Басты жаңалықтарДенсаулық

Қауын-қарбыз санитарлық талапқа сай ма?

Қазір қаладағы сауда нүктелерінде  қауын-қарбыздың саудасы қызып тұр. Әсіресе жұртшылық  жиі баратын Орталық базарда бау-бақша өнімдерінен көз сүрінеді. Сөрелерде жеміс-жидектің түр-түрі көз тартады. Сатушылар да ерте піскен өнімнің  қауіпсіз екенін айтып, өткізуге тырысып жатыр. Алайда көпшілік өнімнің сапасына күдікпен қарайтыны анық. Ал мамандар не дейді?

Маусым айынан бастап бақша өнімдері қаламызға оңтүстік өңірлерден келе бастады. Қазір қауын-қарбыздың саудасы қызып тұр. Сатушылар да бірінен-бірі өтеді. Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова тұрғындарға ерте піскен өнімдерді сақтықпен тұтыну керектігін айтады.

Маусым айынан бастап астан  улану қаупі артады. Себебі көшеде, сауда орындарында тез бұзылатын тағамдар мен көкөністер, жеміс-жидек, қауын-қарбыз секілді бақша өнімдері көп сатылады. Жазғы кафелердің жұмысы күшейеді. Ал ерте піскен өнімдерде нитрат көп болуы мүмкін. Мәселен, топырақта нитраттың мөлшері көп болса өңделмейді, ол өнімнің бойына жиналады. Егер нитрат адам ағзасына түсетін болса, асқазан мен ішек жолын зақымдайды. Нитрат азот қышқылының тұзын нитриттерге айналдырып, ағзаны улайды. Ал нитриттер гемоглобинмен әрекеттесіп, метгемоглобин қалыптастырады. Бұл тыныс  алу жүйесін зақымдайды. Нитраттардың ең үлкен концентрациясы  көкөністерде, әсіресе олардың жапырақтарында, тамырында болады. Сондықтан ерте піскен өнімді абайлап тұтынған жөн. Жалпы, соңғы бес айда облыста нитраттан улану дерегі тіркелген жоқ, — деді Райхан Қойшанова.

Мамандар тұрғындарға көше бойынан, жол жиегінен  қауын-қарбыз сатып алмауды ескертеді. Өйткені қарбыз ав­то­көліктерден шығатын улы газ­ды бірнеше сағаттың ішінде өздеріне сіңіріп алады екен. Бұндай қарбыздар түрлі жұқпалы ішек ауруына соқтыруы әбден мүмкін.Сондай-ақ тұрғындар қауын-қарбызды шілде айының соңы мен тамыз айында сатып алғаны жөн. Бұл — өнімнің нағыз пісетін уақыты. Әрі осы кезде жергілікті өнімдер де саудаға шығады. Базардағы сатушыларда  қауын-қарбыздың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын және құрамындағы нитрат деңгейін анықтайтын ілеспе құжаттары болуы керек. Яғнисауда жасаған кезде қауіпсіздік үшін өнімнің токсикологиялық зертхана сараптамаларынан өткені туралы анықтама мен Кеден одағының сәйкестігі жөнінде декларацияны сұраған жөн.

Керек кеңес

Қарбыздар мен қауындар жерде үйіліп жатпауы керек, олар арнайы қойғыштарда немесе сөрелерде сақталуға тиіс.

* Қарбыз немесе қауынды тұтас күйінде сатып алыңыз. Кесілген жемістерде бактерия болуы мүмкін, бұл ішек ауруына шалдықтырады.

* Жемісті міндетті түрде сыртын мұқият жуыңыз, бұл өнімнің ішкі бөлігіне кір мен микробтардың өтуінің алдын алады.Осы аталған кеңестерді сақтау арқылы сіз жаз мезгілінде ғана емес, жылдың кез келген уақытында да тағамнан уланудың алдын аласыз.

Сондай-ақ мамандар өнімдегі нитрат мөлшері термиялық өңдеу кезінде азаятынын айтады. Мәселен, көкөністер мен шөптерді суға біраз уақыт салып қойса, нитрат мөлшері төмендейді. Егер өнімнен уландым деген күдік болса,  тез арада дәрігерге қаралу керек. Сондай-ақ  департаментке және аумақтық басқармаларға  дәлелді құжаттармен расталған, яғни фото, видео, чекті қосып  арыз-шағым түсіру керек.  Хабар түскен бойда тиісті тергеу жұмыстары жүргізіледі,  объектіге жоспардан  тыс  тексеріс  ұйымдастырылады. Тексеріс барысында барлық қажетті санитарлық-эпидемиологиялық  бақылау шаралары жүргізіледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button