БілімБасты жаңалықтар

Қабылдаушы кәсіби отбасы: мақсат пен мүдде

Жетімдерді қорғаудың жаңа жүйесі енгізілді

Елімізде жетім балаларды, қараусыз қалған балаларды тәрбиелеудің бұрын- соңды болмаған жаңа жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл институт қабылдаушы кәсіби отбасыдеп аталады.  Заң былтыр әзірленіп, оған 29 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Соған сәйкес 31 наурызда Оқу-ағарту министрінің «Баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар туралы ережені бекіту туралы» бұйрығы шықты. Ал 1 шілдеден бастап елімізде балаларды отбасына орналастырудың жаңа түрі — кәсіби қабылдаушы отбасы енгізілді.  

Бұл заң нормасының басты мақсаты — Қазақстанда жетім балалар үйлерінің санын азайту. Сондай-ақ балалардың отбасы жылуын сезініп өсуіне ықпал етіп, оларды психологиялық соққы алудан қорғау.

Қазір қамқоршылық органдары үміткерлерді іріктеу және даярлау жұмыстарын қызу бастап кетті. Біз жетім, қараусыз қалған балаларды тәрбиелеудің жаңа жүйесі және өңірдегі ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы туралы толығырақ білмек ниетпен облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаевамен сөйлескен едік. Сонымен…

Әлеуметтік жетімдер көбейіп барады

Қазір қоғамда жетім балалардан гөрі, әлеуметтік жетім балалардың саны көп. Себебі қолайсыз отбасылардың көбейіп кетуі, ересектердің ата-аналық міндеттерін атқара алмауы балалардың алаңсыз өмір сүруіне кесел келтіріп жатыр. Соның салдарынан балалар зардап шегіп, ата-ана мейірімінен, жылуынан айырылды. Мұндай балаларды әдетте облыстық білім басқармасына қарасты «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына жібереміз. Қазір онда 74 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның 34-і жетім бала болса, 40-ы — қиын жағдайға тап болған балалар. Балаларға педагогикалық, психологилық, әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп, оларға білім, қосымша білім берілуде.

Күні кеше ғана елімізде жаңа жүйе — қабылдаушы кәсіби отбасы туралы арнайы ереже қолданысқа енгізілді.  Бұл — ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы үй жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған уақытша, бірақ маңызды қадам. Енді жетім қалып немесе қамқоршысынан айырылған бала бірден мекемеге жіберілмей, алдымен кәсіби қабылдаушы отбасына орналастырылады. Соның арқасында балалардың әрқайсысына жеке назар аударылып, ерекше көңіл бөлініп,үлкен қолдауға ие болады.

Білім басқармасы ел арасында жаңа жүйе туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, — дейді Бұлбұл Бисенбайқызы.

Баланы қабылдайтын кәсіби тәрбиешілерді іріктеуді қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган жүзеге асырады.

Кәсіби отбасыларға тек төрт санаттағы балалар жіберіледі. Олар: жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған,панасыз және қараусыз қалған, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар.

Қабылдаушы кәсіби отбасы институты — балаларға қамқорлық пен тәрбие беретін балаларды орналастырудың уақытша түрі. Отбасына ең көбі 4 бала жіберілуі мүмкін. Баланы қабылдайтын кәсіби тәрбиешілер30 бен 63 жас аралығындағыҚазақстан Республикасының азаматтары болуға тиіс. Олардың тұрақты табысы мен тұрғын үйі болуы шарт. Сотталмаған, дені сау, наркологиялық және психоневрологиялық диспансерде есепте тұрмауы керек.Сондай-ақ психологиялық дайындықтан өткен сертификаттары болуы міндетті.

Үміткерлерді тағайындау туралы шешімді қамқоршылық органдары қабылдайды. Бұл шешім ұсынылған құжаттардың толықтығы мен заң талаптарына сәйкес қабылданады.Баланы қабылдайтын кәсіби отбасына балаларды беру туралы шарт 6 айдан 1 жылға дейін мерзімге жасалады.

Баланы қабылдайтын кәсіби отбасына мұқтаж баланы асырап-бағуы үшін  әр балаға ай сайын 10АЕК, тәрбиешіге 70АЕК мөлшерінде қаражат төленеді.

16 ата-ана құқығынан айырылды

Қазір елімізде 20 мыңнан астам жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 17660-ыотбасыларда тәрбиеленіп жатыр.
Ал облыста жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала саны— 788 адам (2022 жылы — 831, 2023 жылы — 820, 2024 жылы — 840). Оның 630-ы — қорғаншылықта (қамқоршылықта), 47-сі — патронаттық тәрбиеде, 109-ыинтернаттық ұйымдарда тәрбиеленіп жатыр. Қазірде екі бала алғашқы есепке алынып, мәртебесін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылмен салыстырғанда аталған санаттағы балалардың саны 52 балаға (6,2 пайызға) азайып отыр.

Облыстық білім басқармасы балалардың құқықтарын қорғау, қорғаншылық, қамқоршылық және арнайы білім беру бөлімінің мамандары балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін әлеуметтік қолдау, тәрбиелеу, отбасыларға орналастыру, жағдай жасау жұмыстарымен айналысады.  Олар жарты жыл сайын қорғаншы, қамқоршы есептерін жинақтай отырып, қорғалуына зерделеу жүргізеді. Бұл жұмыстың қорытындысы республикалық деректер қорының құжаттар бөліміне орналастырылады. Басқарма мамандарызерттеу барысында өңірдегі жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрмыстық жағдайларының қалыпты  екеніне көз жеткізіпті.  Отбасылардың бір-бірімен қарым-қатынасы жақсы. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белгілері жоқ екен. Сондай-ақ мектеп психологтарының жоспарына сәйкес диагностикалары жинақталып, балаларда мазасыздық жағдайлары байқалмаған.

Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін облыс бойынша қамқоршылық және қорғаншылық органы сот арқылы 16 ата-ананы құқығынан айырды (былтыр 15 талап арыз қанағаттандырылды).  Балалардың жалпы саны — 26. Олардың 4-еуі — қорғаншылықта, 2-еуіпатронаттық тәрбиеде болса,  15-і — «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына, 5-еуі «Үміт» мамандандырылған сәби үйіне жіберілді.

Ата-аналық құқығынан айырылған, шектелген 211 ата-ананың 68-і балаларына алимент төлейді. 143 ата-анаға қатысты жеке сот орындаушыларына алимент өндіруге хат жолданып, бала мүддесін қорғау жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді басқарма басшысы.

116 бала қоныстойын тойлады

— Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алулары үшін кезекке қойылады. Қазір 702 бала тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл 29 жасқа жетпеген, кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-аналарын жоғалтқан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша 116 (27,1 пайыз) азамат тұрғын үймен қамтылды.

Айта кету керек, есепте тұрған жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 185 балада ата-аналарынан мұра ретінде қалған үйлері бар. Оның ішінде 19 балада меншік құқығы бар, 166  баланың тұрғын үйге үлестері тіркелген, — дейді Бұлбұл Бисембайқызы.

Қамқорлықсыз қалған балалардың 336-сы (50,6 пайыз)қосымша білім беру ұйымдарына барады. Бұл санаттағы балалар спорттық, шығармашылық үйірмелерге, пәндік олимпиадаларға қатысып, республика деңгейіндегі байқаулардан жүлделі орындар алып жүр.

2024-2025 оқу жылында пәндік олимпиадаға 105 бала қатысып,  5 бала республикалық, 47 бала облыстық , 107 бала аудандық білім байқауларында жүлдегер атанды. Мысалы,Байғанин ауданынан Мағжан Жетпісбаев «Алтын түлек» республикалық олимпиадасына қатысып, 1-орын иеленді. Ырғыздық Аяулым Ерлан  республикалық интеллектуалдық байқауында 2-орын алды.

Қарғалы ауданынан Вадим Андросов республикалық пәндік олимпиадада ағылшын тілінен бақ сынап, 3-орынға ие болды.

Темірлік оқушылар Қайрат Беркімбай мен Ева Кравченко  жалпы білім беретін мектептерге арналған «Ақбота» зияткерлік олимпидасында жеңіске жетті.

Спорттық олимпиадада (қазақ күресі, дзюдо, асық ату, волейбол, футбол, баскетбол, бокс, тағы басқа) 175 бала марапатқа ие болды, — дейді Бұлбұл Күзембаева.

Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі — кәсіби қабылдаушы отбасына бала таңдау құқығы берілмейді. Бұл отбасына ерекше қажеттіліктері бар, арнайы диагнозы бар, бір отбасының 2-3 баласы берілуі мүмкін. Жетімдерге отбасы жылуын сыйлау, жетімдер үйін азайтуды мақсат еткен жоба жүзеге асса игі.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button