Жас футболшылар қуанышы

Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы орталық стадионның 50 жылдығына арналған жолдастық кездесу өтті.
Жолдастық кездесуде еліміздің белді командаларының біріне айналған «Ақтөбе» футбол клубының 5 ойыншысы ойнады. «Қарсылас» команда 100 баладан құралды.«Sky Park» ойын-сауық орталығының бас директоры Абзал Айбекұлы бұл матчтың өңірде футболды дамыту мақсатында ұйымдастырылғанын айтты:
—Қобыланды батыр стадионында футбол ойнауды әр бала армандайды. Сондықтан бұл матч балаларға қуаныш, үміт сыйлау үшін ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі балалар — Ақтөбе футболының ертеңі. Бір жақсысы, футбол клубының басшылығы біздің бастаманы қолдады. Жауапты матч алдындағы қарбаласқа, уақыттың тапшылығына қарамастан, балаларға осындай мүмкіндік сыйлағанына қуаныштымыз. Меніңше, мұндай жоба бірінші рет қолға алынып отыр, — деді ол.
Ойынға 7-9 жас аралығындағы балалар шақырылды. Футболды ерекше ұнататын өңірде мұндай кездесуге 100 баланы жинау еш қиынға түспеген. Облыс орталығы ғана емес, тіпті аудандардан да тілек білдірушілер келіпті.
«Жастар» жеке футбол мектебінің Келешек тұрғын үй кешеніндегіфилиалынан осы матчқа қатысуға 20 бала тілек білдірді. Жаттықтырушы Саламат Бүркітәлиевтің айтуынша, 4 топта 5-14 жас аралығындағы 150-ге жуық бала жаттығып жүр. Олардың арасынан 8 жасар Мұрат Құрақбайға осы есте қаларлық ойынға қатысудың сәті түсті.
Ойынға «Ақтөбе» сапынан Даниэль Соса, Саят Құсайынов, Аян Байдәулетов, Лев Скворцов және Талғат Құсяпов қатысты. Ойын 10 минуттан астам уақытқа созылды. Соңынан футболшылар балаларға автограф беріп, естелік сыйлықтар тарту етті. Әрине, жас футболшылардың қуанышында шек болмады.
Ата-аналардан құралған жанкүйерлер де ойын барысында қызу қолдау көрсетті.
А.САРЫБАЙ.



