Басты жаңалықтар

Ақтөбенің үздік тауар өндірушілері анықталды

Ақтөбеде «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінің кезекті кезеңі өтті. Бұл байқау биыл оныншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ шара аясында «Бір ауыл — бір өнім» көрмесі мен «Кәсіби маман» өңірлік байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға 80-нен астам жергілікті кәсіпкер қатысты. Ақтөбеліктер мен қала қонақтары көрме қатысушыларының өнімдерімен танысып қана қоймай, ұнаған тауарларды тікелей өндірушіден сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

9 жеңімпаз республикаға жолдама алды

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесі еліміздің өндірістік әлеуетін дамытып, кәсіпкерлердің шығармашылық бастамалары мен инновациялық жобаларын дәріптейді. Бүгінге дейін байқауға облыстан 500-ге жуық тауар өндіруші қатысты. Биыл 30 кәсіпкер қатысып, өз өнімдерін таныстырды.

Алдымен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» бағдарламалары, «Өрлеу» жеңілдетілген несие беру бағдарламасының шарттары, сондай-ақ тауар таңбаларын тіркеу және экспорттық акселерация бағдарламалары бойынша панельдік сессия өтті.

Көрменің ашылу салтанатына облыс әкімі Асхат Шахаров, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов, өңірлік кеңес мүшелері, мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық өкілдері және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Қатысушылар ұсынылған өнімдермен танысып, тауар сапасына жоғары баға берді.

— Мемлекет басшысы отандық өндіріске, қазақстандық тауар өндірушілерге қолдау білдіріп, кәсіпкерлік саланы дамыту және халықты жұмыспен қамтудың маңыздылығын әрдайым атап өтеді. Биылғы жылдың бес айының қорытындысы бойынша, шығарылған өнеркәсіп өнімінің көлемі — 1 триллион 155 миллиард теңге. Соңғы 3 жылда өнеркәсіп құрылымындағы өңдеу секторының үлесі 34-тен 41 пайызға дейін өсті. Бұл — облыстың шикізатқа тәуелділіктен арылуының және өңдеу өнеркәсібінің дамып жатқандығының дәлелі. Бүгінде өңірде СТ-КЗ сертификаты бар 145 кәсіпорын және индустриялық сертификаты бар 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Біз әрдайым бизнеске ашықпыз және қолдауға дайынбыз. Бүгінгі көрменің нәтижесінде жаңа серіктестік қатынастар орнап,  тың идеялар туындайды деген сенімдемін, деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Айта кету керек, бүгінгі таңда өңірде кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бизнес-ахуалды жақсартуға, инвестиция тартуға, арнайы экономикалық аймақ құруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңір басшысы өнеркәсіптік өндіріс көлемі тұрақты өсіп, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Аталған көрмеде тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс индустриясы және басқа салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындардың өнімдері ұсынылды.

Байқау барысында 3 номинация бойынша 9 жеңімпаз анықталды. Бұл жеңімпаздар республикалық байқауға жолдама алды. Енді олар облыс атынан сынға түсетін болады.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша үздік танылғандардың қатарында «Спецобувьторг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Былғарыдан арнайы қорғаныс аяқкиімдерін шығаратын өндіріс басшысы  Данияр Жұбаниязовтың айтуынша, байқауда жеңіске жету танымалдылықпен қатар, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, әрі бұл алдағы жетістіктерге үлкен мотивация береді.
Біздің компания еліміздің барлық өңірінде «TALAN» сауда маркасымен аяқкиімдер шығарады. Ал Ақтөбе қаласында 2019 жылы ашылды. Қазір айына кемінде 35 мың жұп аяқкиім шығарамыз. Біздің аяқкиімдеріміз мұнай-газ, құрылыс, теміржол салаларындағы ірі кәсіпорындарда, әскери органдардағы қызметкерлерге тігіледі. Былғарысы қалың, арнайы қорғаныс ретінде қауіпсіздік пен сапаның барлық еуропалық стандарттарына сәйкес келеді. Еліміздің басқа қалаларынан да жиі тапсырыс түседі. Бүгінде өндірісте 40-тан астам жұмысшы еңбек етеді.

Байқаудан күтеріміз — сату нарығын кеңейтіп, мемлекеттік сектор мен бизнес өкілдері арасында бейресми байланыс орнату, — дейді Данияр Жұбаниязов.

Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

— Бүгінгі жеңімпаздар Ақтөбе облысын республикалық деңгейдегі байқауда лайықты таныстыратынына сенімдіміз. Өңірде кәсіпкерлік саласы жақсы дамып келеді. Инвестициялық пулда 74 жоба, 86 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Әсіресе өңдеуші өнеркәсіптің, тамақ, жеңіл, құрылыс материалдары мен тұрмыстық химия өндірісінің қарқынды дамуы қуантады. «Ақтөбеде жасалған» деген белгімен шығарылатын тауарлар ел ішінде ғана емес, шетелдерде де танымал болуы керек. Өз кезегінде өңірлік палата бизнес-ахуалды жақсартуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді. Себебі экономиканың күші — өз тауары мен кәсіпкерінде, — деді өңірлік палатаның директоры Дидар Боранқұлов.

«Бір ауыл — бір өнім»: Өңірдің үздік 10 бренді

«Бір ауыл — бір өнім» атты үшінші өңірлік көрме жергілікті шикізаттан өнім өндіруші елуден астам кәсіпкерді біріктірді. Бұл бастама — жергілікті өндірушілерді қолдауға, олардың өнімдерін ішкі және сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған маңызды қадам.
Дәстүр бойынша көрме жәрмеңке форматында өтті. Ақтөбе қаласынан және облыстың әр ауданынан келген кәсіпкерлер өздерінің жаңа тауарларын тұтынушыларға ұсынып, нарықты кеңейтуге мүмкіндік алды. Ассортимент өте алуан түрлі болды. Атап айтсақ, сүт және ет өнімдері, қолөнер бұйымдары, тоқыма, этникалық нақыштағы зергерлік бұйымдар, керамика, сабын және т.б. Комиссиялық жұмыс тобы үздік он өнімді іріктеп алды. Жеңімпаздарды таңдауда өнім өндірісінде тек жергілікті шикізат пен қол еңбегінің қолданылуына баса назар аударылды. Сондай-ақ өнім дизайнының әлеуеті, қаптамасы, тауардың өңірлік ерекшеліктері және оның ішкі және сыртқы нарықтарға шығу әлеуеті бағаланды.

Алға ауданы Ақай ауылынан келген кәсіпкер Гүлжазира Сарбаева төрт  жылға жуық уақыттан бері сиыр сүтінен 30-дан астам өнім шығарады. Бүгінде тұрақты тұтынушыларын тапқан. Сұраныс жоғары екенін айтады.

— Басты мақсатым — халыққа экологиялық таза, сапалы өнім ұсыну. «Ақай дәмі» деген атпен сиыр сүтінен қаймақ, май, ірімшік, құрт, қоюландырылған сүт басқа да көптеген өнімдер шығарамын. Ол үшін оннан астам сиыр сауамын. Кейде ауылдағы фермерлерден қосымша сүт сатып аламын. Әзірге үйден, тапсырыспен әзірлеп отырмын. Болашақта кәсібімді кеңейту ойда бар.

Бұл кәсіпті алғашқыда өз қаражатыма бастадым. Кейіннен «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша аз пайызбен 6 миллион 900 мың теңге несие алдым. Мұның өзі маған зор көмек болды. Тұтынушылар тарапынан той қоржындарына салуға, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы мейрамханалардан жиі тапсырыс түседі, — дейді ол.  

Үздік танылған 10 финалист енді өз жобаларын өңірлік бренд-комитеті алдында қорғайды.

Басты мақсат — кәсіби кадр даярлау

 Шара аясында Жұмысшы мамандықтары жылына орай «Кәсіби маман» байқауының өңірлік кезеңінің қорытындысы шығарылды. Аталған байқау биыл өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастырумен алғаш рет онлайн форматта өткізілді.

Байқаудың басты мақсаты — Қазақстандағы жұмысшы кадрларды даярлау бойынша үздік тәжірибелерді анықтау және қолдау.

Өңірлік комиссия Ақтөбе облысының кадр даярлаудағы жоғары әлеуетін республикалық деңгейде таныстыратын үш жеңімпазды таңдады.

«Кадр даярлауға қатысушы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы, «Дөң тау-кен байыту комбинаты» үздік атанса, «Өндірістегі үздік тәлімгер» номинациясы бойынша «Шинторг-Центр» ЖШС атынан қатысқан Вадим Фаткуллин жеңімпаз деп танылды. «Жұмысшы кадрларды даярлау бойынша үздік колледж» номинациясы Хромтау тау-техникалық жоғары колледжіне берілді. Колледж облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен фестивальдарға, соның ішінде «WorldSkills» байқауына белсенді қатысуымен және басқа да көптеген жетістіктерімен танымал. Сондай-ақ мұнда жерасты кен орындарын игеру, пайдалы қазбаларды байыту және электромеханикалық жабдықтарға қызмет көрсету сияқты 11 сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар даярланады. Барлық оқушылар серіктес кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді. Ал түлектердің 98 пайызы жұмысқа орналасады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button