Басты жаңалықтарЖұмысшы мамандықтары жылы

Теміржолшыларға ескерткіш орнатылды

Тамылжыған тамыз айының алғашқы жексенбісі — шойын жол шеберлерінің кәсіби мерекесі. Бұл  — бүкіл өмірін осы салаға арнаған ардақты ардагерлеріміздің, бүгінде аға буынның еңбек жолын табысты жалғастырып жатқан теміржолшылардың мерейі. 

Теміржолды ел экономикасының күретамыры десек, осы салада аянбай тер төккен еңбек адамдары ерекше құрметке лайық. Осы орайда Мұғалжар ауданындағы ардагер теміржолшылардың ұрпақтары қаржы жинап, ескерткіш орнатты. Бұл айбынды мемориал барлық теміржолшылардың қажырлы еңбегін асқақтататын белгі болып қалмақ.

Ескерткіш Мұғалжар ауданындағы Теміржолшылар саябағына орнатылды. Онда 70-тен астам еңбеккердің аты-жөндері тасқа қашалып жазылған. Мереке қарсаңында жан-жақтан жиналған ата-баба ұрпақтары үлкен ас беріп, рухына тағзым етуді көздеп отыр.

Ізгі шараның өтуіне мұрындық болып, ұйымдастырып жүрген ауданның зейнеткері Оразмағамбет Жолбаев теміржол туралы әңгіме қозғап, оның тарихына, саналы ғұмырын сол салаға сарп еткен жұмысшылар туралы кеңінен айтып өтті.

— Теміржолшылардың тынымсыз тірлігі Қазақстанның экономикасына қомақты үлесін қосуда. Өйткені айшылық алыс жерлерге аман-есен жетуде, жолаушының жол азабын азайтуда, оған қоса жүк тасымалының қарқынды дамуында теміржолшылардың темірдей тәртібі менмұндалап тұр.

Мұғалжар станциясы бұрынғы Орынбор-Ташкент теміржолы 1905 жылы ақпатша заманында салынып, іске қосылған екен.  Бұл қазақ даласындағы үлкен жаңалық болды. Далада малмен айналысып жүрген отырықшы қазақтар теміржолға жұмысқа тартылып, станция бойына қоныстана бастады.

Бүгінде, міне, Мұғалжар теміржолының құрылғанына 120 жыл толып отыр. Біз бала кезімізде осы теміржолдың бойында ата-аналарымыздың қандай маңдай тері тамғанын көріп өстік. Тіршілігі теміржолмен біте қайнасып, темірдей тәртіпке бағынды. Жылдың қай мезгілі болсын, уақытпен санаспай күн демей, түн демей, ыстық пен суыққа да қарамай еңбек етті. Мұндай ауыр еңбек денсаулықты алмай қоймайтыны белгілі. Соның салдарынан көпшілігі ерте  өмірден озып кетті. Олардың даңқты еңбек жолы — біз үшін зор мақтаныш, — дейді Оразмағамбет Жолбаев.

Сондай-ақ ол сөз соңында ескерткіш орнатуға атсалысқан теміржолшылардың ұрпақтарын атап өтті. Атап айтсақ, олардың қатарында Жоламан Құлқаев, Даража Кұлқаева, Шаттық Жандулин, Қуаныш Жанаев, Нұрбол Сапақов, Бегалы Қалиевтер бар.

Мәрмәр тақтаға есімі жазылған 72 адамның бәрі — тұрмыс тұралаған, қиын кезеңдерде еңбек етіп, елдің еңсесін көтеруге өлшеусіз үлес қосқан азаматтар.

Осындай құндылықтарды дәріптеу арқылы біз теміржолшылардың ерен еңбегін кейінгі буынға үлгі ететініміз сөзсіз.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button