Басты жаңалықтар

Мұғалжардағы маңызды жобалар

Іссапар

Облыс әкімі Асхат Шахаров Мұғалжар ауданына жұмыс сапарымен барып, ондағы әлеуметтік нысандарды аралап, жол жөндеу жұмыстарымен танысты.

Биыл ауданда қайта жаңғырту, күрделі және орташа жол жөндеу бойынша 21 нысанда жұмыстар жүргізілуде.

Жалпы аудандағы автокөлік жолдарының ұзындығы — 680 шақырым. Оның ішінде 210 шақырымы — республикалық, 64 шақырымы — облыстық, 406 шақырымы — аудандық маңызы баржолдар. Биыл 55 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның ішінде жол негізін дайындау және асфальттың төменгі қабатын төсеу бар.

Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Жомарт Бақыткелдінің айтуынша, кейбір учаскелерде проблемалық аймақтар бар, алайда олар бойынша кепілдік міндеттемелер аясында жұмысты жалғастыру және қалпына келтіру туралы шешім қабылданған. Барлық қажетті құрылыс материалдары мен техника жеткілікті. 21 нысанның жұмысы аяқталғаннан кейін аудан бойынша асфальтталған жолдардың үлесі 77 пайызға жетеді.

Қандыағаш қаласы бойынша 8 жоба іске асырылуда: үшеуі — орташа жөндеу, үшеуі — қайта жаңғырту, екеуі — жаңа жолдар құрылысы. Құрылыс бойынша негізгі жұмыстар аяқталған, енді төменгі және жоғарғы асфальт қабатын төсеу қалып отыр. Қайта жаңғырту жобаларында жол негізін дайындау жұмыстары жүріп жатыр, ал орташа жөндеу нысандарында төменгі қабат, содан соң жоғарғы қабаты төселеді.

Н.Байғанин, А.Қалиев және Ж.Жабаев көшелеріндегі жұмыстарды «TaF Company» ЖШС жүргізуде. Бұл көшелер шілде айының соңына дейін толық жаңартылады. Кейін жұмыстар Ж.Жабаев көшесінде жалғасады.

Облыс әкімі құрылыс барысын бағамдап, мердігер ұйым өкілдерімен тілдесті. Асхат Шахаров жұмыстардың сапасы мен мерзімінің сақталуына айрықша назар аудару қажеттігін айтты.

Мұғалжар ауданында жол мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Биыл жол құрылысына қомақты қаражат бөлініп, 21 жоба жүзеге асырылуда. Жұмыстардың қарқынын арттыру қажет. Жол сапалы жөнделуі керек, келесі жылы мәселе туындамауы қажет. Көшелер — қаланың айнасы, тұрғындар нақты өзгерістерді сезінуге тиіс,— деді Асхат Шахаров.

Сондай-ақ облыс әкімі тиісті қызметтерге тұрақты бақылауды қамтып, туындайтын мәселелерге жедел әрекет етуді тапсырды.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барды

Бұдан кейін облыс әкімі Асхат Шахаров Қандыағаш қаласында орналасқан Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барды. Онда қарттардың бос уақытын белсенді әрі мазмұнды  өткізуге арналған жағдайлармен танысып, орталыққа келушілермен сөйлесті.

Аталған орталық былтыр іске қосылған. Содан бері қарттар үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бүгінде 60-тан астам зейнеткер бар. Қариялардың орталықтағы уақыты белсенді әрі пайдалы өту үшін 6 қызметкер еңбек етеді.

Орталық басшысы Анар Ниязбекованың айтуынша, мұнда скандинавиялық серуендеу, йога, би, емдік денешынықтыру сабақтары өткізіледі, сонымен қатар шахмат, домино және тоғызқұмалақ ойнауға болады. Ата-әжелердің белсенді демалысын әртараптандыру үшін екі қабатты ғимаратта фитнес, еңбек терапиясы залы, оқу сыныбы, этностильдегі кабинет және ойын бөлмелері жабдықталған. Сондай-ақ мерекелік іс-шаралар да белсенді түрде өткізіліп тұрады. Жуырда орталықта қарттардың қызығушылығын ескеріп, жаңа үйірмелер ашу жоспарлануда.

— Бірте-бірте келушілер саны артып келеді. Адамдар мұнда физикалық белсенділік үшін ғана емес, өзара әңгімелесіп, пікірлесу үшін де келеді. Орталықта қызықты әрі пайдалы уақыт өткізуге толықтай жағдай жасалған, — деді Анар Ниязбекова.

Облыс әкімі зейнеткерлермен сөйлесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Үлкендер жағы орталықта жасалған қолайлы жағдайға алғыстарын білдірді.

— Аға буынның қамқорлықты сезінуі өте маңызды. Мұндай орталықтар адамдарға өздерін қажет сезінуге, белсенді өмір салтын ұстануға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Облыстың барлық ауданында осындай кеңістіктер құруды әлі де жалғастырамыз, — деді өңір басшысы.

Қандыағашта теміржол вокзалы жөнделіп жатыр

Асхат Шахаров жергілікті теміржол вокзалының қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл нысан өңірдегі вокзал шаруашылығын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобаның басым бағыттарының бірі.

Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жертөледегі ескі есіктер мен силикатты қабырғалар бұзылып, шатырды тексеру жұмыстары басталды, жылу жүйесін бөлшектеуге дайындық жүруде, құрылыс қалдықтары шығарылуда.

Вокзал кешенінің жолаушылары мен қызметкерлері, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы контейнерлер орнатылған.

Жоба «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқаруында, мердігер ұйым «Абай&C» ЖШС. Жөндеу жұмыстарының жалпы құны — 2,6 млрд теңге. Қайта жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Нысанды аралау кезінде облыс әкімі вокзал инфрақұрылымын жаңартудың тұрғындар мен қонақтардың өмір сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.

— Теміржол вокзалы — қалаға келген адам ең бірінші көретін орын. Ол заманауи, қауіпсіз және барлық адамға — жолаушыларға, қызметкерлерге, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болуға тиіс. Біз бұл жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауымыз керек,— деді А.Шахаров.

Қандыағаштағы вокзалдың қайта жаңғыртылуы кешенді бағдарламаның бір бөлігі. Бұл бағдарламаға Ақтөбе, Шалқар, Жем, Алға қалаларындағы және Шұбарқұдық пен Қарауылкелді ауылдарындағы вокзалдар да кіреді. Барлық вокзалды жөндеуге 6,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Мердігерлер анықталып, келісімшарттар жасалған. Жұмыстар бір мезетте жүргізілуде: ескі құрылымдар бұзылып, электр сымдары тартылып, ішкі бөлмелер сыланып, жолаушыларға арналған уақытша аймақтар жабдықталуда.

Сондай-ақ вокзал маңындағы аумақтарды абаттандыру да көзделген. Әр нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.Барлық жұмыс облыс тұрғындары мен қонақтарына жайлы, қауіпсіз әрі заманауи теміржол инфрақұрылымын ұсыну мақсатында жүзеге асырылуда.

Ауданның инвестициялық және инфрақұрылымдық әлеуеті кеңеюде

Облыс басшысы мұнайлы өлкенің әлеуметтік-экономикалық даму барысын тыңдады.

Аудан әкімі Дархан Ермағанбетов өз баяндамасында бес айды қорытындылап, өнеркәсіпте өсім артып, инвестициялық белсенділік күшейіп келе жатқанын жеткізді. Агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы қарқынды, инфрақұрылымдық жобалар да жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Мұғалжар ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 237,2 млрд теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға өскен. Өңдеу саласы 11,7 пайызға артып, 35,6 млрд теңгені құраған. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 40 пайызғакөбейіп, 47,8 млрд теңгеге жеткен. Ал ауыл шаруашылығы оң динамикасын сақтап қалып отыр: 9,6 млрд теңге немесе 2024 жылдың сәйкес кезеңінде 105 пайызды құраған.

Жыл басынан бері ауданда 9,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырғы деңгейден 6,2 пайызға жоғары. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,4 млрд теңгеге жетті. Сауда-саттықта да өсім бар: бөлшек сауда айналымы 55 пайызға артып, көтерме сауда айналымы 8 есеге өсті.

— Біз инвестицияларды тартуға және ауқымды жобаларды іске қосуға ерекше назар аударамыз. Ауданда Қытай локомотивтеріне техникалық қызмет көрсету бекеті салынуда және келешекте жел электр станциясы, газ-химия кешені, Тау-кен металлургия комбинатының құрылысы жоспарланып отыр. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы базасында логистикалық әлеуеті бар субиндустриалды аймақ құрылуда. Осы жобалардың іске қосылуы бизнестің дамуына мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орындары ашылады,— деді Дархан Ермағанбетов.

Әлеуметтік инфрақұрылым саласында мектептер, балабақшалар мен спорт нысандарын салу және жөндеу белсенді түрде жалғасып жатыр. Ауданда 12 741 оқушы білім алатын 37 мектеп бар. Ембі, Талдысай, Темір-көпір, Ащысай ауылдарында жаңа мектептер салынды. Сондай-ақ Қандыағаш және Көтібар ауылында екі білім ордасы, Жағабұлақ, Ақкемер және Жұрын елді мекендерінде балабақшалар бой көтеруде.

Ауданда 490 шаруа қожалық пен 23 ЖШС бар. Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік секторға 700 млн теңгеден астам инвестиция салынды.

Сәтті іске асырылған жобалардың қатарында «Ерлан» ӘКК ет комбинаты және «Айсұлтан»шаруашылығының жайылымы бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша биыл 109 жобаны іске асыру жоспарланған, оның 50-іқазір қаралуда. Бүгінге дейін жалпы сомасы 400 млнтеңге болатын жобаларға өтінім берілген.

Облыс әкімі Асхат Шахаров ауданның кешенді дамуының маңыздылығын атап өтіп, инвестиция тарту және әлеуметтік саланы жаңғырту бағытын қолдады. Алдағы уақыттабұл жұмыстар халыққа қолайлы жағдай жасауға, экономиканы дамытуға бағытталмақ.

— Мұғалжар ауданының әлеуеті зор, жергілікті билік пен бизнес-қоғамдастықтың үйлесімді жұмысының нәтижесінде барлық жоспарланған жобаларды сәтті жүзеге асыра аламыз, — деді Асхат Шахаров.

Кездесу соңында аймақ басшысы жол инфрақұрылымын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараты ашылды

Мұғалжар ауданында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органдары күніне орай аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитеті жаңа ғимаратының салтанатты ашылуы өтті.

Салтанатты шарада облыс әкімі Асхат Шахаров сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірдегі тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлестері мен адал қызметтері үшін алғыс білдірді.

Өз сөзінде өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Комитеттің әрбір қызметкері өз ісіне адал әрі нағыз кәсіби маман болуға тиіс. Қандай жағдай болмасын, мемлекет мүддесі бәрінен биік тұруы қажет», деген сөзін еске салды.

— Ұлттық қауіпсіздікті нығайту — мемлекеттің басты міндеті. Әсіресе Мұғалжар сияқты мұнай-газ және кен өндіру өнеркәсібі шоғырланған, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан, облыстағы ең ірі теміржол торабы орналасқан стратегиялық маңызы бар аудандарда бұл ерекше маңызды. Мұндай жерде жедел ахуалға жіті көңіл бөлініп, тәртіп сақталуға тиіс, — деді Асхат Шахаров.

Жаңа нысан күштік құрылымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағдарламасы аясында салынды. Құрылыс жұмыстарын «Nomad Құрылыс» ЖШС жүргізді. Құрылыс 2024 жылдың тамыз айында басталып, биыл шілдеде аяқталды. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы — 626,13 шаршы метр. Заманауи жағдай мен техникалық жарақтандыру қызметкердің тиімді әрі жедел жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

— Бұл ғимаратта тәртіпті, білікті мамандар жұмыс істеп, уақыт сынына төтеп беретін жауапты шешімдер қабылдайды деп сенемін. Антқа адал болып, абыроймен қызмет етіңіздер, — деген облыс әкімі ұжымға толағай табыс пен амандық тіледі.

Жолдар жаңарып, көпір жөнделеді

Көлік инфрақұрылымын дамыту өңірдің күн тәртібіндегі басым бағыттарының бірі. Осы орайда облыс әкімі Асхат Шахаров Мұғалжар ауданында жол саласы бойынша ауқымды жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Бұл жобалар облыстағы және елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға бағытталған.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, биыл жол саласына шамамен 60 млрд теңге қаражат бөлінген.

Оның 7,4 млрд теңгесі — республикалық бюджеттен, ал қалған 52,5 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған. Барлығы 156 жоба жүзеге асырылады. Бұл 464,1 шақырым жолды жөндеу және салу жұмыстары. Оның ішінде 36 жоба жергілікті маңыздағы жолдарға, ал қалған 120 жоба қалаішілік жолдар және елді мекен көшелеріне қатысты.

— Биыл 56 ауылдық жолды жөндеуге 10 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді.Мұғалжар ауданында ұзындығы шамамен 100 шақырымды құрайтын үш жол жаңартылады. Мұндай ауқымды жұмыстар өңір халқы үшін қозғалысты әлдеқайда ыңғайлы әрі қауіпсіз етеді, — деді Айбек Қайыр.

Өңір басшысы республикалық маңызы бар инфрақұрылымдық жоба – Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз автомобиль жолын жөндеу барысына ерекше назар аударды.

«ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз автожолы 1960-1970 жылдар аралығында салынған. Жалпы ұзындығы 401 шақырым. 2023-2024 жылдары осы жолдың 45 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген (Шалқар қаласынан Қауылжыр ауылына дейін 224-259 км, Ырғыз ауылынан Самара-Шымкент тасжолына дейін 391-401 км). Биыл орташа жөндеу аясында 110 шақырым жол жалпы пайдалануға беріледі. Мердігер ұйым — «АссанаДорСтрой» ЖШС.

Ембі қаласындағы көпірді жөндеу жұмыстарымен бас мердігер «Сервис НС» ЖШС айналысып жатыр. Қазіргі таңда бұл учаскеде дайындық қызу жүріп жатыр: жұмысшылар ескі көпірді бұзып, уақытша айналма жолдар салып, қажетті техникаларды жеткізуде. Шілде айының соңына дейін мердігерлер бетон торабын іске қосуды жоспарлап отыр, содан кейін негізгі құрылыс жұмыстары басталады. 2026 жылдың көктеміне дейін жаңа көпірдің негізгі элементтері аяқталып, көлік қозғалысына ашық болуы керек.

Асхат Шахаров Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын трассасын қайта жаңғырту жобасының маңыздылығын да атап өтті. Бұл бағытта 791-819 шақырымдағы учаскеде құрылыс жұмыстары басталған.

Бұдан бөлек 2026 жылы Ізімбет-Біршоғыр-Қотыртас ауылдарының арасындағы (50-92 км, 149-164 км) жалпы ұзындығы 57 шақырымдық жол учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Жол жөндеу жұмыстарымен танысқан өңір басшысы жұмыстардың мерзімі мен сапасын қатаң сақтай отырып, қарқынын арттыру бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button