Пилоттық жоба: 6 қала, 4 министрлік қолға алған жаңа модель

Кезекке қою процестерінің ашықтығын қамтамасыз етеді
1 маусымнан бастап cпорт, шығармашылық және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы қолға алынды. Жоба Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау қалаларында өтеді. Аталған жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секцияларды, шығармашылық үйірмелерді, қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді.
Жобаны төрт министрлік бірлесіп жүзеге асырады: Мәдениет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және Цифрлық даму министрлігі.
Қазір Ақтөбеде ата-аналар мен кәсіпкерлерге жаңа тәсіл туралы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ жүйені әзірлеу, мәліметтерді енгізу процестері жүргізілуде.Жобаның облыстағы бірыңғай операторы — облыстық білім басқармасы.
Біз пилоттық жоба туралы нақтырақ білмек ниетпен облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Асхат Ізбасармен сөйлескен едік. Сонымен…
12 санат, 3 бағыт
— Біздің облыста пилоттық жоба тек Ақтөбе қаласы бойынша жүзеге асырылады.
Жобаның басты артықшылығы — әділеттілікті қамтамасыз ететін бірыңғай кезек енгізіледі. Енді балалар 12 санат бойынша кезекке қойылады. Олардың арасында әлеуметтік осал топтағы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да бар. Мемлекеттік тапсырыс алғаш рет тұлғалық қаржыландыру қағидаты бойынша орналастырылады.Яғни ваучер енді ұйымға емес, балаға бекітіледі. Тағы бір ерекшелігі, жоба аясында алғаш рет «еркін таңдау» қағидаты енгізіліп отыр: баласпорт, шығармашылық және білім беру бағыттары арасында еркін ауыса алады. Қаржыландыру сақталады, ал қайтадан кезекке тұру талап етілмейді.
Қызмет ақысын мемлекет тек нақты көрсетілген сабақ үшін төлейді. Сабаққа қатысу цифрлық жүйе арқылы тіркеліп, ата-ана төлемді тікелей таңдаған үйірмеге жібереді. Мұндай тәсіл артық есептілікті болдырмай, үдерісті ашық әрі әділ етеді.
Айта кету керек, егер үйірме балаға ұнамаса, ата-ана ешқандай құжатты қайта тапсырмай-ақ басқа ұйымды таңдауына мүмкіндігі бар. Бұл ретте ваучердің күші жойылмайды. Керісінше, жүйенің икемділігін арттырып, баланың мүддесі мен қажеттілігін ескеруге жол ашады, — дейді Асхат Ізбасар.
Мемлекет жыл сайын балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға және қосымша білім беру бағдарламаларына қатысуын қаржыландырып келеді. Дегенмен тексерулер қорытындысында көптеген заңбұзушылық анықталған. Жаңа жүйенің мақсаты — осындай кемшіліктердіңалдын алу, болдырмау. Сонымен қатар балалар үшін қауіпсіз әрі сапалы орта қалыптастыру.
Тәжірибе ескеріліп, алгоритм жетілдіріледі
Асхат Ізбасардың айтуынша, барлық талаптарға сай келетін ұйымдар цифрлық платформа арқылы өздері өтінім бере алады. Арнайы комиссия тексеру жүргізіп, тізімге енгізу туралы шешім қабылдайды.
Бұл ұйымдарға жаңа мүмкіндіктер ашып, балалар үшін үйірмелер мен секцияларды еркін таңдауға жол ашады.
Облыста қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыру үш бағыт бойынша — білім беру, спорт және шығармашылық «Dara Bala» платформасы арқылы біріктіріліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр.
— Атамекен кәсіпкерлер палатасында 129 кәсіпкермен кездесу өткізіліп, пилоттық жоба түсіндіріліп, талқыланды.
Жалпы жаңа модель — тек техникалық жаңғырту емес, жүйені ашықтыққа, әділеттілік пен икемділікке бағытталған түбегейлі өзгеріс. Біз барлық мүдделі тараптардың ұсыныстарын ескеріп жатырмыз.
Пилоттық жобаның нәтижесінде барлық ұсыныс пен тәжірибе ескеріліп, алгоритм жетілдіріледі.
Айта кету керек, қазір ««Dara Bala» ақпараттық жүйесінде «Ваучерлік қаржыландыру» атты арнайы айдар ашылып, кәсіпкерлер мен ата-аналарға арналған толыққанды ақпараттар орналастырылды. Пилоттық жобаға қатысушылардың өзекті сұрақтарына жауап беру мақсатында «ТОП-50 сұрақ пен жауап» тізімі әзірленіп, аталған ақпараттық жүйеге жүктелді.
Пилоттық жобаның мақсаты — кезекке қою процестерінің ашықтығын және жетілдірілуін қамтамасыз ететін цифрлық экожүйені құру.Сондай-ақ балаларға арналған қосымша білім беру саласында қызметтер көрсететін ұйымға қабылдау, ваучерлер ұсыну және балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын, мемлекеттік спорттық тапсырысты және мемлекеттік шығармашылық тапсырысты біріктіру арқылы оларды автоматтандыру. Сонымен қатар көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, қызмет түріне және меншік нысанына қарамастан, балаларға арналған шығыстарды түпкілікті есепке алу.
Пилоттық жобаның мақсаты — тек қолжетімділік емес, сонымен қатар сапаны арттыру. Сабаққа күнделікті қатысу электронды түрде тіркеліп отырады. Барлық процесс «Dara Bala» бірыңғай платформасы арқылы автоматтандырылып, ашықтық пен сыбайлас жемқорлықтан қорғауды қамтамасыз етеді. Қазір бұл жүйе Ұлттық білім беру деректер базасымен (ҰББ) біріктіріліп жатыр, — дейді бөлім басшысы.
Оның айтуынша, ваучерлік қаржыландыру енгізілген кезде, мемлекеттік тапсырыс аясында үйірмелерге қатысып жүрген балалардың өз орындары сақталады.Балаларға қосымша білім беру (шығармашылық және спорттық бағыттар) бойынша бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі пилоттық жоба аясында олардың үйірмеге қатысуы үзілмейді.
Ваучер алуға 4 жастан 18 жасқа дейінгі, пилоттық жобаға қатысушы қалаларда тұратын балалар құқылы. Өтінішті баланың ресми өкілдері — ата-аналар, қамқоршылар, асырап алушы немесе патронат тәрбиешілер бере алады.
***
Ваучердің екі түрі бар:
Мақсатты ваучер — мемлекеттік мекемелердегі үйірмелерге кезексіз қатысу үшін;
Жалпыға арналған ваучер — жеке ұйымдардағы (үйірме, секция, курс) қызметтерге, мұнда кезек жас мөлшері мен отбасының әлеуметтік мәртебесіне қарай құралады.
***
Маңызды: әр балаға тек бір бағыт бойынша бір ваучер беріледі — ол спорт, өнер немесе кез келген қосымша білім саласы болуы мүмкін.
***
Қызмет көрсетушілерге (үйірме, секция иелері) келесі талаптар қойылады: қауіпсіз инфрақұрылым; санитарлық және өртке қарсы талаптарға сәйкестік; бекітілген білім беру бағдарламалары; білікті педагогтер.

Бос уақыт тиімді ұйымдастырылып жатыр ма?
Қазір өңірімізде мектеп оқушыларының 89,1 пайызы (165 495 бала) қосымша біліммен қамтылып отыр.Облыста балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 49 (оқушылар сарайы, академия — 3, Оқушылар үйі — 3, Балалар шығармашылық үйі, орталығы, кешені — 7, 11 балалар музыка мектебі, балалар өнер мектебі — 6, балалар көркемсурет лицейі, мектебі — 4, аула клубтары — 10, жас экологтар, туристер мен өлкетанушылар орталығы — 3, балалар техникалық мектебі — 1, ұшқыштар мектебі — 1) қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды.
Аталған білім беру ұйымдарында жұмыс жасайтын 953 үйірмеге 35 997 (21,8пайыз) бала қамтылып отыр. Оның ішінде 22725 бала — ақысыз, 13 272-сі ақылы үйірмелерге барып жүр. Ақысыз баратын оқушылардың 40 пайызы— арнайы санаттағы отбасылардың балалары.
Бүгінде 16 404 бала (білім — 5499, мәдениет — 5330, спорт — 5575) мемлекеттік тапсырыс негізінде жеке ұйымдардағы үйірмелерге барады.
Жаңа жүйені дайындау барысында әр облыстың, аймақтың өзіндік ерекшелігі мен шығармашылық, спорттық және білім беру қызметтеріндегі айырмашылықтар ескеріледі.
Жоспар бойынша пилоттық жоба келесі жылдың қыркүйегіне дейін еліміздің 6 қаласында — Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырауда толық енгізіліп болады. Бұл жүйеге қалған өңірлер кезең-кезеңімен көшеді.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



