Ақтөбедегі ұтылыс

Премьер-Лига
«Ақтөбе»-«Жеңіс» — 0:2
Прагадағы ойсыраған ұтылыстан соң «Ақтөбе» өз алаңымызда «Жеңісті» жеп қоятын шығар деп ойлағанбыз. Олай болмады. Рас, жерлестеріміз ойынды желпініспен бастады. Қонақтардың қақпасына қайта-қайта шүйілумен болды. Бірақ нәтиже шықпай қойды. Ойынға басынан бастап қосылған Оралхан Өміртаев та үмітімізді ақтамады. Қақпаның дәл алдында жүріп өзіне берілген кем дегенде үш пастың біреуін де тиімді пайдалана алмады. Не қисық тебеді, не аяғындағы допты қарсыластар қақшып түседі. Ыңғайлы тұсқа келе қалған Богдан Вэтэжелу де нысананы дәл көздей алмады. Ал бірінші таймның ең соңғы минутында Даниэль Соса қия тұстан Богдан дәлдеп тастаған пасты және ысырап етті. Баспен соғуын соқты-ау, дегенмен доп қақпадан алшақ ауытқып ұшты.
Осылайша «Ақтөбе» басымдықпен ойнаған бірінші тайм нәтижесіз аяқталды. Басымдық дейміз-ау, ойын уақытының 52 пайызында доп «Жеңіс» футболшыларының аяғында жүрсе, мұны басымдық деуге келер ме екен? Рас, жерлестеріміз қақпаға қарата 9 соққы жасады, ал қонақтар 2 соққымен шектелді. Бірақ гол болмаған соң көп соққының есебі көңіл көншіте ме.
Екінші таймда осы көрініс сол күйі қайталанды. Алаң иелері шабуыл жасайды, қонақтар сыр бермейді. Есесіне біз сыр беріп алдық. 58-минутта «Жеңістің» ойыншысы Дінмұхаммед Қараманов алаң ортасынан айып добын орындаған болатын. Ол әуелете тастаған доп қақпаның дәл алдына қалықтап келе қалып еді, сол маңда жүрген Оралхан қауіптің бетін қайтарып тастамақ боп, жанталаса ұмтылды. Ұмтылғаны бар болсын, оның басына тиген доп біздің қақпаның тоғыздығына топ ете түсті — 0:1.
Бұдан соң да алма-кезек шабуылдар жалғаса берді. «Ақтөбе» қарсыластар қақпасына өлермендене ұмтылды, ал қонақтар шабуылдардың жолын кесті де отырды. Алаңдағы ойынға жаңадан қосылған футболшыларымыздан да еш пайда болмады. Пайда былай тұрсын, тәуір пастарды жоққа шығарумен болды. Артур Шушеначев аяғының астындағы допты қайтіп пайдаланарын білмей абыржыды да қалды. Еркебұлан Сейдахмет тамаша тасталған пасты қиыс тепті. Ыдырыс Умаев та ыңғайына келе қалған допты нысанаға көздеп жібере алмады. Және осының барлығы да алаңның ортасында емес, дәл қақпа алдында жіберілген қателіктер. Мына түрімен футболшыларымыз пенальти де тебе алмайтын шығар деген ойға келдік. Өстіп жүргенде ойын соңында қақпамызға Адилио Дос Сантос және бір гол соқты — 0:2.
Енді бірер сөз қақпашымыз жөнінде. Бұл ойында соғылған екі допқа да Андрей Влад кінәлі емес. Дегенмен ойынды бастан аяқ қарап отырып, Андрейге де қарнымыз ашып қалды. Команда — бөлек, Андрей — тіпті басқа біреу секілді көріне берді. А.Влад допты тепкенде де, ойынға қолымен қосқанда да, біздің футболшылардың қай маңда жүргенін, қайсысы допты іліп алып кетуге әзір екенін барлап жатпайды. Негізінен, допты алаңның ортасына қарай жібере салады: «ал, тауып алыңдар». Қақпашы бастаған шабуылды көрмейтініміз де сондықтан болса керек. Қақпашылар бапкері бұл туралы ойлана ма екен?
Сонымен онсыз да төртінші орында келе жатқан «Ақтөбе» алтын медальдан үміт үзгені былай тұрсын, бұл жолы да үштікке іліне алмады. Іліне ме?
«Ақтөбе»-«Жеңіс» — 0:2
Гол авторлары: Оралхан Өміртаев, автогол, 58-минут (0:1), Адилио Дос Сантос, 90+6 минут (0:2).
Ескерту қағазы көрсетілгендер: Бағдат Қайыров, 38-минут, Әділхан Таңжарықов, 67 («Ақтөбе»), Матия Ром, 17-минут, Исламбек Қуат, 25-минут, Дінмұхамед Қараман, 31-минут, Сергей Игнатович, 72-минут, Адилио Дос Сантос, 78-минут («Жеңіс»).
83-минутта екінші рет ескерту қағазы көрсетілген Бағдат Қайыров («Ақтөбе») алаңнан қуылды.
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад (қақпашы), Богдан Вэтэжелу, Неманья Анджелкович (Әділхан Таңжарықов, 46-минут), Талғат Кусяпов, Бағдат Қайыров (капитан), Уче Агбо (Данияр Үсенов, 76-минут), Никита Корзун, Георгий Жуков (Еркебұлан Сейдахмет, 46-минут), Амаду Думбия (Ыдырыс Умаев, 60-минут), Даниэль Соса, Оралхан Өміртаев (Артур Шушеначев, 60-минут).
Запаста болғандар: Игорь Трофимец, Саятхан Құсайынов (қақпашылар), Лев Скворцов, Аян Байдәулетов, Вячеслав Швырев.
Бас бапкер, Вячеслав Левчук.
3 тамыз 2025 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.
* * *
Басқа кездесулер:
«Қызылжар»-«Тобыл» — 0:2
«Қайрат»-«Ұлытау» — 1:0
«Жетісу»-«Тұран» — 1:0
«Оқжетпес»-«Елімай» — 1:1
«Ордабасы»-«Атырау» — 2:2
* * *
Біздің мергендеріміз:
Жан Жайро, шабуылшы — 6 гол;
Оралхан Өміртаев, шабуылшы — 4;
Дархан Бердібек, жартылай қорғаушы — 2;
Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2;
Неманья Анджелкович, қорғаушы — 1;
Еркебұлан Сейдахмет, жартылай қорғаушы — 1;
Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 1;
Джордже Ивкович, шабуылшы — 1;
Бағдат Қайыров, қорғаушы — 1;
Әлібек Қасым, қорғаушы — 1;
Лев Скворцов, қорғаушы — 1;
Габи Кики, қорғаушы — 1;
Аян Байдәулетов, қорғаушы — 1,
Амаду Думбия, шабуылшы — 1,
Данияр Үсенов, жартылай қорғаушы — 1.
(Бір допты атыраулық Гильерме Мораиш өз қақпасына соғып алды).
* * *
Жерлестеріміз 18 кездесу өткізіп, 10 рет жеңді, 3 рет тең ойнады, 5 рет ұтылды. Ұпай саны — 33. Доп айырмашылығы — 26-14.
* * *
19-турдан соң командалар турнир кестесінде жинаған ұпайларына қарай төмендегіше орналасты:
- «Қайрат» — 43;
- «Астана» — 40;
- «Тобыл» — 38;
- «Ақтөбе» — 33;
- «Елімай» — 29;
- «Оқжетпес» — 29;
- «Ордабасы» — 27;
- «Жеңіс» — 27;
- «Қызылжар» — 19;
- «Жетісу» — 19;
- «Қайсар» — 17;
- «Ұлытау» — 13;
- «Тұран» — 11;
- «Атырау» — 9.
* * *
20-тур ойындары 9-10 тамыз күндері өтеді:
9 тамыз, сенбі
«Оқжетпес» — «Жетісу»
«Ұлытау» — «Қызылжар»
«Атырау» — «Тұран»
10 тамыз, жексенбі
«ЕЛІМАЙ» — «АҚТӨБЕ»
«Қайсар» — «Ордабасы»
«Тобыл» — «Астана»
Бұл турдағы «Қайрат» пен «Жеңістің» кездесуі бұрын өткізіліп, алматылықтар 2:1 есебімен жеңген болатын.
Ертай АШЫҚБАЕВ.



