Басты жаңалықтар

«Qobda Milk» — өзіміздің өнім

Қобда ауданында ауыл шаруашылығына жан-тәнімен берілген еңбекқор отбасы сүт өнімін өндіріп, бүгінде өңірдің брендін қалыптастыруда. «Qobda Milk» аталатын сүт өнімдері —ерлі-зайыптыТимур Ситмағанбетов пен Нұрсұлу Сатаеваның отбасылық кәсібі. Олардың өнімдері бүгінде аудан тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие, облыс көлемінде де кеңінен танылып келеді.

Негізгі бағыт — элит-класс сүт өнімдерін шығару. Қожалықта бүгінде 300-ге жуық асылтұқымды сементал сиыр бар. Олардан алынатын сүттің майлылығы—  4,5-6,5% аралығында. Шаруашылықта 10-ға жуық адам еңбек етеді. Дегенмен өндіріс ауқымы ұлғайған сайын жұмыс күші жеткіліксіз болып отыр.

Бүгінде «Qobda Milk» брендімен құрттың бірнеше түрін, ірімшік, қаймақ (майлылығы 82 пайыздан жоғары), йогурт, балқаймақ, сарымай және тағы 20-дан астам өнім түрін шығарып отырмыз. Бәрі 100 пайыз табиғи, ешқандай қоспасыз дайындалады. Халық таза өнімді қалайды, сондықтан біз соған сай жұмыс істеуге тырысамыз.
Біз сүтті сауғаннан кейін бірден салқындатқышқа салып, температураны төмендетеміз. Өйткені жаңа сауылған сүттің құрамында ферментативтік белсенділік жоғары болады. Сүт құрамындағы ақуыздар мен сүт қанты (лактоза) жоғары температурада тез бұзылады. Сондықтан сүтті суыту оның сақтау мерзімін ұзартады және одан алынатын өнімнің сапасын арттырады,
— дейді кәсіп иесі Нұрсұлу Сатаева.

Франция елінен арнайы келгентехнологтармен кеңесіп, оқудан өткен отбасы бүгінде ашытқының түр-түрін сол жақтан алдырып отыр. Бұл — халықаралық тәжірибені ауыл кәсібіне сәтті енгізудің бір мысалы. Бұл өнімдерінің жарамдылық мерзімі 7 күннен14 күнге дейін жетеді.

Шаруашылықта сүтті өңдеу, қаптау, дайын өнім шығару секілді процестердің барлығын өзіміз атқарамыз. Сауу аппараттары мен жабдықтар Ресей елі мен Қостанай қаласынан арнайы алынады. Аппараттардың тазалығы, санитарлық талаптардың орындалуы — біздің басты назарымызда. Жолдасым жемшөп таңдаудан бастап, мал азығының құнарлы түрлерін зерттеп, сапалысын алуға ерекше мән береді. Өніміміз табиғи әрі сапалы болғандықтан, сұраныс жылдан-жылға артып келеді, — дейді Нұрсұлу.

Бүгінде «QobdaMilk» шаруа қожалығының өнімдері аудан дүкендерінде сатылып жатыр. Сонымен қатар облыс орталығында да, тіпті Астана қаласында да шаруашылық өнімдеріне қызығушылық танытып жатқандар бар. Жуырда елордада өткен «Балқымыз» фестиваліне арнайы шақырылып, 60 мың адамның қатысуымен өткен шарада өнімдері жоғары бағаланыпты.

Астаналықтар сол жақтан да дүкен ашуға ұсыныстарын білдіріп жатыр. Қазіргі таңда өнімді ірі қалаларға әзірге индрайвер қызметі арқылы жеткізудеміз. Ал Ақтөбе қаласында сауда нүктесін ашу үшін облыс әкімдігінен жер сұрап отырмыз, — дейді Т.Ситмағанбетов.

«Бір ауыл — бір өнім» жобасына қатысып, аудандық кезеңде үздік деп танылған «QobdaMilk»шаруа қожалығының өнімдері облыстық көрме-жәрмеңкеде 80 қатысушының ішінен үздік ондыққа енді. Алда шешуші кезең күтіп тұр.

Біз өз ауылымыздың, Қобда ауданының атын шығарып, табиғи өніммен республика нарығында танылғымыз келеді. Қазақта «Еңбек етсең, емерсің» деген бар. Мал шаруашылығымен айналысудан қорықпау керек. Ең бастысы — ниет пен адал еңбек, — дейдіТимур Ситмағанбетов.

 Айдана АЛТЫБАЕВА,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button