«Таза Қазақстан»

Сарбаздар күтім жасауды үйренді

Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің аумағында «Жасыл ел» жасағы сарбаздарына шеберлік сабағы өтті.Аталған іс-шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Шеберлік сағаты аясында жастар орман шаруашылығының тәлімбағында  жасыл желекке күтім жасауды үйренді. Білікті мамандар ағаштар мен бұталарды дұрыс қию, суару, жерді дайындау, зиянкестермен күрес және жас көшеттерге күтім жасау жөнінде кеңестерін берді. Тәлімбақта өткен айда 250 жауынгер еңбек етсе, бұл жолы  150-ге жуық сарбаз жұмыстарын бастады.

«Жасыл ел» жасағының жастарына білікті мамандар жасыл-желекті күтіп-баптауды үйретіп жатыр. Бұл бір жағынан жастардың өздеріне қажет болса, екіншіден, біздің мамандарға да үлкен көмек болып отыр. Арамшөптерді жұлу, суару, әр ағаштың ерекшелігіне қарай күтім жасау секілді жұмыстарды бағбандармен бірлесіп жасап жатыр. Тәлімбақтың аумағы — 32 гектар. Қазірде  оның 17 гектары пайдаланылып отыр. Жыл сайын қарағаш, үйіңкі, шаған,  шыршаның бірнеше  түрі және жеміс-жидектер егіледі. Соңғы жылдары «Жасыл ел» жасақтарының келуі мамандарға үлкен көмек болды, — деді Ақтөбе орман шаруашылығы тәлімбағының басшысы Айсұлтан Аманжолов.

Жастар күннің ыстығына қарамастан құлшына жұмысқа кірісті. «Жасыл ел» жасағының жауынгері Меруерт Ізгілік тәлімбаққа келгелі көп нәрсені үйренгенін айтты.

— Бүгінгі шеберлік сабағында жасыл-желекті күтіп-баптаудың қыр-сырын үйрендік. Бір қарағанда қарапайым болып көрінгенмен, әр өсімдікті күту әртүрлі. Шаруашылықтағы мамандар бізге бар білгенін үйретіп жатыр, — деді студент.

Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде он жылдан астам уақыт еңбек еткен орман патологы Шәкей Бохановбар білгенін студенттерге үйретуден жалықпайтынын жеткізді.

Жалпы «Жасыл ел»  жасақтары мұнда күздің соңына дейін еңбек етеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button