Спорт

Екі ойынның есебі

Еуропа лигасы

«Ақтөбе» (Қазақстан)-«Легия» (Варшава, Польша) — 0:1

«Ақтөбенің» бас бапкері Вячеслав Левчуктің «Легиямен» қарымта кездесу алдындағы әңгімесі күлкі шақырды. «Егер біз турнир сеткасында ілгері қарай жылжығымыз келсе, гол соғуымыз керек», — деді ол. Осы енді бас бапкер айтатын сөз бе? Гол соқпаса, команда ілгері жылжи алмайтыны бастауыш кластың оқушысына да белгілі жай ғой. Одан әрі: «Олар (футболшыларды айтады) жанкүйерлердің және біздің команда жанашырларының үмітін ақтайды деп күтемін», — дейді. Бұл да әйтеуір құрастырыла салған сөздер тобы. Жарайды, әр сөзге байланыспай-ақ қоялық. Ал ілгері жылжу үшін нақты не істеу керек еді? Бапкеріміз мұны құпиялай келтіреді: «А» жоспарымыз іске асады деп ойлаймын, олай болмаған күнде «Б» жоспарымыз және дайын тұр».

Сонымен командамыздың «А» жоспарына да, «Б» жоспарына да куә болдық. Тек «А» жоспары деген не, «Б» жоспары деген қандай жоспар екенін ажырата алмадық. Жігіттеріміздің бастан-аяқ құр шабыспен жүгіріп шалдыққанын ғана көрдік. Сосын: «Е-е, «А» жоспары дегені —  старттық құрам, ал «Б» жоспарыңыз — екінші таймда алаңға шыққан тың футболшылар болды ғой», — деп түйдік іштей. Бірақ «Легияның» тәжірибелі жігіттері біздің Левчуктың «А» жоспарына пысқырып та қарамады, «Б» жоспарының тас-талқанын шығарды.

Жалпы, әсіресе бас бапкерлер жанкүйерлерді кәмпитке алдана салатын баладай көруді қоюы керек қой. Бұларды тыңдасаңыз, кез келген ұтылыс бұрын болып көрмеген тың нәрсе секілді, өздері таңғалып отырады. Қай футболшысы алаңда қандай рөл атқарды немесе атқармады деген рәуіштегі талдау жоқ. Бұл жолы аяқасты кездейсоқ өкінішке ұрынып қалып, келер жолы аспаннан түсетіндей болып сөйлейді.

«Легия» бір апта бұрын өз алаңында 1:0 есебімен ұтқанын ұмытқан жоқ. Және сол есепті сақтап қалуға тырысатынын ойын басында-ақ сездіріп алды. Тіпті қақпашының өзі допты асыл дүниесінен айырылып қалатындай ойынға асықпай қосып отырды. Ал алаңдағылар әлдеқалай құлап түссе, зор жарақат алғандай созалаңдап жатып алды. Бұл да тактика. Уақыт ұту. Сөйте тұра «Легия» біздің командадан артық қозғалды, ширақ қимылдады.

Біздің жігіттер ештеңе тындыра алмады. Командамызға жаңа қосылғандардан жаңа нәтиже күтіп ек. Одан да ештеңе шықпады. Қақпаның қасына жетіп барған Артур Шушеначев ыңғайлы келе қалған допты не істерін білмей абыржыды. Георгий Жуков тағы да дәл қақпа алдында аяғындағы допты өзінен сәл былайырақ тұрған командаласына тастаудың орнына тағы да жеке өзі қимылдап, қисық соққы жасады. Рас, Оралхан Өміртаев қарсыластар қақпасына бір гол енгізді. Бірақ офсайдтан соққаны жай көзге де анық көрініп тұрды. Есептелмеді. Ал оның тап сондай екінші соққысын қақпашы дарытпады. Екі ойында да Жан Жайро еркін ойқастай алмады. Қорғаушылар аттатпады. Алаңның о шеті мен бұ шетінде қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіріп жүретін Жайро аяғына жем түскен аттай кібіртіктеумен болды. Әрі-беріден соң жанкүйерлер бапкер Левчук алаңға Өміртаевты неге ойын басында шығармағанын түсінбеді. Рас, Даниэль Соса қонақтармен тынымсыз арпалысумен болды. Бірақ жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтыны белгілі ғой. Сосамен тізелесе қимылдайтын футболшы табылмады. Богдан Вэтежэлу шабуылшыларға қаншама көмектескенімен ол жолдаған пастарды тиімді қолданғандар көзге түсе қоймады.

Қонақтар асып-саспады, ақылмен қозғалды. Қиын жерден қиялай шауып есепті ұлғайтудың оңайға түспейтінін бірден аңғарған секілді. Біріне-бірі қарайлап жүрді. Ал апыл-ғұпыл қарымта шабуыл ұйымдастыруға тырысып баққан біздің жігіттер далбақтап жүгіруді ғана білді, әріптесінің қайда, қалай жүргенін зерделеуге уақыттары да болмағанға ұқсады, допты алып алған соң қай жерге қалай тастасам екен деп ойланып тұру көбейді, ал бұл кезде қонақтар сырттан құр қарап тұра бермейді ғой, сен қозғалмай жатып, ол қозғалады, жасалайын деп тұрған пастың алдын алады. Терең ойластырылған тактика болмаған соң солай болатыны белгілі де еді. Жеке шеберлік, даралана қимылдау мұндай жерде пайда әкеліп жарытпайтыны мәлім. Футбол – жүз метрге жүгіру емес, ұжымдық ойын. Ал ұжымдық ойынның консепциясын жасайтын, әрине, бапкер. Мына кездесуде біз бапкеріміздің қолтаңбасын сезінбедік. Бағзы кезеңдегі ауылда өтетін денешынықтыру пәнінің мұғалімі секілденіп, ортаға допты лақтырып тастап, «ал, ойнаңдар» деп тұрған деп тұрған сол ескі Қазақстанның спорттан сауаты шамалылау мұғалімін көргендей болдық. Сөйтіп жүргенде ойын соңында «Легия» гол соқты да кетті. Жартылай қорғаушы Юрген Элитим 90 минутқа қосымша уақыт қосылған сәтте қақпамыздың алдында қорғаушыларымызды оңды-солды алдап, Андрей Владты да қапы қалдырды.

Бір ескеретін нәрсе, қаншама жақсы ойыншыларды жинап алғаныңмен, олар бір-бірімен түсінісіп болмай, командаға біржола сіңісіп кетпей, көңілдегідей нәтижеге жету мүмкін емес екен.

Ойыннан соң В.Левчук: «Біз жап-жақсы кездесу өткіздік» деп бастады әңгімесін. Ол айтып тұрса сәтсіздік кесір жасамағанда (?) есеп басқаша болады екен, бір ғана емес, екі, үш гол соғып кетудің мүмкіндігі болыпты, тек сәл-пәл ғана сәті түспепті (?), сол себепті қандай да бір футболшымызды бүгінгі ойынды келістірмеді деуге келмейді екен. Ал сәттілік дегеніңіз аспаннан салбырап түсе қалатын олжа емес. Сәттілік — сенің алаңдағы қимылыңның қорытындысы, сәттілікке стратегия мен тактиканың мән-мағынасын терең білген бапкердің ғана қолы жетеді.

Бір жұбанышымыз, Еурокубок ойындарынан мүлде тыс қалмайтын болдық. «Ақтөбе» енді бір саты төмендеп, Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді. Бірақ тап осындай ойынмен жерлестеріміз Чехияның «Спарта» (Прага) командасынан басым ойнайтынына сену де қиын боп тұр. Себебі чехиялық команда – шеберлік дәстүрі әбден қалыптасқан мығым ұжым. Жыл сайын әр жақтан әркімдерді жинап алып күн көріп отырған шалажансар клуб емес. Бірінші ойын 24 шілдеде Ақтөбеде, қарымта кездесу 31 шілдеде Прагада өтеді.

«Ақтөбе» (Қазақстан)-«Легия» (Польша) — 0:1 (0:1).

Гол авторы: Юрген Элитим, 90+1 минут (0:1).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Данияр Үсенов, 45-минут, Никита Корзун, 56-минут, Богдан Вэтэжелу, 61-минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад (қақпашы) Неманья Анджелкович, Никита Корзун, Әділхан Таңжарықов (Лев Скворцов, 46-минут), Бағдат Қайыров (капитан), Даниэль Соса, Вячеслав Швырев (Жан Жайро, 59-минут), Артур Шушеначев (Оралхан Өміртаев, 59-минут), Богдан Вэтэжелу, Георгий Жуков, Данияр Үсенов (Аян Байдәулетов, 75-минут).

Запаста болғандар: Игорь Трофимец, Саятхан Құсайынов (қақпашылар), Уче Агбо, Талғат Кусяпов, Еркебұлан Сейдахмет, Амаду Думбия, Ыдырыс Умаев.

Бас бапкер: Вячеслав Левчук.

17 шілде 2025 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.

*   *   *

20 шілде күні Премьер-Лиганың 17-турында «Ақтөбе» өз алаңымызда Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдады.

Алаңда қанша арпалыс болғанымен, есеп ашылған жоқ. Бірінші таймда Лев Скворцов қарсыластар қақпасына гол соққанымен, неге екені белгісіз, бұл гол есепке алынбады. Ойын барысында бас бапкеріміз Вячеслав Левчукке төреші ескерту қағазын көрсетті. Осыны қосқанда бас төреші Болат Сариев футболшыларға 10 ескерту қағазын «сыйлады». Сөйтіп, «Ақтөбе» 33  ұпаймен төртінші орнында қала берді. Жерлес команданың өткен екі ұтылысына қарамастан, стадионды тағы да лық толтырған жанкүйерлеріміз үйлеріне пәс көңілмен қайтуға мәжбүр болды.

Бұл турда ойын үлгісін «Астана» көрсетті. Олар «Тұран» қақпасына 7 гол соқты. Ал осындай аутсайдерлерді 1:0 есебімен ұтқанда бөркі қазандай болатын фавориттерімізге бұл көрнекі сабақтай болды.

«Қайрат» Қызылордада «Қайсармен» тең ойнады (1:1). «Ордабасы» «Жетісудан» 0:1 есебімен ұтылды. Үнемі ұтылып, көштің соңында келе жатқан «Атырау» сырт алаңда «Қызылжарды» жеңді (1:0). Алғашқы бестікке енуден үміті бар «Елімай» «Жеңістен» 1:2 есебімен жеңілді.

17 турдан соң турнир кестесінде 40 ұпаймен «Астана» көш бастап тұр. Екінші орындағы «Қайраттың» 37 ұпайы бар. 35 ұпай жинаған «Тобыл» төртінші орынға жайғасты.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button