Қайда барып демаласың?

Жазғы демалыс
Маусым-тамыз айлары — адамдардың еңбек демалысына шығып, күш-қуат жинайтын, ел мен жер аралайтын кезі. Жыл — он екі ай жұмыс істеген кез келген адамның көкейінде «Жазғы демалысты қайда өткізсем?» деген сауал туатыны белгілі. Шілденің шіліңгір ыстығынан пана тапқысы келетіндер өзен мен көлдерді, жағажайларды жағалап кетті. Кейбірі шетел асса, енді бірі отандық туризмнің дамуына үлес қосуды жөн санайды. Дегенмен оның барлығы қаржыға келіп тірелетіні рас. Қазір қай елдерге баруға мүмкіндік бар? Шетелге саяхаттау құны қанша? Отандық туризмнің жайы қалай? Қандай сақтық шараларын ескерген жөн? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрдік…
Шетелде демалу құны қанша?
Бүгінде жыл сайын шетелде демалатын қазақстандықтардың саны арта түсуде. Мәселен, «Туристік Қамқор» қоры жариялаған деректерге сүйенсек, былтыр елімізден шамамен 1 миллион 3 мың адам шетелге демалысқа шыққан. Салыстыру үшін айта кетейік, 2023 жылы бұл көрсеткіш 794 194 адам болған. Бұл деректерде туркомпаниялар арқылы пакеттік турларды таңдағандар ғана ескерілген. Бұдан басқа туристік операторлардың көмегінсіз әуе билеттерін, қонақүйлер мен экскурсияларды брондау арқылы өз бетінше саяхат жасайтын қазақстандықтардың қатары да едәуір көп.
«Ақшаңызға қарай, қалаған демалысыңызды ұйымдастырамыз» дейтін туристік компаниялар үшін ең табысты маусым басталып кетті. Осы орайда ақтөбеліктер қай бағытты көбірек таңдайды? Қалай демалғанды ұнатады? Нақты ақпаратқа қол жеткізу үшін Ақтөбедегі «Поехали с нами!» туристік агенттігі желісінің менеджері Әсем Тыныштықбаевамен кездескен едік. Ол жерлестеріміздің арасында сұранысқа ие бағыттардың ішінде әдемі жағажайларымен, жоғары қызмет көрсету деңгейімен және бай мәдениетімен Түркия бірінші орында екенін айтты.
Мысалы, бір аптаға Түркияның Анталия қаласына демалуға барсаңыз, 300-500 мың теңге аралығында ақшаңыз дайын болуы керек. Оның ішіне жатар орныңыз, тамағыңыз бен барып-қайту билетіңіз, медициналық сақтандыру полисіңіз кіреді. Одан да өзге қызмет түрін алғыңыз келсе, үстеме ақша төлейсіз. Бүгінде Ақтөбеден Түркия еліне ұшатын 3 жарым сағаттық тікелей рейс бар. Демек, түрік жұртына бару аса қиындық туғызбайды.
— Біздің туристік агенттіктің Ақтөбеде 5 филиалы жұмыс істейді. Он жылдан бері осы салада қызмет етіп келемін. Біздің басты міндетіміз — адамдардың көңілінен шығатын тур таңдап беру. Жыл сайын шетелдегі демалыс орындарымен танысу үшін арнайы инфотурға шығамыз. Сондағы демалыс орындарымен, қонақүйлердің жұмысымен танысамыз. Себебі туристерге қандай қызмет ұсынатынымызды көзімізбен көріп, жіті білуіміз керек. Жиі-жиі арнайы семинарлар ұйымдастырылып тұрады. Тұрақты түрде емтихан тапсырамыз.
Қазіргі таңда Ақтөбеден тек Түркия мен Египетке тікелей ұшуға мүмкіндік бар. Биыл сәуір айынан бері Тайландқа рейс алынып тасталды. Бірақ Алматы әуежайы арқылы ұшуға болады. Алдағы 22 қазаннан бастап ақтөбеліктер үшін Вьетнамға тікелей баруға рейс ашылады. Қазір турларға алдын ала брондау жұмыстары басталды.
Жалпы, барлық елге сұраныс бар. Әсіресе Түркия мен Египетке барғысы келетіндер көп. Көпшілік Египетке теңізде демалу үшін барады. Ал Түркия — отбасымен демалудың ең жақсы нұсқасы. Балалар үшін көптеген аттракциондар, ойын алаңдары, барлық ойын-сауық түрлері бар. Әрі бұл жерде туристерге қызмет көрсету сапасы өте жақсы дамыған. Одан кейінгі кезекте Вьетнам тұр. Бұл — ерекше мәдениеті, экзотикалық табиғаты және саяхатшыларды қызықтыратын таңғажайып көрікті жерлері бар ел. Вьетнамға бару құны бір адамға 400 мың теңгеден басталады. Ал өзіндік тарихымен ерекшеленетін Египет еліне сапар екі адамға 800-900 мың теңгеден басталады. Ақтөбеден ұшу 5 сағат уақыт алады. Пакеттік турға мыналар кіреді: ұшу, трансфер, сақтандыру қызметі, таңдалған типтегі қонақүй бөлмесінде тұру және тамақтану. Бұл елде шілде-тамыз айлары өте ыстық. Сондықтан демалушылар көбіне күзде барғанды қолайлы көреді, — дейді Әсем Тыныштықбаева.
Сондай-ақ ақтөбеліктердің арасында жылдың төрт мезгілінде де Грузияға баратындар көп. Себебі онда курорттық орындар баршылық. Демалушылар жазда Батумида суға түсіп, күзде Тблисидегі экскурсиялық турларға, Кахетиядағы таулы жерлерге саяхаттайды. Көпшілігі Боржомиға ата-аналарын емдік шипажайларға жібереді екен.
Әсем Тыныштықбаеваның айтуынша, жазғы демалысын шетелде өткізуді жоспарлағандар қыс, көктем айларында болатын жеңілдіктерді бақылап жүргені абзал. Мәселен, кейде ұшақта бос орындар қалғанда қолайлы турлар жарияланады.
— Демалушылар өз қалауы бойынша демалыс орындарын таңдайды. Мәселен, кейбіреулер теңіздің жағасында орналасқан жайлы қонақүйді, енді бірі отбасымен барса, балаларына ыңғайлы жерлерді іздейді. Жазғы демалысыңызды ертерек жоспарласаңыз, баға әлдеқайда арзанға шығады. Себебі рейс уақыты жақындаған сайын баға да өсе бермек. Сондай-ақ айта кетейік, шетелде демалу үшін банктер арқылы бөліп төлеу мүмкіндіктері де қарастырылған, — дейді ол.

Сенімді агенттік таңдаңыз…
Туроператорларға деген жоғары сұранысты алаяқтар да пайдаланып, өздерін маман ретінде көрсетіп, сенгіш азаматтардан миллиондаған теңгені алдап алады. Мұндай жағдай сіздің де басыңыздан өтпеуі үшін туроператорды дұрыс таңдау керек. Әдетте алаяқтар өздерін турфирма ретінде көрсетеді, жалған сайт немесе әлеуметтік желіден парақша ашады, тіпті танымал агенттіктердің логотиптерін көшіреді. Өзін жеке менеджер ретінде таныстырып, арзан бағамен тур ұсынады.
— Өзіңізді алаяқтардан қорғаудың ең тиімді жолы — туроператорды мұқият тексеру. Лицензиясының бар-жоғын анықтап, компания туралы пікірлерді оқу қажет. Сенімді туристік агенттіктердің нақты кеңсесі, байланыс нөмірі, ресми сайты болады. Егер компания тек мессенджер арқылы жұмыс істесе және жеке картаға төлем сұраса, бұл алаяқтардың белгісі болуы мүмкін, — дейді туристік агенттік менеджері.
Тұрғындар демалуға баратын елді таңдағанда, ең алдымен, адам өміріне, денсаулығына қауіпсіз жақтарын ескерген жөн. Саяхатшылар үшін шетелдердегі әртүрлі қауіпті жағдайлар, террористік актілер, жұқпалы аурулар, табиғат апаттары, алаяқтық, ұрлық аса қауіпті. Сондықтан мұны алдын ала бағамдау қажет. Сондай-ақ өзге елге барып, елге қайта жете алмай қалатын жайлар да кездеседі. Мұндай жағдайлар болмас үшін агенттіктің Мәдениет және спорт министрлігіне тіркелгендігіне көз жеткізуді ұмытпаған абзал. Оған қоса туроператор арқылы шетелге саяхаттауға шыққан азаматтар міндетті түрде сақтандыру полисін алуы керек. Себебі агенттік банкротқа ұшыраған жағдайда немесе демалыс уақытында қиындықтарға тап болсаңыз, аман-есен елге оралуыңызға көмектеседі.
— Биыл Египеттің Қызыл теңіз жағасында орналасқан Шарм-эш-Шейх қаласында демалып келдік. Екі ересек адамға және бір балаға 1 миллион теңгеге жуық қаржы кетті. Туристік агенттіктің көмегімен сенімді тур таптық. Онда барлық жағдай жасалған. Туристер өте көп. Қалада түнде мүлде басқа өмір эшбасталады. Көптеген ойын-сауық орталықтары бар. Әртүрлі дүкендер мен шағын дәмханаларды да кездестіресіз. Сол елдің мәдениетімен танысып, тарихи, киелі жерлерін араладық.
Мен үшін саяхат — кең дүниені, әлемді тану. Бізге берілген әлем өте кең әрі үлкен. Сондықтан оны көруге, тануға ұмтылуымыз керек. Бір орында қалу, бір ауылдан, бір қаладан, бір елден шықпай кеткен адамдар көп. Саяхат біздің ой-өрісіміздің дамуына септігін тигізеді. Мәселен, еңбек демалысын пайдаланып, жылына бір рет саяхаттауды жоспарлауға болады. Ең бастысы — ұмтылу, шығып көру. Одан кейін адам жыл сайын өзі-ақ шығып тұруға асығатын болады, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Ләззат Мұхамбетова.
Ташкентке жол түссе…
Сонымен қатар соңғы жылдары көршілес Өзбекстан еліне де саяхаттап баратындардың қатары артқанын байқаймыз. Оның бір себебі — кез келген саяхатшыны өзіне тарта алатын көрікті жерлері болса, екіншіден, біздің ел тұрғындарының қалтасына ауыр тимейтін қолжетімді бағаларының болуы. Әдетте туристер Өзбекстанға ортағасырлық Шығыстың атмосферасына еніп, жергілікті тұрғындардың салт-дәстүрлерімен танысу үшін барады. Көне ескерткіштерді аралап, жергілікті Диснейлендке баруына, Шымған тауларына саяхаттауға болады.
— Жақында туыстарымызбен көршілес Өзбекстан елінің Ташкент қаласына алғаш рет саяхаттап қайттық. Ол жаққа бару үшін міндетті түрде төлқұжат керек. Ақтөбеден Шымкентке дейін бір адамға пойыз билетінің бағасы — 16 мың теңге, одан әрі Шымкенттен Ташкентке бару үшін 10 мың теңге төледік. Қонақүйдегі отбасына арналған бөлменің бір күндік бағасы — 50 мың теңге. Оның ішіне тегін таңғы ас кіреді. Сондай-ақ бассейнге шомылуға мүмкіндік бар. Жалпы қонақүйдің тазалығы, қызмет көрсету сапасы ұнады. Ташкенттің көшелерінен өтіп бара жатқандағы көзге бірден шалынғаны — жағалай өскен сан түрлі ағаштар, жап-жасыл шөпті гүлзарлар мен саябақтар. Кейбір саябақтарда жағажайлар да бар. Ал көшелерінің кеңдігі мен тазалығы таңдай қақтырарлық. 3 миллион халқы болса да көшелерінен бір кептеліс байқамадық. Жол мәдениеті ерекше сақталған. Жергілікті тұрғындары да өте қонақжай екенін аңғардық. Үш күн бойы қаланың көрікті жерлерін аралап шықтық. Ең үлкен хайуанаттар бағын да көрдік. Әрине, өзбек еліне барып палау жемей қайту мүмкін емес. Ташкенттегі ең ірі палау орталығы — 1990 жылы салынған «Besh Qozon» тамақтану орны. Бұл жерде алып қазанға шамамен 4 тоннаға дейін күріш басылады екен. Аспаздар палауды әп-сәтте дайын ететінін көзімізбен көрдік. Қазанға пісірілген палау 25 мың адамды қамтамасыз ете алады. Осы жерден 5 адам болып түстенуімізге 20 мың теңге қаражат кетті. Жалпы тамақтану орталықтарында баға қолжетімді. Ташкентте үш күн қыдыруымызға (5 адамға) 300 мың теңге кетті. Оның ішіне қонақүй, тамақтануымыз, қаланың ішінде жүріп-тұруымыз кіреді, — дейді Шынар Нысанбайқызы.

Отандық туризмнің жайы қалай?
Осы тұста «Неге өзіміздің елімізде демалмасқа, табиғаты көркем ерекше орындар бізде де бар емес пе?» деген сұрақтың қылаң беретіні жасырын емес. Қазақ жерінде көз сүйсінетін, табиғаты таңғажайып керемет жерлер жетерлік. Атап айтсақ, суы мың бір ауруға шипа Алакөл аймағы, көрікті Көлсай, шырайлы Шарын шатқалы, қарт Каспий, Баянауыл, Қарқаралы, Бурабай, Іле Алатауындағы Түрген, Маралдысай, Алма-Арасан… Тізе беруге болады. Алайда Қазақстандағы кейбір орындарда демалу құны өзге елмен салыстырғанда әлдеқайда қымбатырақ.
Мәселен, Ақтау қаласында «Rixos Water World Aktau» атты теңіз жағасында орналасқан қонақүй бар. Бұл жерде де Түркияда жүргендей ерекше күй кешесіз. Мұнда бір аптаға демалуға барсаңыз, екі адамға 1 миллион теңгеге жуық қаржы шығады. Иә, сіз бұл ақшаға шетелде де демала алатыныңыз анық.
— Алматы маңындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында көптеген демалыс базалары орналасқан. Біз жақында солардың бірі — «Golden Beach» демалыс орталығында достарымызбен болдық. Жазда шомылу науқаны басталғанда бұл жерге келушілердің саны да артады екен. Алматы қаласынан Қапшағайға жету үшін бірнеше адам 14 мың теңгеге такси жалдадық. Демалыс орталығына кіру құны бір адамға — 8 мың теңге. Ішінде үш бөлмесі бар үйшікті 150 мың теңгеге жалға алдық. Арнайы көлік тұрағы, демалушыларға тапчандар мен киіз үйлер, аквапарк, бассейн, балаларға арналған түрлі ойын алаңқайлары да жасалған. Бұларға қосымша қаражат төлейсің. Жергілікті тұрғындарды, туристерді де кезіктірдік. Алайда бағалары қымбат деп ойлаймын. Бір күндік демалыстың өзіне қыруар қаражат жұмсайсың. Ал жақсы қонақүй таңдап, бір апталық демалысты жоспарлау үшін қалтаңыздың қалың болуы керек. Жолда Ақтау қаласына да соғып, теңіз жағасындағы демалыс базасында болдық. Бұл жақта да орташа баға осы шамалас деуге болады. Жалпы, Қазақстанда туризм енді жақсы дамып келе жатыр. Бірақ «баға жоғары, сапа төмен» деген пікірге қосыламын, — дейді Әйтеке би ауданының тұрғыны Нұрия Аязбаева.
Өңірде 10-нан астам туристік нысан бар
Ақтөбе өңірінің сұлу табиғаты да туризмді дамытуға қолайлы. Әсем табиғат, арнайы қорғауға алынған киелі жерлер де біршама. Әсіресе Байғанин, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Ойыл аудандарының туристік әлеуетіне қызығушылық басым.
Соңғы жылдары өңірге келетін туристердің қатары да артқан. Былтыр облысқа 248 мың саяхатшы келіпті.
Жалпы, Ақтөбенің ішкі туризмін дамыту үшін қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Бұл туралы «Visit aktobe» туристік ақпараттық орталығы директорының орынбасары Жадырасын Тұрғалиевпен тілдестік.
Оның айтуынша, биылғы жылдың қантар-наурыз айлары аралығында 58 267 турист келген. Алдыңғы жылдардағы өсім тенденциясын ескерсек, биыл туристер санының артуы күтілуде. Бұл өсімге өңірдегі инфрақұрылымның дамуы, жаңа туристік маршруттардың ашылуы және «Visit Aktobe» орталығының белсенді жұмысы әсер етуде.
— Саяхаттап келушілер көбіне табиғи локациялар мен тарихи-мәдени нысандарды таңдайды. Ең танымал бағыттар — Аққұм құмдары, Ақтолағай бор таулары, Әбілқайыр хан кесенесі, Есет батыр мемориалды кешені және облыс орталығындағы мәдени орындар. Туристер «Visit Aktobe» ресми сайтынан Ақтөбе облысы туралы толық әрі жан-жақты мәлімет ала алады. Мәселен, биыл аталған сайтқа 48,3 мың пайдаланушы кіріп, 21,6 мың рет қаралым тіркелді.
Инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары да жалғасып жатыр. «Visit Aktobe» орталығы арқылы туристік бағыттар әзірленіп, әлеуметтік желілерде белсенді жарнама жүргізілуде. Сондай-ақ жергілікті туроператорларға лицензия алуға жарнамалар жасалып жатыр, — дейді ол.
Бүгінде Ақтөбе өңірінде 10-нан астам туристік нысан бар. Атап айтсақ, Байғаниндегі Ақтолағай үстірті мен Аққұм құмдары, Ақбота-Сәңкібай тауы, Мұғалжар ауданындағы Орқаш табиғи қаумалы, Ырғыз-Торғай қорығы, Қарғалы су қоймасы, Қасқыр сарқырамасы, Алғадағы Есет батыр кесенесі, Қобда ауданындағы «Қобыланды батыр», Абат-Байтақ мемориалды кешендері, т.б. бар.
— Қазіргі таңда облыста жұмыс жасап жатқан арнайы туроператорлар жоқ. Дегенмен «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығы туроператорлар үшін лицензия алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Егер сіз туроператор болғыңыз келсе, лицензия алу бойынша «Visit Aktobe» орталығына жүгінуіңізге болады. Біз сізге қажетті ақпараттарды беріп, қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз. Лицензия алу жұмысы жүзеге асқан жағдайда, «Visit Aktobe» орталығы туроператорларға өңірдегі туристік нысандармен жұмыс жасау, ішкі маршруттарды қалыптастыру және туристік бағыттарды дамыту мәселелері бойынша тікелей қолдау көрсететін болады, — дейді Жадырасын Тұрғалиев.
P.S. Отандық туризм дамып жатыр дейміз. Әйтсе де қазірдің өзінде қаншама қазақстандық шетелдегі демалыс орындарында жүр. Әлемнің кейбір елдері туризмнен мол табыс тауып отырғаны белгілі. Себебі туризм — мемлекет жарнамасы. Әр өлкенің өз ерекшелігі, көз тартатын сулы мекендері бар. Тұмса табиғатымен баурап алатын көрікті мекендер біздің елімізде де жетерлік. Дей тұрғанмен кейбір орындарда ел-жұртқа жайлы демалыс сыйлайтындай жағдай жасалмай, қызмет көрсету сапасы ақсап тұр.
Аумағы 300 мың шаршы метр жерді алып жатқан Ақтөбе өңірінің сұлу табиғаты мен киелі жерлері де туризмді дамытуға қолайлы. Алайда өзгелер түгілі, ақтөбеліктердің көпшілігі біз жоғарыда атап өткен нысандардан хабарсыз. Себебі жарнама сервис дамымаған. Сондықтан әлі де кеңірек насихаттау жұмыстары жолға қойылса деген тілек бар…
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.





