Спорт

Қуанышбек Жаңажол — Әлем чемпионы!

Күрес

Биыл 28-30 шілдеде Грекияның Афина қаласында грек-рим күресінен жасөспірімдер (U17) арасындағы Әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жаһандық деңгейдегі додада Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте Иран және Өзбекстан құрамаларымен бірге үздік үштікке енді.

Ел қоржынына медаль салғандардың бірі —45 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ақтөбелік спортшы Қуанышбек Жаңажол. Ол Әлем чемпионаты барысында Болгария, Молдова және Иран палуандарын айқын басымдықпен жеңіп, финалда Қырғызстан өкілін тізе бүктіріп, чемпион атанды. Осы жаңалықты естіген біз Қуанышбектің алғашқы бапкеріне хабарласқан едік.

— Мен Ақтөбе қаласындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде грек-рим күресінен аға жаттықтырушымын. 2015 жылы Қуанышбек ағасы Жәнібекпен бірге осы спорт мектебіндегі күрес үйірмесіне жазылып, алғашқы қадамдарын сол жерден бастады. Қуанышбектің спортқа деген бейімділігі бала күнінен-ақ байқалды. Ол әрдайым жеңіске құштар, тәртіпті, табанды болатын.Қуанышбек бұған дейін 2 дүркін Азия чемпионы атанған болатын. Енді, міне, Әлем чемпионы Бұл — Ақтөбе спорт мектебі мен Қазақстан күресі үшін үлкен мақтаныш. Қуаныштымыз! Спортшыларымыз тек биіктен көріне берсін! — дейді алғашқы бапкері Жасұлан Қойлыбаев.

Сенбіде Ақтөбе халықаралық әуежайында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысы Мейрамбек Махамбетов,Ақтөбе облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының және спорт мектептерінің басшылары, бапкерлер, спортшылар болып грек-рим күресінен U17 Әлем чемпионатында топ жарған жас чемпион Жаңажол Қуанышбекті зор құрметпен қарсы алды.

— 3-4 сыныпта екі жыл тәрбиелеген едім, кейін ол қалаға көшіп кетті де, арамыз үзіліп қалды. Бірақ осы аралықта қайтадан алғашқы бапкері Жасұлан Қойлыбаевтың жетекшілігімен жаттыққан. 2021 жылы Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне 7-сыныпқа келді, содан бері біргеміз. Мен осы жерде грек-рим бағыты бойынша жаттықтырушымын. Қазақ айтады ғой, жалындап тұрған бала деп. Қуанышбек — сондай, көзінде оты бар. Тек соны баптап, биіктерді бағындыруға жаттықтырып, тәрбиелеуіміз керек, — дейді Қуанышбектің жеке бапкері Аслан Тахаев.

Чемпионды күтіп алу салтанатында Ақтөбе облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Өркен Мұзбаев жас палуанға «Қазағымның жылқысы» тобының мүшелері атынан бір үйір жылқының сертификатын тарту етті. Қуанышбектің алдағы мақсаты — Олимпиада чемпионы болу. Біз де оның әрқашан жеңіс тұғырынан көрінуіне тілекшіміз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button