Басты жаңалықтарДенсаулық

Балалар арасында көз ауруы көбейіп барады

Қазіргі таңда балалар арасында көз ауруы көп. Мектеп оқушыларының 70-80 пайызының көру қабілеті нашар. Ақхалаттылар осылай деп дабыл қағуда. Ал көз ауруының көбею себебі неде? Мамандар қандай кеңес береді? Осы ретте Ақтөбедегі  №1 қалалық емхананың балалар көз дәрігері Айнұр Әлішпаевамен тілдескен едік…

Миопия қандай ауру?

Айнұр Әлішпаеваның айтуынша, соңғы жылдары балалар арасында көз ауруы көбейген. Оның ішінде туабітті аурулардан бөлек, жүре пайда болатын сырқат түрлері жиі кездеседі.

— Қазір балалардың көпшілігі ұялы телефон, планшет,гаджет, компьютер пайдаланады.Бұл көзге шектен тыс салмақ түсіреді. Соның кесірінен аурудың да түрі көбейді. Мәселен, жыл сайын №1 қалалық емханаға қарасты мектеп оқушылары жасына сай медициналық тексерістен өтеді. Биыл тексеруден  9 мың бала өтсе, оның 60 пайызының  көру қабілетітөмен екендігі анықталды. Оның ішінде оқушылардың  30 пайызы көзілдірік киеді. Бұл — алаңдатарлық жағдай. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, балалар арасында  миопия ауруы өршіп тұр.

Миопия — көздің шыны тәрізді мөлдір қабығының бұзылуы, көз түбінің зақымдануы, яғни науқас жақындағы заттарды анық көріп, алыста орналасқан денелерді бұлыңғыр көреді.  Қандай да бір бейне көз торына емес, оның алдына түседі, осы кезде миопия пайда болады. Бұл процес көз алмасы қатты ұзарып кеткенде жүреді.Себебі ұзарып кеткен көз алмасы сәуленің торлы қабыққа өтуіне кедергі болады.Сонымен қатар миопия көз бұршақтың және қасаң қабықтың пішіндері өзгергенде дамиды.Бұл көздің медицина тілімен айтқанда сындырушы күшінің көптігіне немесе көз алмасының ұзындығының үлкендігіне байланысты болуы мүмкін. Жоғары дәрежедегі миопия — аурудың ауыр түрі.  Миопияның ауыр түрі кезінде көз алмасы созылып, өте қатты ұзарып кетеді.Бұл көз торының тесілуіне, жыртылуына және қыртыстануына алып келеді. Осыдан кейін көз торының астында жаңа қан тамырлары пайда болып, көру нашарлайды, — дейді Айнұр Әлішпаева.
Дәрігердің айтуынша, миопия кез келген жаста дамуы мүмкін. Бұл ауру көп жағдайда  8-12 жаста анық білінеді екен. Егер баланың тұқымында  осы аурумен ауыратындар тіркелсе, онда ауруға бейімділігі жоғары болады.

Белгілері қандай?

Айнұр Әлішпаеваның айтуынша, миопияға шалдыққан бала алыстағы заттарды анық көре алмайды. Басы жиі ауырады, көзі тез шаршайды,  алыстағы затқа қараған кезде көзін сығырайтады, көзін жиі жыпылықтатады. Телефон, кітап немесе басқа да заттарды жақыннан қарауға тырысады. Дәрігер егер миопияны уақытында емдемесе, көру қабілеті одан әрі нашарлай беретінін айтады. Тіпті алыстағы ғана емес,  жақындағы заттарды да көру қиындай түседі екен. Әбден асқынған жағдайда көздің катаракта, глаукома секілді ауруларының пайда болуына әкеледі екен. Сондықтан ата-аналар баласында осындай белгілерді байқаса, дәрігерге тексертуі керек.

— Көп жағдайда қабылдауыма келетін науқастар көрудің нашарлағанын, заттардың бұлдырлайтынын айтады. Көзді толық тексерген кезде миопиядан бөлек, басқа да бұзылыстарды анықтаймыз. Жалпы, ата-аналар жылына бір рет болса да баласының көзін тексертіп тұрғаны жөн. Ауру алғашқы сатысында анықталса, толық емделуге, көздің көру қабілетін қалпына келтіруге  болады. Миопияға шалдыққан науқастарға арнайы көзілдірік,жанаспалы линзалар немесе хирургиялық ем қолданылады. Тағы бір ескеретін нәрсе, бұндай ауру кезінде көзілдірікті дұрыс таңдау маңызды. Дұрыс таңдалған көзілдірік көру қабілетін жақсартады. Жанаспалы линзалар да науқастың анық көруіне мүмкіндік береді. Егер дұрыс орналасса, ол көзге өте ыңғайлы тұрады.Алайда жанаспалы линзалар барлығына бірдей жаға бермеуі мүмкін. Сондықтан алдымен дәрігермен кеңесіп барып тағу керек. Сондай-ақ рефракционды ота жасалады. Бұл —  қасаң қабықтың пішінін өзгертуге арналған хирургиялық ем.Осы емнің арқасында науқас көзідірікке және жанаспалы линзаларға тәуелді болмайды. Рефракционды хирургияның да түрі көп. Ал оның науқасқа қай түрі жасалуы керектігін дәрігер шешеді. Сондықтан ата-аналар баласының көзін емдеткен кезде осының барлығына мән беріп, маманның кеңесін мұқият тыңдауы керек,— дейді Айнұр Әлішпаева.

КЕРЕК КЕҢЕС
– Экран алдында 20 минут сайын демалыс жасаңыз.
– Көзге арналған гимнастиканы ұмытпаңыз.
– Дұрыс жарықтандырумен жұмыс істеңіз.
– Көз дәрігеріне тұрақты түрде қаралыңыз.

Аурудан қалай сақтануға болады?

Дәрігердің айтуынша, бала үшін көз гигиенасы өте маңызды. Бұл аурудың алдын алады.

Ата-ана баланың көзіне түсетін күштің мөлшеріне көңіл бөлу қажет. Мәселен, бала кітапты тек жақсы жарықтандырылған жерде және  үстел басында отырып оқуы керек. Жатып немесе тамақтанып отырып оқуға болмайды. Теледидарды ұзақ уақыт қарамау керек. Ал  екі жастан кіші балаларға теледидарды мүлдем көрудің қажеті жоқ. Бұл көзге түсетін күш мөлшерін көбейтіп қана қоймайды, баланың  орталық жүйке жүйесіне әсерін тигізеді. «Екі көзің — шырағың, екі аяғың — пырағың» дейді дана халқымыз. Көз жанарымыз жоғалса, оны қалпына келтіру өте қиын. Денсаулықты  сақтауды әр адам өз отбасынан бастау керек. Ал ұрпақ денсаулығына әрбір ата-ана, ұстаз және әр адамның өзі жауапты.Қазір ата-аналардың көпшілігі баласын тыныштандыру үшін қолына телефон ұстатып қояды. Ал оның көзіне қалай зиян тигізіп жатқанына тіпті бас ауыртпайды.  Тіпті бесіктегі балаға да телефоннан түрлі мультфильмдер көрсететін келіншектер бар. Бұл баланың көзіне өте зиян, — дейді Айнұр Әлішпаева.

Сондай-ақ мамандар көз ауруының алдын алу үшін дұрыс тамақтану керектігін айтады. Құрамында дәрумені мен қоректік заттары көп табиғи тағамдарды тұтынған жөн. Мәселен, көкөніс пен ет сорпалары, теңіз өнімдері, жаңа піскен көкөністер, жидектер, кептірілген жемістерді жиі тұтынған дұрыс. Жұмыртқа, жарма, қышқыл сүт өнімдері де көзге пайдалы көрінеді.

КӨЗГЕ ЖАТТЫҒУ ЖАСА!

Дәрігерлердің айтуынша, көзге жаттығу жасау көру қабілетін арттырады. Көз бұлшық еттеріне күн сайын жаттығу жасау керек екен.  Әсіресе таңертең және кешкілік уақытта көзді шынықтырған әлдеқайда пайдалы көрінеді.  Сонымен қатар жаттығуды алдымен аздан бастап, үйрене келе көзді көбірек шынықтыруға болады. Жай қимылмен, линзасыз және көзілдіріксіз жасаған дұрыс. Сонда көздің көргіштігі жақсарып, қалыпты жұмыс жасай бастайды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button