Басты жаңалықтарЭкономика

Тамақ өнеркәсібіндегі әлеуетіміз қандай?

Өңірдегі 15 кәсіпорынның өнімдері сыртқа экспортталады

Облыста ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі жақсы дамығаны белгілі. Бұл сала бойынша Ақтөбенің атын асқақтатып жүрген ірі кәсіпорындар да аз емес. Өңір бойынша100-ден астам ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорын бар, соның ішінде 11 диірмен, 48 наубайхана, 5 макарон цехы, 11 сүт өңдеу зауыты, 7 шұжық цехы, 5 тұшпара цехы, 2 өсімдік майын өндіретін зауыт, т.б.

Дей тұрғанмен қайта өңдеу ісінде мәселелер кездеседі.

Облыстың тамақ өнеркәсібі бойыншааужайы қалай? Ақтөбе өнімінің бәсекеге қаншалықты қабілетті екенін, жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы алыс-берістің ахуалын білу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Снежанна Кулекеновамен сұхбаттасқан едік…  

— Ресми статистикадан жылма-жыл өндірушілердің артып отырғанын біліп отырмыз. Олар, негізінен, қай азық-түлік түрін шығарады?

— Тамақ өнеркәсібінің бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласымен етене байланысты екені түсінікті. Сондықтан ең әуелі осы саладағы көрсеткіштерге тоқталсам, биылғы 4 айда 61,4 миллиард теңгенің  өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,5 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 12,6 миллиард теңге қаражат бөлінді.

Төрт түліктің саны жағынан да өсім байқалады. Атап айтсам, жылқы — 362,8 мың, түйе —23,9 мың, ірі қара —626,1 мың, қой мен ешкі 1 282,4 мыңға жетті.

Бүгінде облысымызда барлығы 100-ден астам ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорын бар. Тарқатып айтсам, 11 диірмен, 48 наубайхана, 5 макарон цехы, 11 сүт өңдеу зауыты, 7 шұжық цехы, 5 тұшпара цехы, 2 өсімдік майын өндіретін зауыт. Соның ішінде сүт өңдеубойыншақазіргі уақытта 4 зауыт — «Айс-плюс», «Молочные истории-А», «Мәртөк-сүт» және «Агрофирма «Тау» серіктестіктері жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы жылдық қуаттылығы — 68 мың тонна. Ет өңдеуге келсек, 11 кәсіпорын жылына 25,3 мың тонна өнім өндіреді.  Сондай-ақ 3 диірмен мен 4 макарон зауыты астық өңдеуге маманданса, өсімдік майы өндірісінде «Ақтөбе Фудс» пен «АКМЭЗ» компаниялары жыл сайын 36 мың тонна рафинадталмаған майын шығарып жүр.

Жалпы, өңірде қай өнім болсын, шығарылып жатыр. Әсіресе ұн өнімдерінің бәсі биік.

— Тамақ өнеркәсібінің өңдеу саласында мәселелердің барын естідік… Себеп қандай?

— Иә, сүт өңдеу бойынша жұмысы тоқтап тұрған кәсіпорындар бар. Өйткені бәсекелестікке сай емес. Қондырғылары тозған. Бұл өнімнің сапасына, шығу уақытына әсер етпей қоймайды.

Ет өңдеуде де қуаттылық жүктелімдер төмен болғандықтан, осыған ұқсас жағдай болып отыр. Материалдық-техникалық жағдай, сұраныстың төмендігі және айналым қаражатының жоқтығынан бұл астық өңдеуге де қатысты.

Негізінде, қайта өңдеу кәсіпорындарының көбі облыс орталығында орналасқан. Ет пен сүттің қайта өңдеу үлесіжеке қосалқы шаруашылықтың есебінен келеді. Ал Әйтеке би, Алға, Байғанин, Мұғалжар және Шалқар аудандарында сүтті қайта өңдеу цехтары мүлде жоқ. Мәртөк ауданында ет өңдейтін кәсіпорын болмағанмен, қайта өндеуге әлеуеті, яғни шикізат бар. Қобда, Ойыл және Темір аудандарында ет пен сүтті қайта өңдеу де атымен жоқ. Бұл мәселені шешу үшін жоғарыда аталған аудандардың даму ерекшелігін ескере отырып, қосымша қуаттылықтар бағытына байланысты құру қажет.

2021 жылдың мамыр айында «Наурыз Сим» серіктестігі Ырғыз ауданында Нұра ауылдық округінде балықты қайта өңдейтін цехты іске қосқан еді. Алайда қазіргі таңда бұның да жұмысы тоқтап тұр.

— Кәсіпкерлерге қандай мемлекеттік қолдау бар? Сондай-ақ саланың қаржылық әлеуеті туралы айтсаңыз.

— Облыстың қайта өңдеу кәсіпорындарына бірқатар мемлекеттік көмек көрсетіледі. Атап айтсақ, «Өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете өңдеп, өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы бойынша сүт өңдеу кәсіпорындарына биылсубсидия қарастырылды.

2025 жылдың 4 айында ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға 5,1миллиард теңге инвестициялар тартылды.

Аудандар бойынша жоспарлы көрсеткіштердің декомпозициясы бекітілді. 2025-2027 жылдарға инвестиция көлемін63,2миллиард теңгеге жеткізіп, 50 жобаны іске асыру көзделген. Айталық, осы жылы 16,5 миллиард теңгеге 14 жоба еніп отыр. Негізгі жұмыстар жылдың 4 тоқсанына жоспарланғанын айта кету керек.

Ірі жобалардың бірі — инвестиция көлемі 4,6 миллиард теңгені құрайтын«АЙС» компаниясының сүт-тауар фермасын кеңейту жобасы.

Бұдан бөлек Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша жеңілдетілген несиелеу ісі қолға алынды. 2023 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан аталған жобасы өз жемісін беріп үлгерді.

 

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Облыстық кәсіпкерлік басқармасының деректеріне сүйенсек, өңірде орта және шағын бизнес саласында 85 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, соның 135-і — тамақ өнеркәсібіне қатысты.

— Жасыратыны жоқ, бізге сырттан әкелінетін тағамның түрі көп. Импортқа тәуелділікті жою да өте қиын. Ал экспорт жайы қалай?

— Қазіргі таңда Ақтөбеде жасалған өнімдер Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан Әзірбайжан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай, басқа да елдерге саудаланады. Жалпы, облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарып отырған ірі кәсіпорындардың саны 15-тен асады. Олардың арасында мал шаруашылығы шикізатын экспорттайтын 4 кәсіпорын — «Ақтөбе ет кластері» серіктестігі (сиыр еті), «Арман М» компаниясы (сиыр еті), «Рамазан құс» компаниясы (тауық жұмыртқасы) және «Айбек АТК» серіктестігі (ет консервілері).Астық экпорттайтын 7 ірі кәсіпорын жұмыс жасап тұр: «Жайылхан»,«Зап КазАгро-трейд», «Батыс Агро Трейд», «Агро экспорт», «Агро Трейд», «СПДэн» және «Эко продукт» компаниялары. Сондай-ақ ұн мен макарон өнімдерін 2 кәсіпорын сыртқа саудалайды. «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты» мен «Рамазан элеватор» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өнімдері жақсы сұранысқа ие. Сол сияқты өсімдік майын шығаратын «Ақтөбе Фудс» және «АкМэз» компаниялары бар.

— Демалыс күндері сайын өткізілетін көрме-жәрмеңкелерге тоқталсаңыз. Әсіресе ауылдағы шаруалар мен зейнеткерлерге тиімді бастама аяқсыз қалған жоқ па?

— Жылдағы дәстүрге сай осы жылдың көктемгі маусымаралық кезеңіне облыс әкімі орынбасарымен кесте бекітіліп, 22 ақпан-31 мамыр аралығында сенбі- жексенбі күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізілді. Барлық қала және аудан тауар өндірушілері және ауыл шаруашылығы құрылымдарының қатысуымен 167 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, 652,1 миллион теңгеге 712,4 тонна өнім сатылды. Сауда және интеграция министрлігінің тапсырмасы бойынша әр өткізілген іс-шара туралы әлеуметтік желілерге хабарланып тұрды.

Жәрмеңке өткізудің басты мақсаты — өнімдерді нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен сатып, ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімдерін облыс тұрғындарына қолжетімділігін арттыру.

Бұл іс тоқтамайды. Көп ұзамай қайта жалғасады. Қосымша хабарлайтын боламыз.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button