Жұмысшы мамандықтары жылы

Әке жолын жалғаған

Теміржол десе, көз алдымызға ең алдымен зулаған пойыз, асыққан жолаушы, аялдаған вокзал елестейді. Алайда теміржол әлемі тек сонымен шектелмейді. Бұл — шексіз қозғалыстың, мыңдаған адамның еңбегі мен тәртібінің тоғысқан тұсы. Тоғыз жолдың торабындағы Қандыағаш қаласында осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген 17 мекеменің мыңдаған қызметкері бар. Солардың бірі – теміржолшылар династиясын жалғастырып келе жатқан Амангелді Жақсыбаев.

20 жылдан астам уақыт осы салада үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Амангелді Атырауұлы бүгінде Қандыағаш локомотив пайдалану депосында нұсқаушы машинист болып жұмыс істейді.

Атам Жангелді бұл саладағы жұмысын паровозда от жағушылықтан бастап, машинист көмекшісіне дейін көтерілген екен. Осы саладан зейнетке шыққан. Әкемнің ағасы Тама да паровоз машинисі болса, әкем Атырау Жақсыбайұлы Локомотив пайдалану депосында көмекші қызметінен машинист қызметіне дейін көтеріліп, осы саладан зейнетке шықты,— деді ол.
Теміржолшылар арасындағы игі дәстүр Жақсыбаевтар отбасын да айналып өткен емес. Бүкіл ұрпақтың бір салада бір мамандық бойынша жұмыс істеуі дәстүрге айналғандай. Амангелді Атырауұлының зайыбы да осы салада. Келіншегі Айнұр Қандыағаш вокзалында диктор болып жасайды. Ал ұлы Ахмет теміржол колледжінде оқысы, қызы Аруна 9-сынып оқушысы.

Қарындасым Алмагүл 18 жылдан бері жанармай қоймасында жанармай құю операторы болса, одан кейінгі інісім Аманжол Қандыағаш вагон депосында вагон қараушы болып жұмыс істейді. Тағы бір қарындасым Нұргүл Астана қаласындағы КТЖ департаментінде қызметте. Ең кіші қарындасым Айгерім Қандыағаш станциясында теміржол паркі бойынша кезекші болса, үйдің кенжесі Әбубәкір теміржол саласы бойынша жеке кәсіпкер.

Жалпы өзімді 2005 жылға дейін әр түрлі салада өзін сынап, жеке шаруашылықта да еңбек еткеніммен осы салаға жүрегім бұрып тұрды. Сол жылдан бастап теміржолға көмекші болып жұмысқа орналастым. 2007 жылы машинист қызметіне көтеріліп, 9 жыл машинист болдым. 2016 жылдан бері нұсқаушы машинист қызметіндемін, — дейді теміржолшы.

Балалық шағы шойын жолдың бойында өткен кейіпкеріміздің құлағына тепловоздың дауысы, темір доңғалақтардың гүрсілі әбден сіңіп кеткен. Сан мыңдаған адам мен тонналаған жүктің діттеген жеріне аман-есен, басы бүтін жетуі осы саланың қызметкерлеріне тікелей байланысты. Бұл мамандық иелеріне артылған сенім жоғары. Олар пойыз қозғалысы қауіпсіздігінің сақталуына бірден-бір жауапты маман. Атқарылған жұмыстарды сағат сайын саралап, жіберілген кемшіліктердің қайталанбауы үшін сақтық шараларын ұдайы жүргізіп, машинистердің кәсіби шеберлігін көтеру бағытында түрлі шараларды ұйымдастырып отырады. Қыс, жаз айларында күрделі ауа райы жағдайында кездесіп қалатын қиын жағдайларға үнемі дайын болуды, сын сағатта дұрыс шешім қабылдай білу жолдарын айтып отырады.

Арнайы график арқылы жұмыс жасаймыз. Қарамағымда 25 машинист, 25 көмекшім бар. Қауіпсіздікті сақтау, қателіктер болдырмау үшін жұмыстанамыз. Қазір жаңа технология, соған сай жаңа тепловоздар бар. Соларды үнемі қарап, бақылапотырамыз. Жастарғаүйретеміз, сабақбереміз. Жұмыстарына бірге шығып, жолсапарларына бірге барып-келіп, жол бойы білмегендерін үйретіп, түсіндіріп, бақылаймыз, — дейді ол.

Апатты жағдайдың алдын алып, жауапты кезекші диспетчерлерге дереу хабар беретіндер де осы машинистер. Теміржолдағы жағдайдың кешегіден көш ілгері екенін айтқан Амангелді Жақсыбаев жұмыстың көптігінен де, қиындығынан да қашпайтынын жеткізді.

Әйгерім ДАРХАНҚЫЗЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button