Сырт елдегі сын

Еуропа лигасы
«Легия» (Польша)-«Ақтөбе» (Қазақстан) — 1:0
Өткен аптаның бейсенбі күні, біздің уақытымыз бойынша түн жарымда Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Варшавада «Легия» мен «Ақтөбе» кездесті.
Ана жақтан алаңға франциялық Стив Капюади, сербиялық Радован Панков, колумбиялық Юрген Элитим, армениялық Ваган Бичахчян, жапониялық Исида, испаниялық Марк Гуаль ойнақтап шықса, мына жақтан румыниялық Андрей Влад, камерундық Габи Кики, сербиялық Неманья Анджелкович, нигериялық Уче Агбо, гаитилік Жан Жайро, белоруссиялық Никита Корзун, румыниялық Богдан Вэтэжелу, гвинеялық Амаду Думбия атып шыға келді.
Ана жағыңыз — поляк командасы «Легия», мына жағыңыз — «Ақтөбе».
Көріп отырғаныңыздай, қазір бізде ғана емес, Еуропаңызда да жергілікті ұлттан ғана емес, жергілікті азаматтардан ғана құралған команда жоқ. Әйтеуір, шарбы майдай шатасып жатқан бір дүние.
Бұдан бұрын осы «Легиямен» екі рет кездесіп, екеуінде де жеңілген «Ақтөбенің» іште қайнаған бір ызасы бар еді. Ол кезде (2014 жылы) командамыздың бас бапкері Владимир Газзаев болды да, өшімізді содан алдық. Онсыз да ішкі чемпионатта сүрініп жүрген командаға дұрыс иелік жасай алмаған Владимирді қудық та жібердік. Енді, міне, сол «Легия» тағы да келіп тұр. Рас, бапкер басқа, құрам басқа, онда да, бізде де.
Бірақ бұл жолы алғашқы минуттардан бастап-ақ бойымызға әлдебір сенімділік ене бастағанын байқадық.
Осы кездесуден сәл бұрын ғана «Ақтөбе» құрамына бас бапкеріміз Вячеслав Левчук жаңа ойыншылар алған. Бұрын да жер тарпып тұрған жігіттеріміздің сапына ылғи бір ығайлар мен сығайлар қосылды. Әсіресе талай голдарды соққан сұрмергендердің келгені жүдә жақсы болды.
Обалына не керек, қасындағы әріптестеріне бек сенімді жігіттеріміз төрешінің ысқырығынан соң-ақ шабуылға кірісіп кетті. Қысылып-қымтырылу жоқ, есіктен кіріп төр менікі дейтіндей жағдай қалыптасты. Соның нәтижесі 10-минутта көрінді де. Кезекті шабуыл барысында ілгері оза шапқан Оралхан Өміртаев допты сәл кейінде қапталдаса жүгіріп келе жатқан Георгий Жуковқа тастап еді, Георгий оны қайтадан Оралханның өзіне қарай бағыттады. Жолшыбай легиялық қорғаушылардың біріне тиген доп бәрібір Оралханның алдына түсті. Оралхан енді еш іркілместен бірер аттап барып, допты еңірете тепті. «Легия» қақпашысы Кацпер Тобиаштың екі бұтының арасынан зу ете түскен доп жібек торды жыртып жібере жаздады. Гол.
Дегенмен жігіттеріміздің де, жанкүйерлеріміздің де қуанышы көпке бармай су сепкендей басылды. VAR жүйесінде отырғандар әрлі-берлі тексеріп, Оралханның сәл ғана офсайдта болғанын көрсетіп тұрып алды. Былай қарасаңыз, доп, әрі-беріден соң, легиялық футболшыға тиіп барып ұшты ғой Оралханға. Бірақ ереженің аты — ереже. Гол есептелмеді.
Есептелмесе де бұл гол біздің командаға жаңа қуат қосқандай болды. Ал поляк футболшыларының ұнжырғасы түсіп кеткендей болды. Сөйтсе де «Легия» Еуропа стадиондарында әбден сыналған команда ғой. 25-минутта біздің қақпамызға гол салып тынды. Бұл бір тіпті күтпеген гол болды. Мығым қорғаушымыз Никита Корзуннан сытылып шыққан легиялық армян футболшысы Ваган Бичахчян айып алаңынан әлдеқайда қашықта жүріп тосын соққы жасады. Мұндай соққы болады деп болжамаған болуы керек, біздің қақпашымыз Андрей Влад сәл кешігіңкірей қозғалып, допқа секіре ұмтылғанымен қолы жетпеді, ауа қармап қалды. Гол — 1:0.
Бұдан кейін Влад қателескен жоқ. Шабуылшыларымыз да қарсыластар қақпасын бірнеше рет нысанаға алды. Әттең, Аян Байдәулетовтің соққысынан соң доп қақпадан сәл жоғары кетсе, Жан Жайроның ептілікпен қақпаның алыс бұрышына бағыттаған добы сәл қиыс ұшты.
Сырт алаңдағы сын шамамен осылай аяқталды. 0:1 есебі жігіттерімізді пессимизмге ұрындырған жоқ, қайта оптимистік көңіл күй сыйлады. Қазіргі құрамымызбен «Легиядан» ұтылмауымызға болатынын да аңғарған тәріздіміз. Ондай үмітке арқа сүйейтін бір себебіміз, бұл ойынға Артур Шушеначев пен Даниэль Сосо қатысқан жоқ, алаңға тастүйін қорғаушыларымыз Әлібек Қасым мен Әділхан Таңжарықов, сұрмергендеріміздің бірі Ыдырыс Умаев та шыққан жоқ. Алдағы кездесуде жасыл алаңға осы жігіттер шыққан кезде, оған шетелде де шын жанашырлықтарын көрсетіп жүретін мыңдаған жанкүйерлеріміздің айқай-ұраны қосылған шақта «Легияның» жүрегін дірілдететін шығармыз деп үміттенеміз.
Бір айта кетерлігі, Артур Шушеначевтің бұл ойынға қатыса алмайтыны кездесу басталардан бір сағаттай шамасы бұрын ғана мәлім болды. Оның орнына шұғыл түрде шыққан жас футболшы Оралхан Өміртаев болашақта команданы ілгері сүйрейтін тарландардың бірі болатынын дәлелдегендей болды.
Ойыннан соңғы сұхбатында «Легияның» бас бапкері Эдвард Йордэнеску: «Мен бұл нәтижеге риза бола алмаймын. Біз көбірек гол соғуымыз керек еді», — десе, «Ақтөбенің» бас бапкері Вячеслав Левчук: «Жалпы алғанда мен команда қорғанысына ризамын, қарсыласымыз аса көп қауіпті жағдай жасай алмады. Біздің де бірнеше жақсы қарымта шабуылдарымыз болды. Егер сәл дәлдік болғанда гол да соғатын едік. Кейбір қиын сәттерде қақпашымыз Андрей Влад сәтті ойнады. Біздің нақты ойлағандарымыз бар, оны бір аптадан соң Ақтөбедегі кездесуде көресіздер», — деді.
Әрине, Польша ақпарат құралдары бұл ойын туралы ештеңе айтпай қалмайтыны белгілі. Przegląd Sportowy: «Легия» «Ақтөбені» бар-жоғы 1:0 есебімен ұтты. Енді қарымта кездесу алдында дірдек қағатын болады: қарсыластар стадионында бейнелі түрде де, шын мәнінде де ыстық болады. Футболшыларымыздың өз үйімізде-ақ құты қашты — әсіресе кездесу басында» деп жазса, Gazeta.pl: «Бәрі бітті!!! «Легия» 1:0 есебімен ұтты. 1:0 есебімен ғана… «Легия» өзіне-өзі дән риза бола алмайтын шығар. Жеңісімізге қарамастан, қарымта кездесу соншама қиян-кескі болатын шығар», — деп жазыпты.
Қарымта кездесу 17 шілдеде Ақтөбе қаласында өтетінін еске саламыз.
«Легия» (Варшава, Польша)-«Ақтөбе» (Қазақстан) — 1:0.
Гол авторы: Ваган Бичахчян, 25-минут (1:0).
Ескерту қағазы 63-минутта Вячеслав Швыревке көсетілді.
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад (қақпашы), Богдан Вэтэжелу, Неманья Анджелкович, Габи Кики, Бағдат Қайыров (капитан), Уче Агбо (Данияр Үсенов, 36-минут), Георгий Жуков (Еркебұлан Сейдахмет, 79-минут), Никита Корзун, Жан Жайро, Вячеслав Швырев (Аян Байдәулетов, 79-минут), Оралхан Өміртаев (Амаду Думбия, 60-минут).
Резервте болғандар: Игорь Трофимец (қақпашы), Лев Скворцов, Әділхан Таңжарықов.
Бас бапкер: Вячеслав Левчук.
11 шілде 2025 жыл. 00.00. Маршал Юзеф Плисудский атындағы Польша әскері стадионы, Варшава қаласы, Польша.
* * *
Еурокубок ойындарына өткен аптада кіріскен қазақстандық командалардың ешқайсысы да алғашқы кездесуде жеңіске жете алмады.
Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінің бірінші кездесуінде сырт алаңда Словенияның «Олимпия» (Любляна) командасымен ойнаған «Қайрат» 1:1 есебімен тең түсті.
Ал Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасымен сырт алаңда күш сынасқан шымкенттік «Ордабасы» 3:4 есебімен жеңіліп қалды.
Дегенмен жанкүйерлер де, бірқатар футбол мамандары да осы аптадағы қарымта кездесулерде жерлестеріміз жеңеді деп үміттеніп отыр.
Конференция лигасында күш сынайтын «Астана» ғана әзір ойынға кіріскен жоқ. Олар ойынды екінші раундтан бастап, 24 шілде күні Молдованың «Зимбру» командасымен алғашқы ойынын өткізеді.
Ертай АШЫҚБАЕВ.



