Жинау ғана емес, алдымен шашпауды ойлау керек


Сенбі күні ертеңгілік 9-дың шамасында Ақтөбе су қоймасының жағасы — жас, кәрісі аралас — демалушыларға толы болды. Балық аулап отырған жандардың ешкімменісі жоқ, тек бірер жас бала ғана суды жағалай әрлі-берлі жүр.
Орманшылардың айтуынша, бұл — Ақтөбе қалалық орман шаруашылығының Елек бөлімшесіне қарасты бөлік. Су жағасы, айнала егілген ағаш-тал іші қоқысқа толыпты: әр жерде шашылған күл, қаптаған қалбырлар, қалталар мен қағаз, тамақ қалдықтары, т.б.
Облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының мүшесі Қайырбек бізден (яғни журналистерден) сәл кейінірек келген еді. Қоқысты көріп, шошып кетті. «Осы жерді биылдыққа 5 рет жинадық», — деді. Орманшылар да өздерініңсенбілік өткізгеніне көп бола қоймағанын айтып жатыр…
19 шілдеде«Мөлдір бұлақ» акциясы аясындаоблыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен, бұл жерде тағы да сенбілік өтті. Оған «Жасыл ел» жасағының мүшелері, Ақтөбе қалалық орман шаруашылығы мекемесінің еңбеккерлері және облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының мүшелері, еріктілер – барлығы 100-ден аса адам қатысты.
«Жасыл ел» жасағының мүшелерін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 3-курс студенті Ақлима Бөрегеева бастап келіпті.
— Бүгінгі сенбілікке біздің университеттен 30 адам қатысты. Тазалықтың маңызы зор, ал соның ішінде табиғаттың тазалығы — туған жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі. Сондықтан мұндай акцияларға жастар үлкен жауапкершілікпен қарайды, — деді Ақлима.
Қалалық орман шаруашылығы басшысының орынбасары Бауыржан Мырзағалиев бұл маңға демалушылардың көп жиналатынын айта келіп, өкінішке қарай, олардың тазалыққа мән бермейтініне қынжылды.
— Демалушылар тамақ қалдығын, сусыннан босаған қалбырларды оңды-солды лақтырып кете береді де, көбіне бұл жерді өз күшімізбен тазалауға тура келеді. Айта кетсем деймін, табиғатты ластағаны үшін заңда әкімшілік жауапкершілік көзделген: алдымен ескерту жасалады, ал тәртіпбұзушылық қайталанған жағдайда, 5-10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, — деді ол.
Бұл маңды тазалау үшін 100-ден астам адамның күні бойы еңбектенуіне тура келді. Жиналған қоқысты әкетуге қалалық орман шаруашылығы мекемесінен екі техника бөлініпті. Сенбілікке қатысушылар барлығы 5 тоннадан астам қоқыс жинап, айналаны тазартып қойды. Бірақ мұнтаздай бұл көрініс… қашанға дейін тұрар екен?
Өкінішке қарай, алдымен шашпауды үйренбейінше, тек жинаумен ғана тазалық мәселесі шешілмейтініне тағы бір көз жеткіздік.
Айна САРЫБАЙ.



