Үкімет Президент тапсырмасына сәйкес «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын бекітті

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қаралды. Онда оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады.
Бүгінде елімізде шамамен 7 млн бала өсіп келеді. Яғни, халықтың үштен бір бөлігінен астамын балалар құрап отыр, нақты айтсақ – 34%.
«Еліміздің болашағы отаншыл, жасампаз ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан да Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда “Қазақстан балалары” бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Балаларға жан-жақты қамқорлық жасау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Бұл орайда мемлекет өскелең ұрпақтың өмір сапасын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдап келеді. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, әлеуметтік қамсыздандыру және отбасының әл-ауқаты саласында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары қамтылған», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Соңғы жылдары балалардың құқықтарын қорғау бойынша бірқатар шара қабылданғаны атап өтілді.
Заңнамалық база айтарлықтай кеңейтілді. Әсіресе, балаларға қатысты қылмыстық әрекеттер үшін жазаның бұлтартпас қағидаты қатаң сақталады.
Отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша 111 бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Оған жүгінген жағдайда міндетті түрде көмек көрсетіліп, тексеру шаралары жүргізіледі.
Барлық өңірде бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер жұмыс істейді.
1 ақпаннан бастап барлық білім беру ұйымына «тосыннан тексеру» қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл балаларды сауықтыру, олардың қауіпсіздігі мен тамақтану мәселелеріне қатысты. Осыған байланысты Премьер-министр Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Туризм және Ішкі істер министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 30 қаңтарына дейін ерекше бақылау мен қадағалауға жататын нысандар тізілімін дайындауды тапсырды.
Балалардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында қамқоршылық органдары мамандарының жаңа штаттық нормативі енгізілді – 5 мың балаға кемінде бір маман. Бұл олардың санын бір жылда үш еседен астам арттыруға мүмкіндік берді. Осы мамандар қатарынан әр өңірде бала құқықтарын қорғау басқармалары құрылуда.
Бұл ретте Премьер-министр өңірлердің көпшілігінде бұл іске тиісті көңіл бөлінбей отырғанын, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе облыстарында және елордада ғана нәтижелі жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Қалған өңір әкімдіктеріне екі ай ішінде бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру ісін аяқтау тапсырылды.
Өткен жылдың 1 шілдесінен бері қолданыста болған отбасына орналастырудың жаңа нысаны – баланы қабылдайтын кәсіби отбасы енгізілді. Оларды қамтамасыз етуге тиісті қаражат көзделген. Алайда, бірде-бір облыста жұмыс жүргізілмеген. Өңір әкімдіктеріне бұл бағытта жұмысты жандандыру тапсырылды.
Премьер-министр медициналық мамандардың, дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін, балаларды оңалту мәселелері бойынша түсіп жатқан шағымдар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы мамандар – дефектолог, логопед, сурдологтер тапшылығын қоса алғанда, балалардың денсаулығын қорғау саласындағы түйткілді мәселелерге тоқталды.
Балалардың, соның ішінде олардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері әлі де өзекті. Көптеген ауыл балалары үйірмелер мен заманауи білім беру технологияларынан тыс қалатыны атап өтілді. Жасөспірімдерге тиісті көңіл бөлінбейді әрі олар өзін дамыту үшін тың мүмкіндіктерден айрылып отыр.
Бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктері мен өңір әкімдіктері арасындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет.
Тұжырымдамада көзделген нысаналы индикаторлар балаларды дамытудың, қолдау мен қорғаудың орнықты жүйесін қалыптастыруы тиіс.
Премьер-министр Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, Тұжырымдамадағы барлық іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасызз етуді, бала құқықтары жөніндегі уәкілмен тиімді өзара іс-қимылды жолға қоюды, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру бойынша ақпараттық науқанды ұйымдастыруды тапсырды.
Үкімет дауыс беру қорытындысы бойынша «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын бекітті.
Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға бекітілді.
#Олжас Бектенов #Балалардың құқығын қорғау #Президенттің тапсырмасы #Үкімет отырысы


