Басты жаңалықтар

«ҚАЗХРОМ» әлемдік рекорд орнатты!

Бұл рекордтың орнатылуы Жұмысшы мамандықтары жылы және «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның 30 жылдық мерейтойына арналды.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты электр доғалы пештен бір мезетте 177 тоннадан астам феррохром өндіріп, әлемдік рекорд орнатты. Бұл жетістік WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) ұйымымен ресми түрде тіркеліп, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен құжатталды.
Рекорд тіркелген сәтте Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №43 пешінен бір технологиялық циклде 177 288 келі жоғары көміртекті феррохром алынды. №4 цехтың пештері — әлемдегі ең қуатты пештердің бірі. Зауыт мамандары жүзеге асырған бірегей техникалық шешімдердің арқасында жабдық жобалық көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары қуатпен жұмыс істеп тұр. Орта есеппен бір пеш бір циклде 50-60 тонна ферроқорытпа өндірсе, бұл жолы одан едәуір артық көлем өндірілді. Бұл — бұрын-соңды болмаған нәтиже.
Аталған салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Асхат Шахаров зауыт ұжымын құттықтап, бұл рекорд өңіріміздегі мамандардың жоғары біліктілігі мен еліміздің индустриялық әлеуетінің айқын дәлелі екенін атап өтті.
— Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болдық. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты өнім өндіру көлемі бойынша әлемдік рекорд орнатты. Бірінші рет №43 пештен бір технологиялық циклде 170 тоннадан астам жоғары көміртекті феррохром өндірілді. Зауыт жұмысшылары күндіз-түні, ыстық-суыққа қарамай еңбек етіп, өндірісті әлемдік деңгейге шығарды. Бұл жетістік кәсіпорынның ғана емес, бүкіл қазақстандық өнеркәсіптің халықаралық стандарттарға сай екенін және сол стандарттарды өзі орната алатынын көрсетті. Бұл — тек Ақтөбе өңірінің емес, бүкіл Қазақстан өнеркәсібі әлеуетінің айқын көрінісі, — деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, бұл жетістікке ерекше мән беретін жайт Мемлекет басшысының биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы. Ұлттық құрылтай отырысында Президент қоғамда адал азамат — еңбекқор, жауапты, әділетті адам бейнесін қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өткен болатын.
Асхат Шахаров мұндай жетістіктер елдің экономикалық қуатын қалыптастыратын еңбек адамының беделін нығайтуға сеп болатынын айтты.
— Бұл жетістіктің артында металл мен жабдықтар ғана емес, біздің жұмысшылар тұр. «Қазхром» компаниясы металлургтерінің кәсібилігі, жанкештілігі мен өз ісіне деген сенімі рекорд орнатып, нағыз технологиялық жеңіске қол жеткізді. Бұл — жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, ERG-дің өз көшбасшылығын, тұрақтылығын және өсу әлеуетін көрсетіп отырғанының жарқын белгісі, — деді ERG S.a.r.l. директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директор Шухрат Ибрагимов.
Рекорд тәуелсіз сарапшылар, WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) ұйымының өкілдері, метрологиялық қызмет және техникалық комиссия қатысуымен тіркелді.
Металды өндіруден бастап, оны салқындату, өлшеу мен құжаттауға дейінгі барлық кезең ресми түрде тіркеліп, сертификатталған өлшеу құралдарымен расталды.
— Біз ауыр өнеркәсіп саласындағы рекордтарды сирек тіркейміз, сондықтан бүгінгі жетістік ерекше бағалы. Бұл оқиға — бір зауыттың ғана емес, бүкіл Қазақстанның технологиялық беделіне қосылған үлес және елдің өнеркәсіптік әлеуетінің дәлелі, — деді WBR ұйымының Азия және Африка елдері бойынша бас офицері Қуандық Құдайбергенов.
Марапаттау рәсімі Ақтөбе ферроқорытпа зауыты Құрмет тақтасының ашылуымен қатар өтті.
— Біз ерекше нәрсе жасап жатқанымызды сездік. Бұл рекорд — зауыттың, жұмысшылардың ортақ жеңісі. Біздің әрбір өндірісіміз — бұл командалық жұмыс және жоғары жауапкершілік, — дейді №43 пештің бригадирі Геннадий Кухарь.
Айта кетейік, былтыр «Қазхром» ТҰК» АҚ өндірісті 2023 жылмен салыстырғанда 14 пайызға арттырып, ферроқорытпа көлемін 1,85 млн тоннадан асырды. Бұл — компания тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button