Профилактикалық онкүндік қорытындыланды


«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына сәйкес 2026 жылдың қаңтары «Заң және тәртіп» айы болып белгіленді. Осыған орай жасөспірімдердің құқықтық санасын арттыру, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын нығайту мақсатында облыстық «Жасөспірім және заң» профилактикалық онкүндігі өткізілді.
Онкүндік барысында құқықбұзушылықтың алдын алу, білім алушылардың азаматтық жауапкершілігін арттыру және құқықтық сауаттылығын жетілдіруге бағытталған түрлі мазмұнды іс-шара жүзеге асырылды. Атап айтқанда, кездесулер, тәрбие сабақтары, пікірталастар мен профилактикалық бағыттағы жұмыс қамтылды.
Онкүндік өз мәресіне жетіп, №8 орта мектепте «Жасөспірім және заң» профилактикалық онкүндігінің ресми жабылу салтанаты өтті. Іс-шараға Ақтөбе қалалық білім бөлімінің әдіскері Батырбек Байтұр, Ақтөбе қалалық полиция басқармасы Алматы ауданы №2 қалалық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Кенжегүл Махмудова, сондай-ақ қамқоршылық кеңес төрағасы Төреғали Уалихан арнайы қонақ ретінде қатысты. Іс-шара барысында құқықтық тәрбие беру саласында тиімді тәжірибе көрсеткен, білім алушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және заңға құрметпен қарайтын, азаматтық жауапкершілігі жоғары тұлға тәрбиелеуге үлес қосқан ұстаздар мен оқушылар марапатталды.
Жиында Ақтөбе қалалық білім бөлімінің әдіскері Батырбек Байтұр мұндай іс-шаралар білім алушылардың құқықтық сауатын арттырып, заңды құрметтеуге, азаматтық жауапкершілікті сезінуге және қоғамдағы өз орнын дұрыс айқындауға ықпал ететінін атап айтты.
Сонымен қатар іс-шараға белсенді қатысқан 8 «Б» сынып оқушысы Алтынай Махамбетова онкүндік барысында өз құқы мен міндеттері туралы мол мағлұмат алғанын, заңды білу мен сақтаудың әрбір азамат үшін маңызды екенін түсінгенін жеткізді.
Өткізілген профилактикалық іс-шара жасөспірімдердің құқықтық білімін тереңдетуге, заң мен тәртіп қағидаттарын саналы түрде ұғынуына және құқықтық мемлекет құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
А.БАЛЖАНАЙ.



