10 тонна қоқыс жинады

Облыстық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтті. Іс-шара аясында Елек өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылып, «Ұрпақтар сабақтастығы» атты кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ардагерлері мен қазіргі сарбаздары бас қосып, өзара тәжірибе алмасып, бірлескен тазалық жұмыстарын жүргізді.

Іс-шара аясында 80-нен астам жас сарбаз шамамен 10 тоннаға жуық қоқыс жинады. Мұндай экологиялық тазалық жұмыстары тұрақты түрде айына 2-3 рет өткізіліп тұрады.
— Бүгін біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында өзен жағалауын тазалап, «Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында бұрынғы және қазіргі жасылелдіктерді біріктіріп отырмыз. Осыдан 15-20 жыл бұрын еңбек жасағында белсенді қызмет еткен ардагерлер бүгінгі жастармен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Бірлесе тазалық жүргізіп, жас буынға үлгі көрсетті, — деді облыстық «Жасыл ел» штабының менеджері Исабек Дүйсенбаев.
Ал «Жасыл ел» жасағының ардагері Бибігүл Ақжігітова аталған шараға осыдан 20 жыл бұрын киген еңбек формасын киіп келіп, жұмыс кезіндегі естеліктерімен бөлісті.
— Осыдан 20 жыл бұрын Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институттан бірінші жылы 2000-ға жуық студент жинап, түрлі қоғамдық жұмыстарға жұмылдырдық. Аурухана, тұрғын үй құрылысы сияқты нысандарда еңбек еттік. Сол жылдары еңбек жасағының бригадирі болып жұмыс істедім. Жақсы нәтиже көрсетіп, түрлі марапатқа ие болдық. Соның ішінде бірнеше жыл қатарынан үш автокөлік жеңіп алған кездеріміз болды. Қазір сол кездері өзіміз жұмыс істеген жерлердің жанынан өткенде, студенттік шақтағы қызықты сәттер көз алдымызға келеді. Бүгінде сол жастар түрлі салада ел игілігіне еңбек етуде, — деді ол.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.






