың көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар үшін қолжетімділігімен танысты.
Бапкерлердің айтуынша, хоккей, мәнерлеп сырғанау және басқа да қысқы спорт түрлерімен айналысқысы келетін балалардың қатары күн санап артып келеді. Олар үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Киім ауыстыратын бөлмелер, заманауи жабдықтар, білікті жаттықтырушылар бар.
Бүгінде Ақтөбеде қысқы спортпен айналысу үшін басқа өңірлерден көшіп келген 10 отбасы тұрады. Бұл отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетілуде.
— Бізде жастар құрамасы мықты. Балалар жүлде үшін таласа алады. Ересектерге сәл қиын болады, өйткені көптеген командалар легионерлермен күшейіп жатыр. Дегенмен бізде де әлеует бар. Жастар құрамасын өзіміздің ойыншылармен толықтыра аламыз,— деді «Облыстық шайбалы хоккей федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бақытжан Жаманқұлов.
Асхат Шахаров қысқы спорт түрлерінің дамуы тек спорттық жетістіктер тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар жастардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізудегі маңызын ерекше атады. Жаппай сырғанау, бірнеше спорт түрін таңдауға мүмкіндік, қалалық және республикалық турнирлерге қатысу—мұның барлығы өсіп келе жатқан ұрпақтың салауатты және белсенді өмір салтын ұстануына ықпал етеді.
Ақтөбедегі Мұз аренасы — мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған ғимарат. Қазіргі таңда нысан Ақтөбе қаласындағы №5 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі «Олимп»балансына берілген. Кешен 1800-2000 адамға арналған, жаппай сырғанауға мүмкіндік бар. Көрермендер трибунасының сыйымдылығы — 2500 адам. Мұнда хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және басқа да спорт түрлері бойынша жаттығулар мен жарыстар өткізіледі.
Арайлым НҰРБАЕВА.



