Басты жаңалықтар

Шаһардың сәні — субұрқақ 

Жаздың жаймашуақ күндерінде ақтөбеліктер мен қала қонақтары субұрқақ жанында демалады. Шаһардың шырайын келтіріп, әсем көрініс сыйлайтын субұрқақтар аптап ыстықта тұрғындарға сая болатыны рас. Осы орайда қазір Ақтөбеде қанша субұрқақ бар? Олардың қаншасы жұмыс істеп тұр? Бұл туралы жауапты мамандармен тілдесіп, қала тұрғындарының да пікірін білген едік…

Абай гүлзарындағы: субұрқақ қашан іске қосылады?

Ақтөбе қаласында 1 мамырдан бастап 18 субұрқақ іске қосылды. Олардың дені саябақтар мен көрнекі орындарда орналасқан. Ақтөбе қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындарды алаңдатқан субұрқақ мәселесі биыл шешімін табуда. Мәселен, қазір соңғы 5-6 жылдан бері қосылмаған субұрқақтарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жаздағы ыстық күнде сая іздеген жұрт Абай атындағы гүлзардағы субұрқақтың құрғап тұрғанына наразы. Жалпы көлемі 700 шаршы метр алаңды алып жатқан әуенді субұрқақ 2016 жылы ашылған еді. 3 қазандықтан тұратын, соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған ерекше әуенді субұрқақ тұңғыш рет іске қосылғанда ақтөбеліктер ерекше қуанды. Қазір қаланың басты көшелерінің бірінде орналасқан бұл субұрқақтың күйі кеткен. Тұрғындар субұрқақтар құрғамай, уақтылы іске қосылса, қала сәнін келтіретінін айтады.

Мен осы маңдағы Тургенев көшесінің тұрғынымын. Биыл зейнеткерлік демалысқа шықтым. Уақытымды немерелерімнің тәрбиесіне арнаймын. Абай даңғылының бойындағы гүлзарда қала тұрғындары мен қонақтары үшін қуаныш сыйлайтын барлық жағдай жасалған. Балалар ойнайтын алаңдар мен ағаштар егілді. Әсіресе кешке қарай бұл гүлзарға келушілердің қарасы көп.

Қазіргідей аптап ыстық кезде көп қабатты үйлердің ауасы тар болатыны белгілі. Күн сайын қос немеремді ертіп, осы саябаққа әкелемін әрі өзім де демалып қаламын. Бірақ соңғы уақытта бұл жердің субұрқақтары жұмыс жасамай тұр. Субұрқақ — әрқашан қаланың сәні. Әлемде субұрқақтары мен дүниежүзіне әйгілі көптеген қалалар бар екенін білесіздер. Қаламызға келген қонақтарға да ерекше әсер сыйлайды. Сондықтан субұрқақ — жаз айларында уақыт өткізуге, демалып отыруға өте таптырмайтын дүние, — дейді Ажар Мұхамбетова.

Осы көшенің тұрғыны Ләззат Жолдыбаева да субұрқақсыз саябақтың сәні кеткенін айтады.

— Негізі, субұрқақтың саясында балалар демалғанды, ойнағанды жақсы көреді. Өзім бала күтіміне байланысты үйде отырғандықтан, күн сайын серуендеуге шығамын. Сондықтан балғындарымыз үшін осындай субұрқақтардың көбейгені дұрыс. Оның үстіне шілденің шіліңгір ыстығы басталды. Осындай сәтте нағыз керегі субұрқақтың көп болғаны. Қазір субұрқақтар жұмыс жасамай тұр. Жаз мезгілінің ортасына келдік, сонда бұл субұрқақ қай уақытта іске қосылады? Субұрқақ болса кішкене салқындап, балалар да мәз болып ойнайтын еді, — дейді ол.

Біз бұл мәселе туралы Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы Талғат Наурызовтан сұрап көрдік. Ол алдағы үш айдың ішінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталатынына сендірді.

— Абай гүлзарындағы субұрқақ ескірген. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары басталды. Ол үшін 201 миллион теңге қаржы бөлінді. Мердігер «Ювон Электро Строй» мекемесі үш айдың ішінде жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр, — деді Т.Наурызов.

Субұрқақта да қауіп бар

Былтыр қалада субұрқақтардың дені жұмыс істеген жоқ. Тек үшеуі ғана бірнеше айға қосылды. Ал Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақта жаңадан ашылған музыкалық субұрқақ бір жарым ай ғана жұмыс жасады. Айта кетейік, бұл субұрқаққа бюджеттен 454 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Биыл бұл  субұрқақ мамыр айынан бері жұмыс жасап тұр. Лазерлік және отты элементтері бар жаңа музыкалық субұрқақ саябаққа келушілерге ерекше әсер сыйлайды. Ол күн сайын кәдімгі субұрқақ ретінде іске қосылады. Ал отты және лазерлік шоуды қала тұрғындары тек екі күн демалыста түнгі сағат 22.00-де тамашалай алады.

— Жалпы, қаланы абаттандыру әрі ауаны ылғалдандыру мақсатында салынған субұрқақтың адамға пайдасы зор. Салқын субұрқақ саясында сейіл құрудың өзі бір ғанибет.
Орталық саябаққа күнде кешкілік серуенге шығамын. Бұл жақтың ауасы таза. Субұрқақ қосылғаннан бері жанға жайлылық сыйлайды. Балаларыма да осы жерге келіп, демалған ұнайды,
— дейді қала тұрғыны Гүлім Сақтағанова.

Қаладағы субұрқақтарды күтіп ұстау жұмыстарына жауапты «Green Connect Solution Kazakhstan» мекемесінің директоры Нұрбек Бақытов субұрқақтардың қосылатын өз уақыты бар екенін айтады.

— Біз қаладағы 19 субұрқақты күтіп ұстауды міндетімізге алдық. Жаз бойы қарап, бақылайтын боламыз. Ата-аналар да балаларына субұрқаққа түсуге болмайтынын түсіндірулері керек. Себебі оның жұмыс істеуі үшін электр сымдары жүргізіледі. Сондықтан бұл арада тоқ ұру қаупі бар. 

Субұрқақтардың барлығы күн сайын таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі 22.00-ге  дейін қосылады. Бірақ насос қызып кетпеуі үшін екі сағат қосып, бір-екі сағат сөндіріп отырамыз, —  дейді ол.

Расымен де, күнделікті субұрқақ жанынан, әлеуметтік желілерден де тараған видеолардан алаңсыз суға шомылып жүрген балаларды көреміз. Арасында күнге қыздырынып та қояды. Санитар дәрігерлер де субұрқаққа шомылу қауіпті екенін айтып, дабыл қағып отыр. Оның суы залалсыздандырылмайды, хаузы жиі жуылып-шайылмайды. Сондықтан да субұрқаққа шомылудан түрлі инфекциялық аурулар жұғуы мүмкін.

Екі ауданда субұрқақ ашылады

Бүгінде шаһардағы Кереев көшесінде, Қазақстан темір жолы басқармасының алаңында, «Нұр Ғасыр» мешітінің алаңында және «Taksim» кафесінің жанында субұрқақтар бар. Сондай-ақ Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионның алдында, «Ғашықтар» аллеясы мен 12-шағын аудандағы Халық банкі ғимараты мен облыстық сот алаңдарында, 101-атқыштар бригадасы көшесінде, Авиатор саябағында, Ақтөбе гуманитарлық колледжі аумағында, Шалқар аллеясында субұрқақтар істеп тұр. Сазды өзеніндегі қалқымалы субұрқақ пен «Astana» саябағындағы құрғақ субұрқақта бар. Сонымен қатар қаладағы Әбілқайыр хан мен Ә.Молдағұлова даңғылдарының қиылысынан да субұрқақты байқауға болады.

Талғат Наурызовтың айтуынша, осы аптаның соңына қарай тағы екі субұрқақ іске қосылмақ. Олар Болашақ және Тұрғындар қалашығы аудандарында орналасқан.

Бұдан бөлек Орталық саябақтағы сулы-жасыл гүлзардың жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын.

Әкімдік өкілдері субұрқақ айна­ласында серуендеп жүрген тұр­ғындардан тұрмыстық қо­қыс­тар­ды лақтырмауды сұрай­ды. Сондай-ақ бақылаусыз қалған балалар субұрқаққа шомылып жататын жағдайлар жиі кездеседі. Негізі, субұрқақтағы суға түсуге қатаң тыйым салынған. Сондықтан жаз мезгілінде ата-аналар бұған ерекше назар аударғандары жөн.

Ақбота БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button