Төрешілерге ұнамаған жеңіс

Конференция лигасы
«Ақтөбе» (Қазақстан)-«Спарта» (Прага, Чехия) — 2:1
Жалпы еуропалық төрешілер қазақстандық клубтардың Еуропа төрінде ойнақ салып жүргенін мүлдем көргісі келмейтін сияқты. «Легиямен» өткен кездесуде Оралхан Өміртаев соққан екі гол есепке алынбай тасталды. Ал оның алғашқысы ешқандай офсайдқа жатпайтын таза гол еді.
Ал мына кездесуде 2:0 есебімен таза ұтып жатқан «Ақтөбенің» қақпасына ойын соңына қарай норвегиялық төреші Кристоффер Хагенес пенальти белгіледі. Тіпті пенальти белгілейтіндей қисын да жоқ еді. Бұрыштама орындалар сәтте қай қақпаның алдында да футболшылар, жаға жыртыспағанмен де, бір-бірін итермелеп тұратын әдеті. Төреші сондай сәтте өзі қолайлы деп тапқан бір эпизодтан пенальти ойлап шығарды. Мұны тіпті «Спарта» футболшыларының өздері де күтпеген сияқты (Әлде күтті ме?). Не болғанда да, өз тарапымыздан еуропалық төрешілерден әділдік күтуге болмайтынына әбден сеніп болдық.
Ал кездесу «Спартаның» өрекпіген шабуылымен басталды. Олардың миына, сірә, қазақстандық клубты қалпақпен ұрып алуға болады деген сенім мықтап орнығып қалған болса керек. Жасыл алаңға сондай көкірекпен қадам басқан қонақтар бірден біздің қақпаны нысанаға алумен болды. Бұған қақпашымыз Андрей Влад пысқырып та қараған жоқ. Чехиялықтардың соққыларын қақшып түсе берді. Қорғаушыларымыз да қонақтарды еркелете алмайтындықтарын бірден білдірді. Не керек, әрі-бері тырмысқандарымен ештеңе өндіре алмайтындықтарына көздері жеткен қонақтар бірінші таймның ортасына таман шапшаң гол соғудан үміттерін үзе бастады. «Шығыс Еуропа футболының флагманы», «Чехия мен Еуропаға небір ақтангер футболшылар әзірлеп беріп отыр» деп мақталумен болған «Спарта» ақтөбелік футболшылардан басым болу оңайға түспейтінін ұққан секілді. Басым болудың не екендігін біздің жігіттер көп ұзамай іс жүзінде көрсетті де.
Кезекті ереже бұзудан соң қарсыластар қақпасына қарай айып добы белгіленді. Бұл жолы да допты қажетті жеріне жеткізуді Богдан Вэтэжелу міндетіне алды. Бұған дейін де әріптестерін доппен қамтамасыз етуден шаршамай келе жатқан Богдан алаңның орта тұсынан допты әуелете тепті. Әрі әуелете, әрі аса қуатты екпінмен тебілген доп Богдан «жұмсаған» жаққа қарай ұша жөнелді. Богдан әуелден-ақ есеппен қимылдаған екен. Зырқырай ұшқан доп қақпаның алдында қарсыластарымен аңдысып жүрген Даниэль Сосоның басына қолмен қойғандай-ақ дөп келе кетті. Тәжірибелі футболшы абыржыған жоқ, допты қақпашыға туралата теппей, әуелі жерге шегелей ұрды. Бұл — қай қақпашы үшін де қауіпті сәттердің бірі. Жерден қайта көтерілген доп одан әрі қалай қарай ұшатынын болжау қиын. «Спартаның» қақпашысы Петер Виндаль да болжай алмай қалды, доп жібек торды желп еткізді. Бұл ойынның 29-шы минуты еді. Шіркін, ылғи пас тастаушы Богдан болғанда, соққы жасаушы Даниэль болса ғой дедік іштей — 1:0.
Бұл голдан соң чехиялық футболшылардың берекесі кете бастады. Қайта-қайта тәртіп бұзулары көбейіп кетті. Тіпті жасыл алаңға бас бапкер Бриан Прискенің өзі тұлдана атып шықты. Атып шыққаны бар болсын, төрешіден ескерту қағазын алып тынды. Өз қақпаларына гол өткізіп алу чехтардың жоспарында жоқ болып шыққаны да. Ал ақтөбеліктер өз қақпасын аман сақтағаны былай тұрсын, қонақтар қақпасының құлпын да ашып тастады. Приске қайтіп күйінбесін осыдан соң?!
Осылайша ашу-ызалары бойларына сыймаған чехтардың қабақтары қарс жабылуымен бірінші тайм да аяқталды.
Сол күні Ақтөбеде нөсер жаңбыр жауған еді. Әсіресе стадион маңайы қара суға малшынды да қалды. Жасыл алаң да футболшыларды әбден сынады. Аяққа жабысқан балшық, тепкен доптың дұрыс ұшпауы, табанның тайғанақтауы секілді қолайсыздықтар екінші таймда да жалғасты. Алғашқы екпіндерінен айырылып қалған қонақтар енді барынша абайлап ойнауға тырысты. Бірақ біздің жігіттер оларға маза беріп жарытпады. Екінші таймда ойынға қосылған жерлестеріміз де «Спарта» қорғанысын әрлі-берлі жұлқылаумен болды. Сол арқылы нәтижеге де жетті.
83-минутта алаң ортасында жүрген, ойынға екінші таймда қосылған Оралхан Өміртаев кенет ілгері қарай зымырай жүгірді. Оралханның «Легияның» қақпасына екі голды қалай салғанын білетін жанкүйерлер «Иә, сәт!» десіп қалды. Оралханның әріптестері де тиімді сәтті пайдаланып қалуды кәдімгідей игеріп қалған шабуылшыны дереу қолдады. Алдына қарай тамаша пас тастады. Допты қағып алып, одан әрі зулаған Оралхан жанындағы қарсылас екі жігіттен сытылып өтіп, чехиялық қақпашымен жекпе-жек шыға келді. Еш кідірместен соққы жасап, қорғаушыларды да, қақпашыны да қапы қалдырды — 2:0.
Стадион дүбірлеп кетті. Бірақ жігіттеріміз қырағылықты жоғалтқан жоқ. Қонақтардың қарымта қимылдарына тиісті жауап қайтарып отырды.
Жалпы бұл кездесуде Левчук алаңға шығарған жігіттердің барлығы да жанкештілік көрсетті, өрескел қателіктер жасамады. Тек Артур Шушеначевтің ебейдесіз қимылдары ғана көңілге кірбің түсірді. Алғаш рет осылай болса, ештеңе демес те едік, міне, қатарынан үшінші кездесуде Шушеначевтің «Ақтөбеге» тигізген пайдасын жарытып көрмедік.
Осымен ойын да аяқталуға тиіс еді, өкінішке қарай, әңгімеміздің басында келтіргендей, норвегиялық төреші, алым жоқ, берім жоқ, «Ақтөбенің» қақпасына пенальти белгіледі. Егер футболда Еуропаның әділдікті сүйетіні рас болса, мынадай төрешіні (Кристоффер Хагенесті) енді еуропалық клуб жеңіліп қалуы мүмкін мұндай тартысты ойындарға билік жасатудан аластауы қажет. Әлде Еуропаға сырт елдердің клубтары (соның ішінде Қазақстанның да) қажеті жоқ па екен?
Сөйтіп, норвегиялық төреші біздің жігіттерден зәресі ұшқан «Спартаға» тәуір жағдай жасап берді. Енді 31 шілдеде Прагада жерлестерімізге екі есе қырағы ойнауға тура келеді. Онда да төрешінің аузы қай жаққа қарай қисаятынын ескермеске болмайды.
Ал әділетсіз пенальти туралы әңгіме Еуропаны шарлап кетті. Танымал чех маманы Властимил Петржела: «Мен кездесуді көрген жоқпын. Дегенмен Қазақстандағы ұтылыс, сөз жоқ, ойсыраған сәтсіздік. Басқаша айтуға келмейді. Соңғы минуттағы пенальти? Чехияда бұл эпизодта ешқандай ереже бұзылмағаны туралы айтылып жатыр. Ойын нәтижесіне барша жұрт таңғалды және «Спартаны» сөгіп жатыр. Бұл апатты жағдай», — десе, есімі белгісіз чехиялық жанкүйер: «Бұл бәрібір нағыз ұят. Қазақстанда жеңілу, оның үстіне қарсыласыңнан артық ойнай алмау… Ал соңында қосарымыз, бізді «тәуір нәтижеден» қолдан жасалған пенальти құтқарғанын әрбір төреші біліп отыр», — деп жазыпты.
Не болғанда да, «Ақтөбе» «Легиямен» өткен екі ойында да, «Спартамен» күш сынасқан мына кездесуде де сырт жұртқа қазақ футболының қандай клубтарымен байқап ойнау керектігін мықтап ұқтырды. Жігіттерімізге де, бас бапкеріміз Вячесав Левчукке де рақмет. Бейсенбі күнгі қарымта кездесуде сәттілік тілейміз!
«Ақтөбе» (Қазақстан)-«Спарта» (Прага, Чехия) — 2:1.
Гол авторлары: Даниэль Соса, 29-минут (1:0), Оралхан Өміртаев, 83-минут (2:0), Велько Бирманчевич, пенальти, 90-минут (2:1).
Ескерту қағазы көрсетілгендер: Данияр Үсенов, 18-минут, Даниэль Соса, 54-минут, Лев Скворцов, 73-минут, Неманья Анджелкович, 89-минут, Андрей Влад, 90-минут («Ақтөбе»), Альбион Ррахмани, 7-минут, Эммануэль Ученна, 47-минут, Виктор Олатунджи, 66-минут («Спарта»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад (қақпашы), Богдан Вэтэжелу, Неманья Анджелкович, Уче Агбо (Еркебұлан Сейдахмет, 70-минут), Бағдат Қайыров (капитан), Лев Скворцов, Никита Корзун, Данияр Үсенов (Георгий Жуков, 63-минут), Жан Жайро (Ыдырыс Умаев, 77-минут), Даниэль Соса, Артур Шушеначев (Оралхан Өміртаев 70-минут).
Запаста болғандар: Игорь Трофимец (қақпашы), Әділхан Таңжарықов, Талғат Кусяпов, Аян Байдәулетов, Амаду Думбия, Вячеслав Швырев.
Бас бапкер: Вячеслав Левчук.
24 шілде 2025 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.
* * *
25,26,27 шілде күндері Қазақстан Премьер-Лигасының 18-тур ойындары өтті.
Футбол жанкүйерлерінің ерекше қызығушылықпен күткен ойыны Қостанайда өтетін «Тобыл» мен «Қайраттың кездесуі болатын. Бұл ойында қостанайлықтар 1:3 есебімен жеңіліп қалды да, алматылықтар турнир кестесіндегі екінші орнына мығым жайғаса түсті, ұпай саны бойынша «Астанамен» теңесті.
«Елімайдың» бас бапкері Андрей Карповичтің басына бұлт үйіріле бастағандай болып еді. Қатарынан үш рет жеңіске жете алмаған семейліктер бұл кездесуде сол бұлтты сейілтті, олар «Жетісу» командасын 3:0 есебімен ойсырата ұтты.
«Жеңіс» пен «Оқжетпестің» кездесуі тең аяқталды (0:0).
«Қызылжарды» 1:0 есебімен ұтқан «Қайсар» турнир кестесіндегі жағдайын одан әрі жақсарта түсті.
«Ордабасы» командасы «Тұранды» 4:0 есебімен жеңді.
Қазір турнир кестесінде бірінші, екінші орында 40 ұпай жинаған «Астана» мен «Қайрат» тұр. Үшінші орындағы «Тобылдың» 35 ұпайы бар. «Ақтөбе» 33 ұпаймен төртінші орында келеді.
Бұл турда «Ақтөбе» алаңға шыққан жоқ. «Ұлытау»-«Ақтөбе» кездесуі кейінге қалдырылды.
Ертай АШЫҚБАЕВ.



