Мерекедегі марапат

Облыс әкімі Асхат Шахаров металлургия саласының үздік қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Басқосуда өңір басшысы металлургия саласының ел экономикасындағы маңызды рөлі туралы кеңірек айтты.
— Металлургтер — еліміздің индустриялық әлеуетін нығайтып, тұрақты даму жолына серпін беріп отырған еңбек майталмандары. Ел Президенті адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек деген үндеу тастап, биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтарs жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы жыл аясында жұмысшы мамандығының қоғамдағы беделін арттыру, еңбек адамына лайықты құрмет көрсету және кәсіби шеберлікті дамыту басты мақсаттардың бірі болып отыр. Бүгін біз еліміздің өнеркәсіптік қуатын арттырып, экономикалық тұрақтылыққа зор үлес қосып жүрген сала мамандарын құрметтеу үшін жиналдық. Табысталатын марапат — еңбек адамына деген құрметтің нақты көрінісі, — деді Асхат Шахаров.
Қазіроблыста металлургия саласында 8 ірі өндіріс орны жұмыс істейді. Олардың қатарында «Қазхром» трансұлттық компаниясы, «Восход Ориел», «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС және Ақтөбе рельс-арқалық зауыты бар. Бұл кәсіпорындарда 18 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Өткен аптада Ақтөбе ферроқорытпа зауытында бір пеште 177 тоннадан астам жоғары көміртекті феррохром өндіріліп, әлемдік рекорд орнатылды. Бұл жетістік WORLD BOOK OF RECORDS тізіміне енгізіліп, халықаралық деңгейде мойындалды.
Облыс әкімі шара аясында «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьевті — «Құрмет» орденімен, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС экскаватор машинисі Марат Сақтаев пен «АРАЗ» (АРБЗ) ЖШС кезекші автокөлік жүргізушісі Серік Сүлейменовті «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
— Ақтөбе рельс арқалық зауыты ашылғалы, яғни 10 жылдан бері осы өндіріс орнында көлік жүргізушісі болып жұмыс істеймін. Мемлекеттік марапатқа ие боламын деп ойлаған жоқпын. Күтпеген қуаныш. Бұл – мен үшін үлкен абырой. Жан-жақтан туыстарым мәз болып, құттықтап жатыр, — дедіАқтөбе рельс арқалық зауытының көлік жүргізушісі Серік Сүлейменов.
Іс-шара барысында мемлекеттік марапатқа ие болған «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев те өз ризашылығын білдірді.
— 30 жылдың әр күні текке кеткен жоқ. Жұмысшылар тынбастан, қажырлы еңбек етіп жатыр. Соның арқасында өндіріс қуаты жыл сайын артып келеді.
Мереке қарсаңында мерейіміз өсіп, мәртебеміз артып жатқанына қуаныштымын. Биылғы Металлургтер күні біздің компаниямыздың 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мерекеде аға буын ардагерлерінеқұрмет көрсетіп, қарапайым еңбек адамдарының еңбегін бағалауды дәстүрге айналдырып келеміз, — деді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев.
Бұл күні тағы бір топ еңбек озаты облыс әкімінің қолынан Құрмет грамотасын алып, Алғыс хатқа ие болды.
Асхат Шахаров марапат иелеріне зор алғысын білдіріп, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық тіледі.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.


