Инвестиция тарту тетіктері талқыланды

Инвестиция
Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Шайхы Жандоспен кездесті.
Тараптар өңірде ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру және қолдау мәселесін талқылады. Сонымен қатар инвестиция тарту механизмдерін жетілдіру және даму институттарымен өзара іс-қимылды кеңейту жолы қаралды.
Талқылауға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры», «Қазақстанның Даму Банкі» және «Qazaqstan Investment Corporation» акционерлік қоғамдарының өкілдері де қатысты.
Басқосуда инвестициялық тапсырыс бағдарламасы аясында перспективалы бастамаларды қаржыландыру мүмкіндігіне ерекше назар аударылды. Облыс тарапынан өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше жоба ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша ұсынылған жобаларды жан-жақты пысықтау, инвесторларды іздеу және «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі құралдарын пайдалана отырып қаржыландыру бағытында әрі қарай өзара ынтымақтастықты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Арайлым НҰРБАЕВА.


