Балаларды қолдау және әлеуметтік әл-ауқат

Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі — балалардың әл-ауқатын арттырып, денсаулығын нығайту. Сол себепті бұл мақсатта оқушылар үшін түрлі әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мысалы, биыл 16 624 балаға материалдық көмек беру жоспарланып отыр. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 768,4 млн теңге қаражат қарастырылды. 1 балаға шаққандағы қаржы көлемі — 46 228 теңге. Ал тегін ыстық тамақпен 79 мыңға жуық оқушы қамтылады. Бұл үшін облыстық бюджеттен 8,3 млрд теңге бөлінген.
Балалардың каникул кезінде алаңсыз демалуы үшін де мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр. Оқушылардың лагерлерьде тынығып, өңірлерге саяхат жасаулары үшін бюджеттен 228,1 миллион теңге қарастырылыпты. Соның арқасында өңірдегі балалардың 98 пайызы жазғы демалыспен қамтылады.
Облыс балалаларына қандай әлеуметтік көмек беріледі? Біз бұл туралы облыстық білім басқармасы балалардың құқығын қорғау, қорғаншылық, қамқоршылық және арнаулы білім беру бөлімінің басшысы Райхан Нұрхожаевамен сөйлескен едік. Сонымен…
Ыстық тамақ және «Әлеуметтік әмиян»
— Бала — ел ертеңі, мемлекетіміздің болашағы. Сол себепті де олардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы — басты міндет. Білім мен тәрбие беріп қана қоймай, оларға түрлі әлеуметтік қолдауларды көрсету басымдыққа айналып отыр. Мемлекет тарапынан балаларға тегін ыстық тамақ беру, қаржылай және материалдық көмек көрсету, жазғы сауықтыру лагерьлеріне жолдама беру секілді жан-жақты қолдау түрлері жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл игі істер жас ұрпақтың толыққанды дамуына және олардың әлеуметтік қорғалуына зор ықпал етеді, — дейді Райхан Тасболатқызы.
Оның айтуынша, өңірдегі 401 мемлекеттік мектептің бәрінде бірдей тегін тамақтану ұйымдастырылған.Нақтырақ айтқанда,бұл білім беру ұйымдарында білім алатын 70 176 бастауыш сынып оқушысы, 5-11 сынып аралығындағы 8560 жекеленген санаттағы бала, яғни жалпы саны 79 мыңға жуық оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 8,3 млрд теңге (1,7 млрд — жекелеген санаттарға, 6,4 млрд теңге — бастауыш сыныптарға) қаржы бөлініпті.
— Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясат барлық сала үшін — мемлекеттік органдар үшін де, бизнес құрылымдар үшін де басымдыққа ие болуы керек.Бүгінде білім беру ұйымдарындағы тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде облыстағы мектептерге 93 өнім беруші қызмет көрсетеді. Мамандар жеке кәсіпкерлердің бір мекемеде жұмыс жасау өтілдеріне талдау жүргізді. Қорытындысында 5 жылға дейін жұмыс жасаған 56 (60 пайыз) кәсіпкер бар. 5-10 жыл аралығында — 30 (32,3 пайыз), 10-15 жыл аралығында — 7 (7,5 пайыз) жеке кәсіпкер жұмыс жасап жатыр, — дейді басқарма қызметкері.
Ел Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №2 Жарлығының 82-тармағына сәйкес оқу материалдарына лезде қол жеткізуді, мектеп ғимаратына кіруді қамтамасыз ететін және тамақтану үшін төлем құралы болып табылатын оқушыларға арналған сәйкестендіру карточкалары жүйесін іске қосу тапсырмасын орындау мақсатында облыс бойынша 152 мектепке аппараттық-бағдарламалық кешен қондырылған. Осыған байланысты «Алақан» серіктестігімен келісімшарт жасалып, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарына «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен интеграцияланған аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылыпты.Оқушы саны 700-ден аз мектептердің тізімі нақтыланып, аталған білім беру ұйымдарына «Бизнес әмиян» орнату бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қазірде 249 қызмет көрсетуші тіркелді. Нәтижесінде облыс бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе толық қамтамасыз етілді.
Айта кету керек, әлеуметтік әмиян — ел азаматтарына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жоба.
— Әлеуметтік әмиянға қосылудың нәтижесінде мектеп асханасында тамақтануға ақы төлеу, тегін және жеңілдікпен тамақтануды есепке алу және тіркеуді қамтамасыз ету реттелді. Баланың мектепте тамақтанғаны жүйеде есепке алынады және бұл туралы ата-анасы да eGov Mobile мобильді қосымшасында «Әлеуметтік әмиян» арқылы ақпарат алады. Сондай-ақ ата-ана мемлекеттік қолдау шарасының сапасы туралы кері байланыс қалдыра алады. Соның негізінде қызмет көрсету актісі мен төлем шоты жасалады. Электронды табель жүйесі арқылы қаржының мақсатты жұмсалғанын бақылай аламыз, — дейді бөлім басшысы.
Материалдық көмек кімге тиесілі?
Жекеленген санаттағы білім алушыларға Оқу-ағарту министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 158 бұйрығы негізінде қаржылай және материалдық көмек көрсетіледі. Яғни мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар, отбасыларда тұратын жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар, білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттары материалдық қолдауға ие болмақ.
— Былтыр жекеленген санаттағы 17 543 балаға мектепке қажетті оқу киімдері мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында жалпыға міндетті білім беру қорынан 761,4 миллион теңге қарастырылды. Қаражат ата-аналардың есепшоттарына аударылып, балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау толығымен көрсетілді.
Биыл16 624 бала материалдық көмек алады. Бұл мақсатта 768,4 миллион теңге қаражат қарастырылды. Бір балаға шаққандағы қаржы көлемі— 46 228 теңге.
Бұл қаражат тамыз айының аяғына дейін аударылатын болады.
Сонымен қатар 2025 жылдың 1 тамызынан 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы жүзеге асырылады.
Акцияның мақсаты— жекелеген санаттағы балаларға материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу.
«Мектепке жол» акциясын ұйымдастыру және өткізу бойынша биылға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілді. Ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерге ақпараттық хаттар таратылды, — дейді Райхан Нұрхожаева.
Оның айтуынша, аталған акция аясында былтыр көптеген жұмыс атқарылыпты. Көктемгі су тасқыны салдарынан көмекті қажет ететін отбасы балаларын мектепке дайындау мақсатында ірі кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер,жеке кәсіпкерлер тарапынан үлкен қолдау көрсетілген. Нақтырақ айтқанда,18 122 балаға демеушілер тарапынан жалпы соммасы 548,5 млн теңгеге мектеп формасы, спорттық киім, күрте, оқу құралдары алып берілді.
«Жазғы жолдама» немесе қор көмегі
Балаларға көрсетілетін әлеуметтік көмектің бір бағыты —оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру.
— Өткен жылғы жазғы демалыс нәтижелері ескерілген жұмыс алгоритмі әзірленді. Соған сәйкес демалыс нысандарын қабылдау және лагерь қызметкерлеріне нұсқау жүргізу кестелері жасалды, — дейді Райхан Тасболатқызы.
Өңірде 1-10 сынып аралығында 174 959 оқушы білім алады.291 497 бала жазғы демалыс кезеңінде әртүрлі бағыттағы іс-шаралармен қамтылуда (бір бала бірнеше қызмет түрін пайдаланады: қала сыртындағы лагерь, мектеп жанындағы лагерь, саяхат және қосымша білім беру ұйымдарындағы жазғы алаңдар). Оның ішінде бір ғана қызмет түрін 171 809 (98,2пайыз) бала алады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет есебінен 228,1 млн теңге қарастырылған.
Жазғы маусымда 7 сауықтыру орталығы, 699 мектеп жанындағы лагерь және 49 қосымша білім беру ұйымдары жанындағы жазғы алаң жұмыс жасап жатыр.
— Қазір өңірде «Campit»,«Шұғыла», «Нефтяник», «Мұғалжар», «Әлия» маусымдық лагерлері, «Әсем»,«Күншуақ» жыл бойғы лагерлері жұмыс жасауда. Бұл демалыс орындарында 3 айда 10 мың бала тынығады.
Бүгінгі мәлімет бойынша мектеп жанындағы лагерьлерде— 126127, маусымдықта 4716, жыл бойы жұмыс жасайтын демалыс орнында 1254 бала сауықтырылды.
Сонымен бірге 716 бала еңбекпен қамтылып, олар «Жасыл ел» жасағында, «Спарта» шаруа қожалығында жұмыс жасады. Туристік саяхатпен— 26900, қосымша білім беру ұйымдары жанындағы жазғы алаңдарда— 19256 бала қамтылды, — дейді басқарма қызметкері.
Екі жыл қатарынан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып жатыр.
—Биыл біздің өңірдегі 395 оқушыға квота бөлінді. Жоба мектеп өміріне, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, оқуда, спортта, шығармашылықта жоғары нәтижеге қол жеткізген, әлеуметтік осал топтардан және көпбалалы отбасылардан шыққан ауыл мектептерінің 10-14 жас (5-8 сынып) аралығындағы балаларына арналған. Балалардың демалысы қала сыртындағы «Әсем», «Campit», «Шұғыла» лагерьлерінде ұйымдастырылады («Campit» лагері — 148 бала, «Шұғыла» лагері —99 бала, «Әсем» лагері — 148 бала). Квота әр ауданға теңдей бөлінді, — дейді Райхан Нұрхожаева.
Жекеленген санаттағы 16 624 балаға қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерлерге тегін жолдама берілген. Бұл мақсатта жалпыға білім беру қорынан 228,1 млн теңге қаражат бөлініпті.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.


