Басты жаңалықтарМәдениет

Жаңғырған тарих ескерткіші

Шалқар ауданындағы Матығұл кесенесінде реставрация жұмыстары аяқталды.

Ата-бабаларымыздың елдікті сақтау жолында атқарған істері мен дала төсінде орнатқан құрылыстары — ұлттық өркениеттің өзегі. Көшпелі халықтың танымына сай,қазақ даласындағы сәулетті, зәулім, айрықша құрылыстар қоғамдық, әлеуметтік жағынан ықпалды,ел таныған адамдардың мәңгілік мекені яки діни орындар, мешіт-медреселер сипатында бой көтерген. Кеңестік кезеңде ол орындар қараусыз қалып, саяси-идеологиялық тұрғыда ұрпақ танымынан әдейі алшақтатылып келсе, бүгінгі тәуелсіз, жаңа заманда тарихи сананы да, ұлттық сананы да бекітуші діңгек, ел есіне өткенін, бабалар өркениетін салатын ескерткіш саналады. Ата-бабадан қалған байтақ жердің техникалық төлқұжаты іспетті ескерткіштер жаңғыртылып, қайта қалпына келген күйде халық игілігіне ұсынылуға тиіс. Осы мақсатта облыста соңғы жылдары көп іс қолға алынды, тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жұмыстарының жоспары бекітіліп, бірқатары жүзеге асырылды, сондай-ақ қазіргі күні жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан ескерткіштер де бар.

Жуырда реставрация жұмыстары аяқталған ескерткіштердің бірі — Матығұл кесенесі. Ол Шалқар ауданының аумағында, Шілікті ауылынан 72 шақырым жерде орналасқан. Бұл тарихи нысанның бір ерекшелігі, ол мазар ғана емес, өз заманында сол маңдағы халыққа мешіт қызметін де атқарған. Бұл — солтүстік қабырғаның екі бұрышында мұнара құрылымдары бар, тас дуал және оңтүстік бөлігі үш күмбезді келген өзгеше мазар.

Матығұл мазары — Шалқар және Солтүстік Арал өңірінде сирек кездесетін ескерткіштің бірі.Матығұл — өз заманында би, дәулетті болған беделді адам. Ескерткіш ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында тұрғызылған. Құрылыс материалы ретінде саз балшық пен сұр түсті шақпақтастар қолданылған. Археологиялық зерттеу басталғанға дейін, техникалық сипаттамаға сәйкес кесенеге қатысты мұрағаттық және библиографиялық материалдар да іздестірілді. Ескерткішті тарих ғылымдарының докторы, профессор, этнограф Рахым Бекназаров ғылыми айналымға енгізіп, ал қазба жұмыстарына тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бисембаев жетекшілік етті.

Матығұл кесенесінің бүкіл элементтері толық сандық дәлдікпен суретке түсіріліп, мазардың сыртқы көрінісі барлық жағынан, үш күмбезі, ішкі кеңістігі, кіреберіс бөлігі, жарық түсетін саңылаулары, қоршаудың ішкі негізгі бөлігі, қабір үстіндегі құрылымдар, сондай-ақ мұнара құрылымдары таспаланып алынды. Қазба шекаралары белгіленіп, бекітілді. Ескерткішке және оның айналасына топографиялық түсірілім жүргізіліп, нысанның координаттар жүйесі анықталып, сандық формаға негізделіп әзірленді. Қазба басталғанға дейін 3D моделі жасалды. Ескерткіштің барлық жағынан қазба жұмыстарының құрылымы бекітіліп, жоспар бойынша жүйеленіп жүргізілді. Құлаған, көмілген бөліктерінен құм шығарылып, тазартылды. Іргетасы мен еденінің арасы айқындалып, өлшемі алынып, тұтас келбеті жобаланды. 2024 жылы кесенеге реставрация жасау үшін архитектор Сәдуақас Ағытаевтың жетекшілігімен ғылыми жобалық құжаттама әзірленді. Реставратор И.Нұрмұғамбетов қалпына келтіру жұмыстарын толық жүргізіп шықты.

Жан-жақты жұмыстардың нәтижесінде көне мазардың келбеті қайта қалпына келтіріліп, мемлекет қорғауындағы ескерткіштердің ішінде реставрациядан өткен нысандардың тізімін толықтырды. Осы арқылы өлке тарихының бір парағы қалпына келтірілді деп есептеуге әбден негіз бар. Сондай-ақ қайта жаңғыртылған бұл мазар ішкі туризмнің дамуына да үлес қосады деп күтеміз.

Фархат ДОСМҰРАТОВ,

облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу,

қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button