Спорт

Жас үстел теннисшілері бас қосты

Ақтөбеде үстел теннисінен дәстүрлі «AQTOBE CUP» республикалық турнирі өтті. ТурнирӘлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.

Жарысқа еліміздің түрлі өңірінен, оның ішінде ел астанасынан, сонымен қатар біздің облыстың аудандарынан 120 жас үстел теннисшісі қатысты. Жалпы, 5-15 жас арасындағы жеткіншектер үш жас категориясы бойынша жүлделерді сарапқа салды.

Республикалық турнир Ақтөбедегі «Үстел теннисі орталығында» орналасқан балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде өтті. Ашылу салтанатына облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Абай Сақтағанов, басқа да қонақтар қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Бұл жарысты облыстық үстел теннисі федерациясы мен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы бірігіп ұйымдастырып келеді. Мақсат — өңірімізде осы спорт түрін танымал ету, жас ұрпақ арасында насихаттау арқылы дамыту. Бұл тұрғыдан алғанда, соңғы жылдары жақсы көрсеткіштер мен жетістіктер барын да айтқымыз келеді. Мысалы, биыл Қазақстан чемпионатында 11 жасқа дейінгі балалар арасында ырғыздық Томирис Тимурқызы жеңімпаз атанды. Сондай-ақ ол жұптық сайыста қола жүлде алса, осы жас категориясында облыс құрамасы да қола жүлдеге ие болды.

— Үстел теннисі дамыған елдердің, мысалы, Қытайдың тәжірибесіне көз салсақ, балаларды бұл спорт түріне балабақшада жүрген кезінен бастап баулиды екен. Біз де осы істі қолға алып, Ақтөбедегі 20-дан астам балабақшада үйірмелер аштық. Орталықтағы 13 жаттықтырушының бесеуі осы жоба аясында еңбек етіп жүр, — деді үстел теннисі орталығының директоры Әсет Сағымбаев.

Әсеттің өзі үстел теннисінен бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы, сондай-ақ халықаралық турнирлерде жүлдегер атанған. Қазір басшылық қызметпен қатар, жаттықтырушы ретінде де еңбек етеді. Биыл чемпион атанған Томиристі үстел теннисіне алғаш баулыған өзінің әкесі, ырғыздық жаттықтырушы Тимур Ділімбетов болса, ал бүгінде Әсет Сағымбаевтың жетекшілігімен шеберлігін шыңдап жүр.

Томирис «AQTOBE CUP» турниріне биыл екінші рет қатысты. Бұл жолы ол 2011 жылы туған және одан кіші қыз балалар арасында жеңімпаз атанды. Осы жас категориясы бойынша ер балалар арасында ақтөбелік Қуаныш Аманқұс топ жарды.

Сондай-ақ жеңімпаз атанғандар арасында Медина Амандық (Ақтөбе), Рахман Қонбаев (Ақтөбе), Омар Исмаилханов (Шымкент) бар. Жалпы, турнирде Ақтөбе, Маңғыстау өңірлерінің және Шымкент қаласының жас үстел теннисшілері жақсы өнер көрсетті.

Ал Ақтөбе өңірінде бүгінде спорттың осы түрімен 1,5 мың адам тұрақты түрде айналысады.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button