Басты жаңалықтар

Көші-қон саласындағы мәселелер талқыланды

Облыста көші-қон заңнамасының сақталуына бақылау күшейтіліп, шетелдік жұмыс күшін тарту тетіктері қайта қаралады. Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Аталған басқосуға жергілікті атқарушы органдар мен полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Облыстың полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Эльмира Болтаева елімізде көші-қон рәсімдері айтарлықтай жеңілдетілгенін хабарлады. Осылайша ел аумағында 30 күннен аз болатын шетелдік азаматтарды міндетті тіркеу тәртібі жойылды. Ішкі істер органдарын хабардар ету тетігі E-Qonaq порталы және мобильді қосымша арқылы автоматтандырылған форматқа ауыстырылған. 87 елдің азаматтары үшін визасыз режим қолданылады, ал елге кіруге шақыруларды ресімдеу мерзімі 14 күннен 5 күнге дейін қысқартылды.
Қазіргі уақытта облыс аумағында 18 мыңнан астам шетелдік азамат бар, оның 6963-і жұмысқа келген. Мигранттардың дені — ТМД елдерінің азаматтары, атап айтсақ, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Әзірбайжан елдерінің тұрғындары. 8,7 мыңнан астам шетелдік уақытша тұруға рұқсат алған.
Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 709 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 210-ы елден тыс жерлерге шығарылған.
Эльмира Болтаева атап өткендей, белсенді профилактикалық жұмыстардың арқасында биыл былтырғы жылмен салыстырғанда құқықбұзушылықтар саны төмендеген.
Сондай-ақ ол квота жүйесі нақты қажеттіліктерге сәйкес келмейтінін атап өтті. Осыған байланысты жұмыс берушілер заңды бұзуға және мигранттардың көлеңкелі жұмыспен қамтылуына әкелетін ресми процедураларды айналып өтеді. Ішкі істер министрлігі өңірлік қажеттіліктерді ескере отырып, неғұрлым квоталар енгізу, баждарды азайтуды және құрылыста, ауыл шаруашылығында және қызмет көрсету саласында жұмысшылар үшін цифрлық патенттерді енгізуді ұсынды. Мұндай шаралар шетелдік жұмыс күшін заңды түрде тартуды жеңілдетуге және заңсыз көші-қон деңгейін төмендетуге бағытталған.
Асхат Шахаров көші-қон саясаты тек экономикалық және демографиялық фактор ғана емес, сонымен қатар қоғамдық-саяси тұрақтылық мәселесі екендігін жеткізді. Өңір басшысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес ішкі және шетелдік жұмыс күшін тарту тетіктерін қайта қарауды тапсырды. Сондай-ақ цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп, көші-қонды бақылау және рұқсат құжаттарын беру процестерін цифрландыруды күшейту, ал полиция департаментіне заңсыз көшіп-қонушыларды анықтау жөніндегі шараларды жандандыру және көші-қон заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтуді міндеттеді.
Жиын соңында облыс әкімі жергілікті тұрғындардың жұмысқа орналасуына кедергі келтірмейтін, экономиканың қажеттіліктерін қамтамасыз ететін теңдестірілген көші-қон саясатын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
— Көші-қон мәселесі қоғамдағы тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Біз шетелдік жұмысшылар заң бойынша қатаң түрде жауапқа тартылатын және жергілікті тұрғындардың құқықтары бұзылмайтын жүйені құруымыз керек. Тек теңдестірілген тәсіл экономикалық өсуді де, қоғамдық тәртіпті де қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Асхат Шахаров.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button