Басты жаңалықтар

«Абай мұрасы ешқашан ескірмейтіндігімен құнды»

Бүгін, яғни 1 тамыздан бастап елімізде «Қазақтың бас ақыны» (А.Байтұрсынов), ұлы ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған негізгі іс-шаралар басталады. 1-10 тамыз аралығында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде сандаған іс-шара ұйымдастырылады. Олардың басым бөлігін ұлы ақынның туған өңірі — Абай облысында, осы облыстың орталығы Семей қаласы мен «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды музей-қорығында өткізу жоспарланған. Бұл жерде еліміздің барлық аймағынан, шетелдерден келген делегациялар бас қосады.

Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына орай Абай жеріне біздің облыстан баратын делегацияның мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжановпен сұхбаттасқан едік.

— Сіздің бала кезіңізде Абайдың шығармашылығы, ұлы ойшыл ретіндегі тұлғасы қаншалықты насихатталды? Абай қазіргідей танымал ма еді? Жалпы, өзіңізге Абай тұлғасы несімен жақын?

— Мен ес білгелі барша қазақ Абайды ең биік тұғырға лайық, ұлы тұлға ретінде таниды. Ол өзінің көзі тірісінде-ақ айналасына, туып-өскен өңіріне, тіпті одан да тыс жерлерге танымал болды. Бұл оның болыс болғанынан, аға сұлтан Құнанбайдың баласы болғанынан емес еді.Ол рухани тұлға ретінде көпшілік жүрегіне жол таба білді, сол арқылы ел-жұртына танылды. Абайды ақын деп тану аз. Ол — ұлт тағдырына, өмірдің барлық саласына қатысты өзінің ойын, пікірін, қарсылығын да ашық жеткізе алған ойшыл тұлға.

Абай тұлғасын, оның ұстанымдарын насихаттау ісіне ең алдымен алаш көшбасшылары ден қойған. ХХ ғасыр басында Орыс географиялық қоғамының екі жылда бір рет шығып тұратын журналы болды.Әлихан Бөкейханов 1905 жылы осы журналға Абайдың өліміне қатысты мақала жолдаған. Абай 1904 жылы дүниеден озғаны белгілі. Бөкейхановтың мақаласы журналдың 1905 жылғы нөміріне үлгермей, 1907 жылғы нөмірге шыққан. Бұдан соң басқа алаш зиялылары да Абай мұрасына ден қойды. Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» атты мақала жазды. Ол «Қазақ» газетіне жарияланды. Жүсіпбек Аймауытов, алаштың жас буыны —Мұхтар Әуезов, Сұлтанмахмұт Торайғыров және басқалар осы тақырыпқа қалам тербеді.

Абайдың өз жұртына деген жанашырлығы, тілеулестігі, қазақ та адамзаттың ұлы көшіне қосылса, жаңа заманнан өз орнын алса деген арманы алаш зиялыларының мақсат-мұратымен үндес еді. Сондықтан олар «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» (Ахмет Байтұрсынов) деп санады.

Кеңестік заманда бүкіл идеология таптық көзқарасқа бағындырылды. Бұл тұста Абайға қырын қараушылар да өз ойларын ашық айтып, оныңтұлғасы төңірегінде дау-дамай өрбіді. Алаш көшбасшыларының оған деген жылы пейілін желеу етіп, Абайды біржола «жау» қылып шығарғысы келгендер де болғаны белгілі. Алайда Ұлы Отан соғысы басталмас бұрын-ақ, Абай қалың бұқарамен, халықпен мұңдас ақын ретінде әдебиетіміздің тарихынан орын алды. Алаш зиялыларының ізбасары Мұхтар Әуезов ғылымда абайтану саласының негізін қалады. Ал «Абай жолы» романымен алдымен, яғни 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алса, 1959 жылы романның толықтырылған, төрт томдық нұсқасына Лениндік сыйлық берілді. Мен докторлық диссертациямды Мұхтар Әуезовтің ойшылдығы тақырыбында қорғадым. Әрине, Абайды жақын тұтқан адам, Әуезовті де жақын тұтпай тұра алмайды. Абай философиясын университет қабырғасында жүрген студент кезімнен зерттеп келе жатырмын. Абай өз дәуірінде-ақ ұлтымыздың болашағын, өсіп-өркен жаюын өнер-біліммен, ғылыммен, адал еңбекпен байланыстырды. «Адамзатты қор қылатын үш нәрсе: надандық, еріншектік, залымдық — білімсіздік пен тәрбиесіздіктен туындайды» деп түсіндірді.

Ол — біздің рухани мәдениетімізді, рухани болмысымызды тұтастандырып тұрған ұлы тұлғалардың бірі және бірегейі. Біздің рухани паспортымыз — Абай. Сондықтан да рухани серпілу, жаңғыру, тазару үшін, ең алдымен,Абайға үңілеміз.

— Абай философиясы дегенде, оның тамыры, шығу тегі қайда деген сауалға да үңілу керек…

—Абай ойшылдығының түп-тегі, қайнар көзінің бірі — қазақтың халық ауыз әдебиеті. Мұның ішінде, әрине, мақал-мәтел де, эпостық жырлар да, шешендік сөздер де, жыраулар поэзиясы да бар. Екіншіден, ол ата-бабасынан билік үзілмеген тұқымнан шықты. Шешендік сөз дегеніміздің өзі көбіне ел ішіндегі билердің әділ үкімі, тапқырлығы, кесімді сөзінен тарайтын үлкен бір тарау ғой. Осының бәрі оның қанына, тәрбиесіне сіңген.

Сонымен бірге өскен, өмір сүрген ортасы да Абайдың дүниетанымына, шығармашылығына ықпалын тигізді. Ал ол дәуірде Семей өңірі қазақ даласындағы жаңа заманға, озық үлгілерге жақындау орталықтардың бірі болды. Басқа ұлттардың өкілдерімен, өз заманындағы ойлы тұлғалармен араласып, пікірлесуге, ізденуге мүмкіндік бар еді. Мұны да ескеру керек.

—Бүгінгі буын, ХХІ ғасырдың ұрпағы үшін Абай мұрасы несімен құнды?

— Абай — қазақ сөз өнерінің алыбы, қазақ әдебиетінің классигі. Ал әр классик қаламгердің туындысы ешқашан ескірмейтіндігімен құнды. Әр ұрпақ Абайдан өз керегін іздеп таба алады. Бұрынғылар да керегін алды, бүгінгілер де керегін тауып, өзіне рухани азық етеді.

Мемлекет басшысы өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы ақынның «өлеңдері мен қарасөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды», — деп атап көрсетті. Ұлттың кешегі, бүгінгі келбетіне үңілуді ойлаған, ұлт тағдырына алаңдаған әр азамат Абайға айналып соқпай тұра алмайды. Абай мұрасын зерделеу арқылы ол өзіне сырлас табады, өзін толғандырған сауалдарға жауап алады.

Абай мұрасы — кеше де, бүгін де, ертең де әр ұрпаққа жол көрсететін шамшырақ іспеттес болып қала береді.

— Абай заманында басты мұрат — біртұтас халық болып сақталып қалу, өркениет көшіне ілесу еді, қазір мемлекеттілікті нығайтуды, көштіңалдыңғы қатарынан орын алуды ойлаймыз. Абайдыңөсиет сөздері бүгін де ұлттық идеологияның қайнар көзі ретінде өзектілігін жойған жоқ…

— Мемлекет өз функциясын жүзеге асыруы үшін идеологиялық саясат жүргізілуі керектігі түсінікті.Бүгінгі күні қоғамға «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ұсынылып, адал азамат, біртұтас ұлт, әділетті мемлекет — елдіктің үштағаны ретінде айқындалды.

Абай да өз шығармаларында елдегі береке-бірліктің бастауы әділдік екенін әрдайым айтады. «Досыңа достық — қарыз іс, дұшпаныңа да әділ бол» — дейді.

«Алланы сүй, адамзатты сүй, әділетті сүй, Осы үшеуі болады — имани гүл» деп, әділдікті, адамды сүйген жерде, қашанда берекелі тірлікке жол ашылатынын меңзейді.

Тіпті меритократия мәселесіне де мән береді. Ол адамды мәртебесіне, қызметіне, байлығына қарай емес, еңбегіне, адамгершілік қасиеттері мен талабына, білігіне қарап бағалау керек деп есептейді, жастарды осы тұрғыда тәрбиелеу қажеттігіне ден қояды.

«Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі — бос» деп бірліксіз елдің азып-тозып кететінін ескертеді. Тағы бір ойын:

«Берекелі болса ел — жағасы жайлау ол бір көл,

Берекесі кеткен ел — суы ашыған батпақ көл.

Берекеңді қашырма,

Ел тыныш болса, жақсы сол» — деп түйіндейді.

Өзінің біліміне, еңбегіне сүйенетін адал азамат тәрбиелеу ісін жолға қою, билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалогке жол ашу елдің ертеңіне деген сенімді нығайта түсері анық.

— Бүгінде әлеуметтік желілер әр адам өз пікірін айтатын мінберге айналды. Абай мен оның мұрасы туралы да сан қилы, тіпті қисынсыз дүниелеркезігеді. Осыған байланысты пікіріңізді білсек?

— Иә, әлеуметтік желіде әркім өз пікірін жеткізе алатын ашықтық бар, бұл — жақсы жағы. Алайда өз сөзіне жауап беру жағы кемшін, бұл — қынжылтатын тұсы. «Пайда ойлама, ар ойла» деген ғой Абай. Өкінішке қарай, кейбіреулер «пайда» ойлап — сенсация қуып, жұртты өзіне қаратуды көздеп, елеп-екшеп алмай, ойына келгенді жария етуге құмар.

Мысалы, бір пікір иесі Абайды Ыбырай Алтынсаринмен салыстырып, «ол мектеп аша алмады» деп «кінәлапты». Біріншіден, Абай педогог емес. Екіншіден, ол — ақын ретінде, рухани реформатор ретінде өз шәкірттері болған, оларға терең тәрбие берген, өнеге қалдырған тұлға. Абайдың ақындық мектебін, оның рухани мұрасын жалғастырған ізбасарларының болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Айталық, ол мектептен Шәкәрім шықты, өзінің еңбектері арқылы Абайдың ісін жалғастырды.

Абай қазақтың жазба әдебиетінің басында тұрды. ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының бәрі де «Абайдан кейінгі ақындар» деген ат алды. Сондықтан мұндай ақылға сыйымсыз пікірлер, әрине, қатты қынжылтады. Дегенмен халық ақ-қарасын ажырата алады деп ойлаймыз.

Әңгімелескен Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button