Басты жаңалықтар

Диқандар бас қосқан күн

Егістік күні

Дәстүрлі Егістік күніне орай Қарғалы ауданындағы «Сәт» шаруа қожалығында «Qargaly Agro Fest» мамандандырылған көрмесі өтті. Облыс диқандары ауылшаруашылық құрылымдарына негізделген өсімдік және мал шаруашылығындағы заманауи, жоғары өнімді техника үлгілерімен және селекциялық жетістіктермен танысты.

Жаңашыл әдістер мен тиімді тәжірибе

«Сәт» шаруа қожалығындағы картоп алқаптарының бірінде диқандарға жоғары технологиялық дрондар арқылы егіс алқаптарын өңдеу мүмкіндіктері туралы кеңінен айтылды. Алыс-жақын шетелдерден келген жаңа, заманауи және көпфункционалды ауыл шаруашылығы техникалары көрсетілді. Сондай-ақ пестицидтер мен гербицидтер, басқа да өсімдіктерді қорғау құралдарының үлгілері таныстырылды.

Ғалымдар мен агрономдар әріптестерімен өсімдік, егін шаруашылығы саласындағы зерттеулерімен бөліссе, диқандар өзара тәжірибе алмасты.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов диқандарға мол өнім тілеп, облыс басшылығы тарапынан шаруалардың жұмысын жеңілдету үшін барынша жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

— Биыл «Кең дала» бағдарламасы аясында егіс жұмыстарын жүргізу үшін облыстағы 70-тен астам шаруа қожалығына 5 пайыздық несие бөлінді. Бұл жалпы облыс диқандарына көрсетіліп жатқан көмектің бір бөлігі ғана, — деді ол.

Биыл елімізде 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Ондағы басты мақсат — ауыл шаруашылығы саласының жай-күйі туралы деректерді жинау.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистикалық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Жолдасқали Беисов халық санағы екі кезеңде яғни онлайн сауалнама және жеке қабылдау арқылы өтетінін хабарлады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы санағының қорытындысы бойынша, агроөнеркәсіп кешенінде жұмыс істейтін тауар өндірушілерге барынша мемлекеттік қолдау көрсетілетінін алға тартты.

Табиғаты шұрайлы, жері құнарлы өлке

Шараның Қарғалы ауданында өтуі тегін емес. Себебі бұл өңір — облыстағы жер сапасы жоғары әрі негізгі астықты аймақтардың бірі.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тимур Абдуллиннің айтуынша, биылғы жылы ауданда егіс көлемі 150 мың гектарды құрады. Оның ішінде 109,7 мың гектар аумаққа дәнді дақылдар, 12,8 мың гектарға майлы дақылдар, 25 мың гектар жерге мал азығы дақылдары егілген. Сондай-ақ картоп —1,4 мың гектар, көкөніс — 0,5 мың гектар және бақша дақылдары — 0,050 мың гектар жерге егілген. Бүгінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында 23 727 ірі қара, 4 мыңнан астам жылқы, 22 мыңға жуық қой және 35 мыңнан астам құс бар.

«Сәт» шаруа қожалығы 2016 жылы құрылған. Егіс алқаптары Ш.Қалдаяқов атындағы ауылдық округі аумағында орналасқан. Бүгінде шаруа қожалығында 720 гектардан астам жер болса, оның 219 гектары — егістік, қалғаны — жайылымдық жерлер. Жердің бір бөлігіне картоп пен мақсары егілген.

— Картоптың тұқымы Ресейден әкелінді, қазір 95 пайызы көктеп шықты. Сондықтан картоп жинау жұмыстарын 20 тамызда бастауды жоспарлап отырмыз. Ақтөбенің базарларына сатылымға шығарылады. Сатушылар өнімді тікелей егістіктен алып кетеді, — дейді аталған қожалықтың басшысы Айдарбай Бикеев.

Шаруашылық техникамен қамтамасыз етілген. Егіс алқаптарында үш жаңа трактор жұмыс істейді. Барлық қажетті ауылшаруашылық қондырғылары бар.

Картопты дөңгелек фрегат арқылы арнадан сумен суарамыз. Оның ұзындығы 450 метр. Бұл 64 гектар картоп алқабын сумен толтыруға жеткілікті. Биыл тағы бір жаңа фрегат сатып алдық. Оны іске қосқан бойда картоп алқабын бірден кеңейтеміз, — дейді ол.

Жаңа технологиялардың берері мол

«Lovol» және «YTO» компанияларының өкілдері техникалардың алуан түрін,  «ALEM AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Щелково Агрохим» кәсіпорны заманауи егіншілік технологиясында қолданылатын өсімдіктерді қорғау құралдарының үлгілерімен таныстырды. Фермерлерді дрондар арқылы егіс алқаптарын өңдеуге мүмкіндік беретін жаңа технология ерекше қызықтырды.

— Егістікке тыңайтқыш шашатын, ұшатын да техникалар бар. Бүгін біз өндірушілерге жаңа, бірақ қазірдің өзінде сынақтан өткен 40 литр сұйық гербицидті көтеретін дронды таныстырдық. Бұл ұшақ бір сағатта 22 гектарға дейін өнімді өңдей алады. Өсімдік өсірушілер бұл құрылғыны жалға алғаннан гөрі, сатып алғандары тиімдірек. Қазір дронның бағасы — 9,5 миллион теңге. Мұндай жабдықты сатып алу мемлекет тарапынан субсидияланғанын ескерсек, бұл арзан баға деуге болады, — деп атап өтті «MKR Group» құрамына кіретін «MKR Line» сервистік компаниясының директоры Саламат Наурызбаев.

«AgroTechManagement» компаниясының өкілі Виталий Чурилов қазір Қазақстанда құрастырылып жатқан қытайлық техниканың артықшылығына тоқталды.

— Біздің кәсіпорын «YTO» маркалы тракторларды шығарады. Бұл техника қазір диқандар арасында үлкен сұранысқа ие. Қуаттылығы 40-тан 300-ге дейінгі ат күшіне тең. Бағасы 6,8 миллион теңгеден жоғары. Модельдердің барлық желісін сатып алу мемлекет тарапынан субсидияланады. Тракторлардың іші кең, соңғы технологиямен, кондиционермен және ыңғайлы орындықтармен жабдықталған, — деді Виталий Чурилов.

Тиімді тәжірибе алаңы

Бұл күні «Qargaly Agro Fest» көрмесінің қатысушылары мен қонақтары Велихов ауылдық округіне қарасты «Дилэнд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі егістік алқаптарында да болып, егістік өңдеудің заманауи технологиясымен танысты.

«Дилэнд» ЖШС басшысы Қайрат Байтүлік әріптестерін дрондар арқылы егіс алқаптарын тыңайту технологиясымен таныстырды. Шаруашылықта қазір 34 мың гектардан астам жер бар.

— Биыл 16 мың гектарға жуық алқапқа дәнді дақылдар егілді. Оның 12,2 мыңы —бидай, 550 мыңы — арпа, 1,7 мыңы тары және 1,3 мыңнан астамы бұршақ. Сондай-ақ 930 гектар аумаққа күнбағыс, 88 гектарға мақсары, үш мың гектар жерге зығыр ектік, — деді ол.

Егістік күні тәжірибе алмасудың, аграрлық сектордағы өзекті мәселелерді талқылаудың және ауыл шаруашылығындағы инновациялық шешімдерді ілгерілетудің тиімді алаңына айналды. Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, мұндай іс-шаралар өндірушілер, құрал-жабдықты жеткізушілер мен мемлекеттік органдар арасындағы әріптестік байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етері сөзсіз.

 Санат РӘШ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button