Саябаққа әмбебап шам орнатылды


«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында туған жерінің көркеюіне үлес қосуға ниетті жандардың қатарынан Қандыағаш қаласының кәсіпкерлері де табылды.
Аудандық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер кеңесінің ұйымдастыруымен қаланың көрікті жерлерін абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Кеңес төрағасы Қанат Айбосыновтың бастамасын қолдаған жергілікті кәсіпкерлер соғыс ардагерлері саябағына биіктігі 8 метрлік, барлық бағытты қамтитын әмбебап шам бағанасын толық жабдықтарымен орнатып берді. Сонымен қатар қала тұрғындарының серуендеуге жиі келетін орны — Тәуелсіздік даңғылындағы аллеяға төрт жайлы орындық пен қоқыс жәшіктері орнатылды.
Палата өкілдері игі іске үлес қосқан кәсіпкерге шынайы алғысын білдіріп, бұл бастама өзгелерге үлгі болатынын айтты.
Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.



