«Таза Қазақстан»

Қоқыс жинап жарысты

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «JASYL CROSS —2025» экологиялық плоггингі өтті. Шараға 300-ге жуық адам қатысып, экологиялық акцияға үлес қосты.

Плоггинг — жыл сайын өтетін дәстүрлі шара. Шара барысында табиғат жанашырлары топқа бөлініп, қоқыс жинап жарысады. Талап — 40 минут ішінде қоқыс қаптарын толтыру.

Кірпішті елді мекеніндегі Махаббат тауында өткен шараға «Жасыл ел» еңбек жасақтарының штабы, белсенді жастар және еріктілер қатысты. Шараны ашқан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев қатысушыларға сәттілік тілеп, жастарды табиғатты аялауға үндеді. Жыл сайын плоггингке қатысушылардың саны артып келе жатқанын тілге тиек етті.

— Плоггингке 31 топ қатысып отыр. Әр топ 7 адамнан құралған. Неғұрлым көп қоқыс жинаған команда жеңіске жетеді. Жеңімпаз топтарға ақшалай сыйлықтар, мақтау қағаздары бар, — деді Әлімбек Тұралиев.

Атқарылған жұмысты бағалап, қорытындысын шығаратын арнайы комиссия құрылған. Оның құрамында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев, «Атамекен» жастар қоғамдық бірлестігі және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының төрағасы Нұржан Шаңғытбаев бар.

«Жасыл ел» еңбек жасағының V отрядының командирі Мерей Сембаева плоггинг өткізудің маңызына тоқталды.

—Плоггингке «Жасыл ел» еңбек жасақтарының бірлесе қатысуы өзара байланысты, достықты нығайта түседі. Меніңше, адамдар демалуға жиі баратын орындар көбірек ластанады. Ал бұл аумақта бөтелкелердің көп екенін байқадым. Бәріміз бірлесе осы аумақта шашылып жатқан қоқысты жинадық, — дейді М.Сембаева.

Экологиялық плоггингке қатысушылар 10 тоннаға жуық қоқыс жинады. Демеушілердің тарапынан жеңімпаз топтарға қаржылай сыйлықтар табысталды. Атап айтсақ, I орын алған «Көкжал» тобы 53 қап қоқыс жинап, 30 мың теңгеге ие болды. Ал 39 қап жинаған «Акацуки» тобы II орынды иеленіп, 20 мың теңге сыйақы алды.«Жалын» тобы 26 қап қоқыс жинап, III  орынға табан тіреді. Бұл топқа 10 мың теңге сыйақы берілді.

 Аружан СМАҒҰЛОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button