Басты жаңалықтар

Бала тілі неге кеш шығады?

Қазақта «Бала тілі — бал» деп бекер айтылмаған. Кішкентай бала­ның тілі енді шығып, былдырлай бастағанда қызық көріп сөйлететініміз бар. Алайда соңғы жылдары тілі уақытынан кеш шығатын балалар саны көбейіп барады.

Әлбетте, баланың сөйлеу қабілетіне кері әсер етіп, оны бұзатын себептер өте көп. Бала құрсақта жатқанда анасының жиі ауруы, ұзақ уақыт емізік емген бала таңдайының дұрыс қалыптаспауы, жейтін тағамдарының құнарсыздығы, тіпті балалардың телефоннан көз алмауы секілді себептерді тізе беруге болады. Біз осы мәселе жайында арнайы маманмен тілдескен едік…

Себебі мен салдары…

Тарихқа зер салатын болсақ, ел арасында «Бала би» атанған от ауызды, орақ тілді шешен өрендер болған. Жастарға үлкен сенім артқан Мағжан Жұмабаевтың тілі ерте шығып, төрт жасында хат таныған. Баланың тілі ерте шығуы үшін ата-бабамыз түрлі ырымдар да жасаған. Ал қазір 3-4 жасар балғындардың көпшілігінің тілі анық емес. Мұны күнделікті ортада да аңғарып жүрміз. Кішкентайының сөйлей алмауын еркелікке санап, «ер баланың тілі кеш шығады» деп, өзін-өзі жұбатып жүрген ата-аналар да көбейді.

Ақтөбе қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Нұргүл Айтжасарованың 6 баласы бар. Үлкен қызы 3-сыныпта оқиды. Бірақ «ң», «р» әріпін дұрыс айта алмайды. Кішкентай кезінде еркелік деп мән бермеген. Кейін сабаққа барған кезде қыздың өзі анасына достары әріпті дұрыс айта алмағаны үшін келемеждейтінін айтқан. Көпбалалы ана 3 жасар ұлының да сөйлемейтінін жеткізді. Сөздік қорында 2-3 сөз ғана бар. Бәрін ым-ишара мен қимылмен ұғындыратын көрінеді.

Қазіргі кезде қала ішінде  жеке тіл оқыту  орталықтары жұмыс жасайды. Олардың саны да күн өткен сайын артуда. Демек, сұраныс бар.

Талшын Өтешова — білікті логопедтердің бірі. Ол Ақтөбе қаласындағы №2 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығының логопеді. 20 жылдан астам уақыттан бері қаладағы бірқатар түзету мекемелерінде қызмет атқарып келеді.

— Біз орталыққа алғаш келген баланың мүмкіндігін қарап шығамыз. Дәрігерлер мен педагогтер баланы кешенді түрде тексереді. Диагнозына байланысты қажетті бағдарлама бойынша балабақшалар мен мектептерге жібереміз.

Жалпы баланың тілі кеш шығуының бірнеше маңызды себептері бар. Сөйлеу тілі уақытында даму үшін екі жақты қарым-қатынас өте маңызды. Ең бастысы — ата-анамен қарым-қатынастың аздығы. Баламен жиі сөйлесіп, кітап оқу керек. Қазір ата-аналар жұмыстан шаршап келіп, баламен тілдесуге, оған арнайы көңіл бөлуге уақыты жетпей қалып жатады. Сондай-ақ екі немесе көптілді отбасында балаға нақты тілді меңгеру қиынға соғады.

Әрине, қазір бала тілінің кеш шығуына смартфон мен теледидарды да ерте жастан көрсету түрткі болып отыр. Бұл уақытта баламен тікелей тілдесу азаяды. Үйде бәрі телефонға телмірген соң, кішкентайға тыйым салу қиын. Уақыт өте келе, ойын мен мультфильмге тәуелділік пайда болады. Бір нүктеге қадалу, интернеттегі керегі жоқ ақпараттар баланың дамуын тоқтатып тастайды. Сондықтан бәрінің шегі болуы керек, — дейді Талшын Өтешова.

Оның айтуынша, бала 2 айлығында «гуілдеп», 6 айында былдырлап бастайды. 1 жасында ма-ма, па-па, ба-ба секілді буындарды, қысқа сөздерді айтуы керек. Ал 2 жасында сөздік қорында 20-30 сөз болып, қарапайым фразаларды қолдануы қажет. Мәселен, «далаға барам», «тамақ ішем» деген секілді екі сөзді қосып айта алуы қажет. 3 жаста баланың сөздік қорында 200-300 сөз болады. Сұрақтар қоя бастайды. 4-5 жасында өз ойын толық білдіре алады. Дыбыстарды анық айтып, мектепке баруға дайын болуы керек.

— Қазіргі кезде дамуында бұзылысы бар балалар арасында «Психикалық дамуының тежелуі» диагнозымен келетіндер көп. Яғни балалардың дамуы өз жасына сай емес. Соның салдарынан мектеп бағдарламасын игере алмайтын бала саны артып барады. Мұндай диагноздағы балалардың интеллектуалды даму деңгейi, зейiнi, есте сақтауы, ойлауы төмен болып келедi. Осы себептерге байланысты  психикалық дамуы тежелген балалардың оқу үлгерiмi төмен болады. Оның негiзгi белгiлерi: сабаққа белсендiлiгi байқалмайды, берiлген тапсырмаларды үлкендердiң көмегiнсiз дұрыс орындай алмайды, өз ойын ашық айта алмайды, көп қате жiбередi, зейiнi тұрақсыз болады. Психикалық дамуы тежелген балалардың тiл байлығы — әдеттегi балаларға қарағанда 20-30 пайыз төмен деңгейде, — дейді логопед маман.

Баланың ойын қалай дамытамыз?

Мамандардың айтуынша, баламен бірге суретті кітаптарды көбірек қолданып, сюжетті, рөлдік ойындар ойнаған дұрыс. Әрдайым мақтап, жігерлендіріп отыру да өте маңызды. Сондай-ақ баланың жейтін тамағы да сөйлеуіне әсер етеді екен. Себебі сөйлеуге ауыз қуысындағы бұлшық еттерінің дамуы үлкен рөл атқарады. Көбіне ата-аналар мұны ескере бермейді. Ұзақ уақыт бойы езілген, жұмсақ тағамдарды тұтынғанда баланың жақ, тіл, ерін бұлшық еттері әлсіз дамиды. Бұл — дыбыстарды бұзып айтуына әкеледі. Сондықтан қатты тағамдарды шайнап жеуге үйрету керек.

— Жас ата-аналарға айтар кеңесім, уақтылы жақсы дәрігерлерге барып, балаларыңызды тексертіп тұрыңыздар. Егер бала 1-2 жасында дауысқа жауап бермей, атын атағанда қарамайтын, көзбен байланыс орнатпайтын болса, тәбеті мен ұйқысы бұзылған жағдайда дереу дабыл қағу керек. Баланың болашағы үшін соңына дейін күресіп, тиісті мамандарға тексертіп, оң нәтижеге қол жеткізуге болады. Ем шараларын қабылдағаннан кейін баланың денсаулығында оң өзгерістер пайда болғандар да бар, — дейді ол.  

Осы тұста бүгінде бала тілінің кеш шығуына бөтелке мен емізікті ұзақ уақыт бойы беру де себеп болып отыр. Бала кемі алты айдан асқан соң оны қолданудан бас тартуы керек. Емізікті көп емудің салдарынан баланың ауыз қуысының дәмі өзгеріп, дұрыс тамақтануына зиян келтіреді. Алғашқы сүт тіс­тері шыққан кезде жайсыздық туғызады. Емізікпен қатар, балаға қосымша сұйық тамақ­тарды бөтелкемен беріп, оған да бой үйретеміз. Ақырында бала ес білгенше бөтелкемен тамақ ішуді әдетке айналдырады.

Ертегісіз өскен ұл — бағдарсыз өскен бала

Атақты ойшыл Альберт Эйнштейнге «Балаларымызды қалай ақылдырақ етуге болады?» деген сұрақ қойылыпты. Ғалым өз жауабын қысқа да нұсқа қайырған: «Егер сіз балаңыздың ақылды болғанын қаласаңыз, оған ертегі оқыңыз».

«Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде…» деп басталатын ертегілер балалық шағымыздың ең жарқын естелігі емес пе? Балалардың бәрі ұйып тыңдайтын көптеген ертегінің соңында кейіпкерлер мұратына жетіп, бақытты болып жататын. Ал бүгінгі балғындарға әжелеріміз «Ұртоқпақты», «Мақта қыз бен мысықты» айтатын деп көріңізші. Мұндай ертегі барын бірінші рет естіп тұрғандай таңырқай қарауы мүмкін. Өйткені олардың қызығы басқа, ермегі бөлек. Балғын қиялдары ғаламтормен, смартфонмен ұштасып жатыр. Ұлттық тәрбиенің көзі болған ертегіміз өгейсіп тұр. Шындығын айтқанда, ата-ананың ертегі айтуға уақыты жоқ…

— Бала күнімізде күнде ертегі тыңдамай ұйықтамайтынбыз. Бүгінде зейнеттік жаста болсам да, сол баяғы ертегілер есімде. Есіме түсіріп, немерелеріме айтып жүремін. Естерінде қалсын деп өзім айтып болған соң мазмұнын сұраймын. Себебі ертегі айту баланың сөздік қорының баюына, дұрыс сөйлеуіне ықпал етеді. Меніңше, заман талабы деп бәріне көз жұма беруге болмайды. Білгенімізді үйретпесек, кезінде қариялардан естігенімізді немеренің құлағына құймасақ, әже деген ардақты атты несіне иемденіп жүрміз?!  

Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын», — деген екен.

Бала айтқанды емес, көргенді жасайтынын ескерсек, әр үйде бір адам күнде газет-журнал, кітап оқып отырса, қызығушылығы мен ынтасы артары анық, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны, көпбалалы зейнеткер Алтын Дәрібаева.

Жалпы, бала алты айлық кезінен бастап гуілдесе, 3 жасқа дейін сөздерді анық айтып, одан жоғары жаста сөйлем құрап, ойын жеткізеді. Сондықтан бала тілі шыққанда аса мән беріңіз. Тек уақыт өткізіп, қолыңызды мезгілінен кеш сермеп қалма­саңыз болғаны…

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button