Мәдениет

Жақсы жылдар жалғасы

Әне бір жылдары баспасөз беттерінде «Жаныңда жүр жақсы адам» деген тіркес жиі қолданылатын. Кейде қатарлас жүрген қарапайым адамдардың көпшілік байқай бермейтін ізгі қасиеттерін сондай тақырыптар аясындағы әңгімелерден байқайтынбыз. Сол сияқты,  көп жыл қатар жүріп қызмет істеген, ағайын боп араласқан, бүгінгі күні құрметті еңбек демалысындағы зейнеткер, жақсы аға Жанша Қартбаев туралы жас ұрпаққа тәлім-тәрбие болсын деген ниетпен лебіз білдірсем деймін.

Сөз басында ұзақ жылдар бойы аудан кеңшарларында есепшілік қызметті абыроймен атқарған Жәкеңнің ұлт тарихына, тіліне, әдебиетіне деген жанашырлығы мен қызығушылығын айтсам деймін. Біз білетінде ол кісінің үйінде үлкен жеке кітапханасы болды, онда көпшілік қолына түсе бермейтін құнды шығармалар көп еді. Жәкең өмір бойы сол кітаптарға соншалықты құрметпен қарап, ұқыпты сақтап келеді. Ал немерелеріне Абай, Бердақ, Асау-Барақ, Шерхан деп ат қоюы ағамыздың кітапқұмар мінезінің, әдебиеттен сусындап өскенінің бірден-бір нәтижесі болар дейміз. Әрбір  есепші маман әдебиет пен  тілге, тарихқа осындай жақын болатын болса, қоғам көп кеселден тазарар еді-ау деп еріксіз ойлайсың. Жәкеңнің күні бүгінге дейін мерзімді баспасөзді де қалт жібермей қадағалап оқитынын көріп жүрміз. Бұл да көп жылғы қалыптасқан айнымас дағдысы.

Жәкеңнің жастық шағы зобалаң, ашаршылық кезеңге тап болса да, қиындыққа мойымай, қайта шыңдалып өсті. Жастайынан оқу-білімге алғыр Жанша мектеп бітірген соң, заманның қиындығына қарамастан, Алматы қаласына жол тартты. Сондағы халық шаруашылығы институтына түсіп, өз білімін одан әрі шыңдай түсті. Аталған оқу орнын бухгалтерлік-есеп мамандығы бойынша тәмамдаған ол еліне келіп, ауыл шаруашылығын көтеру жұмыстарына бел шешіп іске кірісіп кетті.

Еңбек жолын Шалқар ауданы Дамбар ауылдық кеңесінде хатшылықтан бастап, 1953-1956 жылдары әскер қатарында өз азаматтық борышын абыроймен атқарып шықты. Онда  взвод командирінің орынбасары қызметін атқарады. Әскердегі борышын атқарып келген Жанша 1957-1964 жылдар аралығында туған ауданындағы «Жаңа жол» ұжымшарында бухгалтер, бас бухгалтер, ал одан кейін «Шалқар» кеңшарында бас бухгалтердің орынбасары қызметтерін атқарған. 1966 жылдан бастап 1995 жылдың шілде айында зейнеткерлікке шыққанға дейін «Шалқар», «Айшуақ» кеңшарларында жиырма сегіз жыл бас бухгалтер қызметін атқарды.

Бухгалтерлік үздік қызметі үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан жылдық бухгалтерлік есебін мерзімді уақытында тапсырғаны үшін екі мәрте марапатталып, алғыстарына ие болғандығы сол кезеңнің талабына сай үлкен бір жетістіктер еді.

1972 жылы Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрі М. Моториконың бұйрығымен жақсы қызметі үшін Алғыс хатпен марапатталып, ақшалай сыйлығына ие болғаны және бар. Сонау сексенінші жылдардың қарсаңында Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінде «Айшуақ» кеңшары социалистік жарыстың жеңімпазы деп танылып, бас бухгалтер ретінде екі мәрте марапатқа ие болды.

Жәкеңнің қызмет істеген кезінде аты жақсы бухгалтер маман ретінде ғана шыққан жоқ, халық арасында, ағайын арасында да сыйлы болды. Жеңгелері халықтық дәстүрге сай атын атамай, «Бухгалтер» десе, келін біткен «Бухгалтер ағай» деп атады. Бұл да, бір жағынан, ағайын арасындағы құрметті көрсетсе, екінші жағынан, өз жұмысының үздік маманы болғандығының белгісі деп білемін. Ал, қоныс аударған сайын көшіп барған жаңа үйінің ауласына түрлі жеміс ағаштарын отырғызып, бау-бақшаға айналдыруы — ағамыздың көптеген қыр қазағынан өзгешелеу еңбекқорлығы, жаңашылдығы.

Жәкең зейнеткерлікке шыққасын бұрын қызметтен қолы тимей жүрген шаруасы — ата-баба шежіресін жинауға шындап ден қойды, ұзақ жылдарғы тынымсыз еңбегінің нәтижесін 2006 жылы «Nobel» баспасынан жарыққа шығарды. Әлім-Шекті ішіндегі Қабақтың Өмір аталығының шежіресі түгелделген бұл еңбектің алғы сөзінде ағамыз бүгінгі қазаққа қажетті қадау ойлар айтады.

Қызмет істеген жылдарында Жәкең Шалқар ауданының белгілі азаматтары Фахат Беркінбаев, Пиеш Хұсайынов, Жалғабай Ахметов, Өтеген Аманжолов, Бисенбі Көмекбаев, Аманғали Өтебалин, Халық Шитпанов, Аманғали Төлебаев, Алтынбай Орынбаев, Жаңабай Қобыландин және басқаларымен араласа жүріп, аудан экономикасының дамуына зор үлес қосты. Қызмет істеген жылдарында, жалпы осы кезге дейінгі өмірінде ағамыздың бір ауыз астам сөз айтқанын естімеппіз. Бойына біткен қарапайымдылық қасиет Жәкеңді әрдайым айналасына сыйлы етіп келеді. Қазіргі зейнетті шағында немере-шөберелеріне алақанының жылуын беріп, қадірлі ата атанып отыр. Елу алты жыл отасқан Бақытжан екеуінен өрбіген жеті бала, жиырма екі немере, төрт шөбере  қазірде бір қауым елге айналды. Елге сіңірген еңбегімен қадірлі аға бүгінгі күні сексен жастың сеңгіріне шықты. Өмірін қалың қауыммен сыйластықта мағыналы өткізіп келе жатқан Жәкеңе жақсы жылдарыңыз жалғаса берсін дегіміз келеді.

 

Жұмабай Омаров,

еңбек ардагері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button