Прагадағы жеңіліс

Конференция лигасы
«Спарта» (Прага, Чехия)-«Ақтөбе» (Қазақстан) — 4:0 (1:2)
Прагалық «Спарта» расында да, мақтауға тұрарлық болып шықты. Бұлардың Ақтөбеде жеңіліске ұшырауы, енді ойлап қарасақ, әлдебір кездейсоқтық тәрізді көрінеді екен. Сол кездесуде «Ақтөбенің» үш ұпай олжалап қалуы жігіттеріміздің жерлес жанкүйерлер алдында мықтап намысқа тырысуының көрінісі екен.
Прагада өткен кездесудің бірінші таймында да жігіттеріміз сыр бермеуге тырысты. «Ақтөбе» шабуыл жасап жарытпаса да, өз қақпасының құлпын ашқызбады. Бұл ретте, әрине, ең алдымен қақпашы Андрей Владты атап өтуіміз керек. Андреймен бірге қорғаныста жүрген футболшыларымыз да жанкештілік көрсетті. Богдан Вэтэжелу, Лев Скворцов, Бағдат Қайыров, Никита Корзун, Данияр Үсенов, Неманья Анджелкович, осылардың қай-қайсысы да прагалық шабуылшыларды көзден таса қалдырмады. Тіпті таймның орта тұсына таман алаң иелерін нәтижесіз шабуылдар шаршата бастағандай да болды. Әсіресе команда капитаны Бағдат Қайыровтың аса сақ қимыл-қозғалыстары әлденеше рет риза етті.
Рас, біздің жігіттер қарсыластар қақпасын нысанаға алуда шеберлік көрсете алмады. Тек Даниэль Соса жасаған соққы ғана есімізде қалды. Бірақ бұл соққы да діттеген жерге жете алған жоқ, қақпадан әлдеқайда биік әуелеп кетті. Неге екені белгісіз, бұл жолы да Оралхан Өміртаев алаңға старттық құрамда шықпады. Егер Оралхан ойын басында ебін тауып бір гол соққанда, бәлкім, одан арғы жағдай басқаша өрбуі мүмкін бе еді. Бұл, әрине, біздің ойымыз ғана. Әйтпесе кімді ойынға қашан қосуды бас бапкер біледі ғой.
Сонымен бірінші таймда есеп ашылмады. Көтеріңкі көңілмен екінші таймды күттік. Бұл таймда да жігіттеріміз мығым қорғанысынан айырылмайтын шығар, бәлкім, гол да соғып кетер деген үмітіміз де болды. Әттең, олай болмады.
Екінші тайм басталысымен әуелі «Ақтөбенің» қорғанысын тағы да байқап көрген алаң иелері он минуттай уақыт өткен соң допты жаңбырдай жаудырды. Солай демей не дейік, жеті минуттың ішінде біздің қақпамызға бірден үш гол тоғытты. Жігіттеріміз жынын алдырған бақсыдай абдырады да қалды. Бейне бір сиқырға тап болған секілді «Спартаның» айла-амалдарына арбалды да қалды. Ал қорғаныстың әлсіздігін сезініп қалған чехиялық футболшылар емін-еркін қимылдады. Допты қақпаға таяу маңда жүрген әріптестеріне асыра салу оларға аса қиындық туғызған жоқ. Үш гол салып алған соң да «Спарта» шегіністі білмеді. Үсті-үстіне шабуылдаудан тынбады. Тек ойын соңында, 90+4 минутта төртінші голды өткізген соң ғана тыныш тапты.
Бұл жерде «Спартаның» бас бапкері Бриан Прискенің қолтаңбасына бас имеске амалымыз қалмады. Бұған дейінгі мақтаулар, әрине, бірінші ойыннан кейінгі даттаулар тегін айтылмағандығына көзіміз жетті.
Не болғанда да, «Ақтөбеге» биылғы еурокубок ойындарында мықтылығы Еуропаға мәлім командалар тап болыпты. Бұдан бұрынғы «Легияға» да, кейінгі «Спартаға» да қоятын кінәміз жоқ екен. Енді осы қатарға қалай қосылудың ретін ойластыру ғана қалды бізге.
«Спарта» (Прага, Чехия)-«Ақтөбе» (Қазақстан) — 4:0 (бірінші кездесу — 1:2)
Гол авторлары: Велько Бирманчевич, 57-минут (1:0), Матей Рынеш, 60-минут (2:0), Ян Кухта, 64-минут (3:0), Альбион Ррахмани, 90+4 минут (4:0).
Ескерту қағазы көрсетілгендер: Альбион Ррахмани, 76-минут («Спарта»), Вячеслав Левчук, 22-минут (алаңнан тыс аймақта), Оралхан Өміртаев, 88-минут, Георгий Жуков, 90+2 минут («Ақтөбе»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад (қақпашы), Богдан Вэтэжелу, Неманья Анджелкович, Никита Корзун (Әділхан Таңжарықов, 69-минут), Бағдат Қайыров (капитан), Лев Скворцов, Георгий Жуков, Данияр Үсенов (Еркебұлан Сейдахмет, 61-минут), Жан Жайро (Амаду Думбия, 61-минут), Даниэль Соса (Вячеслав Швырев, 73-минут), Артур Шушеначев (Оралхан Өміртаев, 69-минут).
Запаста болғандар: Игорь Трофимец (қақпашы), Уче Агбо, Талғат Кусяпов, Аян Байдәулетов.
Бас бапкер, Вячеслав Левчук.
31 шілде 2025 жыл. Чехия, Прага қаласы. «Летна» стадионы.
Ертай АШЫҚБАЕВ.



